Ернар, уақытыңыздың тығыздығын айтып сұхбатқа әзер мойын бұрдыңыз. Жалпы, айына қанша күн түзде жүресіз? Үйіңізде мүлдем болмайтын секілдісіз.
– «Жұлдыздар отбасы» журналына сұхбат бермегеніме де біраз уақыт болыпты. Сіздермен қайта қауышып отырғаныма қуаныштымын. Өнер адамы болған соң әр қалада концерт қойып жүремін. Ән жазамын деп, бірнеше күн студияда болатыным да бар. Сондықтан айына үш-төрт күн ғана үйде боламын. Кей кезде одан көбірек уақыт табуға тырысамын. Ондай кезде отбасым қатты қуанып қалады. Мен де сондай үзілістерде жанұяма барынша көңіл бөлуге тырысамын.
– Осындай тығыз графиктен шаршайтын кездеріңіз бола ма?
– Мен жұмыстан ешқашан шаршаған емеспін. Өйткені бұл менің сүйікті жұмысым. Мен өнерге ғашықпын. Жаным қалаған жұмыспен күні-түні айналыса берсем де, шаршамайтын шығармын. Керісінше, жұмыс істемей қалсам көңіл күйім болмай, өзімді қоярға жер таппай қаламын. Мұндай қарқынды жұмысты, ай сайынғы концерттерді осыншама жыл аңсап, армандадым емес пе? Құдай осы қарбалас жұмыстан айырмасын деймін.
– Жақында өнердегі ағаларыңызбен үлкен концерттік кешіңізді өткіздіңіз. Бұл сіздің көптен күткен концертіңіз болды. Солай ма?
– Бұл концерттің орны мен үшін тым бөлек. Мұндай концерт беру менің түсіме де кірмеген еді. Өнердегі ағаларыммен бірге ән айтсам деп қаншама армандадым. Кей түндерде осыны ойласам, ұйықтай алмайтынмын. Бұл мен үшін қол жетпестей көрінетін. Концертке қатысып, мені қолдап, атсалысқан ағаларыма үлкен алғыс айтамын. Ол кісілер маған баға жетпес тарту сыйлады. Қазақтың маңдайына біткен тарландарымен бір сахнада ән айттым. Бірге ән кешімді бердім. Дандайсып мақтанды демеңіздер, бірақ осы концертіммен мақтанғым келеді.
– Мұндай концерт беру идеясы қайдан келді?
– Мұндай концерт беруді туған ағам Талғат Айдаров ұсынды. Бәріміз Тараздан Алматыға жолға шыққан едік. Жол жүріп келе жатқанда ағам: «Ернар, өнердегі ағаларымызбен бірге концерт берсек қалай болады? Сен жолығып, бір ауыз сұрап көрсең қайтеді?» – деп өтінді. Осы идеяны естіп қатты қуанып кеттім. Содан соң ағаларымызбен жолығып, өз ойымды айттым. Ол кісілер сөзімді жерге тастамай, бірге концерт беруге келісті.
– Концерт алдында ағаларымыз қандай қолдау білдірді? Дайындыққа ол кісілер атсалысты ма?
– Ағаларым қолдарынан келгенше көмектесті. Сценарийге де араласты. Бірге дуэт айтатын әндерді де талқыладық. Одан бөлек, өз әндеріме де талдау жасадық. «Мына әнді былай айт, мына әнді орында» деп ұстаздық кеңестерін де аямады. Ең маңызды дүниелерге араласып отырды. Ол кісілердің де өз жұмыстары, жоспарлары бар. Сондықтан көп мазаламауға тырыстым.
– Бұрын Мейрамбек Беспаевпен дуэт айтуды армандайтыныңызды айтып едіңіз. Осы әнді бірге орындап тұрып қандай сезімде болдыңыз?
– Мейрамбек ағам кез келген әншімен дуэт айта бермейді. Ол кісімен дуэт айтқан әншілер санаулы ғана. Мейрамбек ағамен бір сахнада тұрып ән айту – үлкен мәртебе. Сахнада тұрған кездегі сезімді сөзбен жеткізе алмаймын. Қазақтың маңдайына біткен қоңыр дауысты үлкен әншіміз ғой. Басқа бір шетелдің атақты әншісімен дуэт айтсам да менде ондай сезім болмайтын шығар. Тіпті концерттің видео нұсқасынан осы дуэтті көргенімде ерекше сезімге бөлендім.
– Одан бұрын наурыз айында өнердегі аға буын – Ескендір, Алтынбек, Нұрғали ағаларымызбен концерт өткіздіңіз. Аға буынның ақ батасын алдыңыз. Ол кісілермен бірге ән салу қалай екен?
– Ешкім мені аға буынмен, аталарымызбен бірге дуэт айтады деп ойламаған шығар. Ең бірінші, қазақ өнерінің әкелерінен ақ бата алуды жөн деп шештім. Аталарымыздың шаңырағына барып, концерттік кеш өткізу туралы ұсыныс айттым. Ескендір, Алтынбек, Нұрғали атам риза болып, келісімін берді. Бастапқыда «Бұл кісілер мені біле ме екен? Сөзіме құлақ асар ма екен?» деп қобалжығаным рас. Сөйтсем, аталарым мені таниды екен. Менің шығармашылығыммен таныс екенін, мені білетінін айтқанда қатты қуанып кеттім. Ол кісілермен жұмыс істеу барысында өзіме үлкен тәжірибе жинадым. Аталарымның көрген-білгені көп. Жас әнші ретінде олардан кеңес алу – мен үшін мәртебе. Жалпы, әншілік жолымды бастаған кезде аталарымнан бата алсам деп ойлаған едім. Менің алға қойған мақсатым осы еді. Осы арманымның орындалғанына Аллаға шүкіршілік етемін. Енді шетелдің әншілерімен шығып жатсам, ешкім мені кінәлай қоймас.
– Жалпы, жас буынмен де, аға буынмен де сыйластығыңыз керемет. Әншіге танымалдылыққа қарамастан қарапайымдылығын сақтап қалу үшін не істеу керек?
– Әрбір адам жетістікке оңай жете салмайды. Дегенмен, өз пайдаң үшін біреуге қиянат етсең, біреудің көңілін қалдырсаң, алда мұның міндетті түрде өтеуі болады. Ондай адамның басында бақ ұзақ тұрмайды деп ойлаймын. Менің өмірімде бәрі әдемі, сәтімен бола қойған жоқ. Бүгінгі күнім үшін қаншама тер төгілді. Бұрын тек ағаммен жұмыс істедім. Қазір бір команда болып жұмыс істеп жатырмыз. Соның өзінде үлкен қиындықтар кездесіп жатады. Өзім бәріне оңай жете қоймаған соң ба, әр нәрсенің сұрауын білемін. Қарапайым жұмысшы да болдым, базарда жүк те тасыдым. Менің халыққа дандайсуға хақым жоқ. Себебі, мен де халықтың ішінен шыққан әншімін. Құдайдан бар тілерім, менің осы күш-қуатымнан айыра көрмесе екен.
– Кішіпейілділігіңізді жалтақтық, жағымпаздық, қорқақтық деп қабылдайтын адамдар бар. Оларға не дейсіз?
– Кішіпейілділікті ешкім қолдан жасай алмайды. Бұл – табиғи болмыстан, тәрбиеден бойға сіңетін дүние. Мен бар болғаны шынайы болуға тырысамын. «Мен танымал әнші екенмін» деп өтірік мұрын көтеріп, тәкаппарлана алмаймын.
– Қазір әндеріңіз бірінен кейін бірі шығып хитке айналуда. Ән жазарда оның хит болатынын сезіп тұрасыз ба? Ән таңдауда басты нелерге көңіл бөлесіз?
– Ойлап отырсам, ән таңдауда сезімталдығым бар секілді. Әннің келешекте қалай боларын ішкі түйсігім айтып тұрады. Өнерге ең алғаш қадам басып, Бауыржан Есебаев ағамыз маған «Жарығым-ай» әнін бергенде, бұл ән өзіме ұнамаған. Ол кезде менің ән таңдау талғамым жоқ, бұл әннің болашақта хит боларын түсінбеппін. Қазір біраз тәжірибе жинаған соң, әндерге талғамым өзгерді. Бірақ әнді шығару үшін қаншама еңбек керек. Кейде бір әнім екі-ақ сағатта дайын бола қалады, ал бір әнімнің өңделуіне жарты жыл уақыт кетеді. Әнге қатты назар аударамын, уақытымды аямаймын. Сазгерге де, аранжировкаға да, ақынға да өзім жүгіремін. Ағам ән таңдауда мүлдем араласпайды. Ол жағынан шешімді тек өзім қабылдаймын.
– Қазір сахнада биге қатты көңіл бөліп жүргеніңізді байқадым. Әр әніңізге хореография қоясыз.
– Әндеріме би қоюды әкем ұсынды. Ол кісі өзі жақсы билейтін адам. Маған: «Сен жассың. Сахнада тек ән айтып, қимылсыз тұрып қалғаның болмайды. Сен жақсы билеуің керек», – деді. Әкем дұрыс айтады. Әрине, жас кезімізде билемесек, қашан билеймін?! Менің өзімнің де биге құлшынысым бар. Әкемнің сөзінен кейін бимен тыңғылықты айналыса бастадым. Қимылдай алмайтын Ернар қазір жақсы билей бастады (күлді).
– Жуырда Роза апамыз сізге қатысты ауырлау пікір айтты. Бірақ сіз ол кісіге бірауыз жауап қатпадыңыз…
– Бұл дау журналистердің халыққа дұрыс жеткізбеуінен туындады. Жалпы, Роза апамыздың маған деген көзқарасы жақсы. Көре қалсам, үнемі амандасамын. Ол кісі де мені жылы қабылдайды. Сондықтан, бұл жағдайға сабырлықпен қарауға тырыстым. Мұны маған өмір үйретті. Өнер жолында қаншама еңбек еткен апа-ағаларымыздың сынын есту – маған құрмет. Енді бұл әңгіменің ары қарай ушыққанын қаламаймын.
Жұбайымды халық алдына шығармаймын
– Роза апамызбен қазір қарым-қатынасыңыз жақсы ғой? Ол кісіге ренішіңіз жоқ па?
– Ол кісіге ешқандай реніш жоқ. Роза апамыздың бұлай айтқанына ренжімеймін.
– Өнер әлемінде жұлдызыңның жарқырап жануы үшін демеушінің де атқарар рөлі зор. Айтыңызшы, сіздің ата-анаңыздан, ағаларыңыздан өзге демеушілеріңіз бар ма?
– Ең бірінші қолдаушым – Алла. Екінші, ата-анамның маған: «Балам, тек алға қарай самға» деген бір ауыз сөзі. Негізі, «өнерде қалтасы қалыңдарға ғана орын бар» деген пікір ауылдағы қаншама талантты жастың сағын сындырды. Бұл жаңсақ пікір. Бүгінгі жасөспірім балалар, шын мәнінде, бар нәрсе қаржыға тірелмейтінін түсінсе екен деймін. Мәселен, ән әлеміне енді ғана бет бұрған шағымда қалтамда ешқандай да қомақты қаржы жоқ еді. Жалғыз мен емес, өнерде жүрген өзге де аға-әпкелерімде де солай болды деп ойлаймын. Бәрі де ауылдан шықты. Тек тынбай еңбектенудің арқасында ғана бүгінде биіктен көрініп жүр. Сондықтан, өнерге келгісі келетін жас өскіндердің «демеушім жоқ» деп салы суға кетпесе екен деймін. Егер еңбектенсе, кез келген биікті бағындыруға болады.
– Жақында бойдақтықпен қош айтыстыңыз. Жарыңыз келіндік міндетін қалай атқарып жүр?
– Үйленген жақсы екен ғой (күлді). Келін түсіргенде барлық ата-ана қалай рахаттанса, менің әке-шешем де дәл сондай қуанышты күй кешіп жүр. Әкем де, анам да, мен де, ағаларым да, жеңгелерім де өте қуанышты. Бастысы, келін үйдегілерге ұнап жатыр.
– Жарыңыз сіздің гастрольдеріңізге үйренісіп қалды ма?
– Иә, жұмысыма және үйде көп болмайтыныма ақырындап үйренісіп жатыр.
– Келіншегіңізді ел көзіне көрсете бермейтін секілдісіз?
– Мен, негізі, жеке өмірімді жұмысыммен араластырғым келмейді. Тек көпшілікке өнерімді көрсетсем деймін. Жеке өмірім туралы көп сөйлегім де, жария қылғым да келмейді. Жұбайымды халық алдына шығармаймын. Ертіп те жүрмеймін. Ең дұрысы, үйде отырғаны жөн болар деп ойлаймын.
– Келіншегіңіз қандай мамандық иесі?
– Тіл маманы. Өзі өте сауатты. Орысша, ағылшынша, арабша біледі. Мінезі өте байсалды, салмақты. Мен, жалпы, сабырсыздаумын, қызба мінезім бар. Сондай кезде жарым сабырға шақырады. Оның осы мінезі қатты ұнайды. Бастапқыда «бірге сұхбат берейік, суретке түсіп Инстаграмға салайын» дедім. Бірақ өзі көпке жария болуды ұнатпайды. «Сіздің ісіңізге араласып қайтемін» деп, тартыншақтады. Маған «Сіз» деп сөйлейді. Қазір «Сен» деп айта бер десем де, үйрене алмай жүр. Қазір ауылда, ата-анамның қасында. Бастысы, жарыммен бақыттымын.
– Сүйікті жарыңызды ата-анаңыздың өзі таңдап бергені рас па?
– Жар таңдау өте маңызды нәрсе. Үйленген соң өміріңнің соңына дейін жарыңмен тату болуың керек. Осыны түсінген ата-анам өз баласына жамандық тілемейді деп ойлаймын. Әрине, бұл жерде ата-анасы таңдап әперіп, зорлап үйлендірді деген ой болмасын. Мен үйде еркемін. Осы жасқа дейін үйленбегеніме де осы еркелігім себеп болды. Ақыры, осы жылы үйлену бұйырды. Өзім отбасым жайлы көп айта бергім келмейді. Сол себепті, үнемі қысқа-қысқа жауап қайтарамын. Жарым жайлы да, мен оны «күйем, сүйем» деп айтудан аулақпын. Жарыма деген жылы сөздерімді, құрметімді тек өзіне ғана айтамын. Сондықтан менен жарым жайлы көп сұрай бермесеңіздер екен.
– Отбасылы болғаннан кейін жанкүйерлеріңіз азайып қалған жоқ па?
– Керісінше, отбасылы болғаннан соң жанкүйерлерім «отауың құтты болсын!» деп керемет сыйлықтарымен келіп жатыр. Үйленгеннен кейін концерттеріме де көрермен көп жиналды, зал лық толы болды. Бұл да соған байланысты деп ойлаймын. Тыңдарманның азайып, көбеюі әншінің еңбектенуіне тікелей қатысты.
– Қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз? Хоббиіңіз не?
– Менде нақты бір хобби жоқ, қолым тисе кітап оқимын, кейде жолға шыққанда жақсы кітаптарды алып жүремін. Қазір «Абай жолы» романын аяқтап қалдым. Одан кейін тарихи кітаптарды оқысам ба деп жүрмін. Шыны керек, уақытымның көбін өнерге жұмсаймын, ән тыңдаймын, терме жаттаймын. Қосымша домбыра үйреніп жүрмін.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ