– Жұлдыз, әлеуметтік желілердегі отбасыңызға қатысты пікірлерді оқып жүрсіз бе?
– Әлеуметтік желіде отбасымызға бақыт тілеп жатқандар да, қарғап жатқандар да бар. Бірақ біз туралы пікірсіз қалған адам жоқ шығар, халық екіге бөліп талқылады. Бірақ пікірлер арасында өзім үшін жақсы лебіздерді, тілектерді ғана оқып отырамын. Бақыт тілеп жатқан халыққа рақмет айтамын. Кейбір оқырмандар «Өзгенің көз жасына қалудан қорықпайсың ба?» деп қатты сөздер де айтып жатыр. Мен бұл тұрғыда ештеңе дей алмаймын. Бұл – өмір. Өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Біз алдымызда не болатынын болжай алмаймыз ғой. Егер шынымен, көз жасқа қалатын болсақ, менің де көз жасыма қалған адамдар бар.
– Енді әлеуметтік желіге отбасыңыздың, балаңыздың суретін салатын боласыз ба?
– Инстаграм парақшама қалай өмір сүріп жатқанымызды салдым. Отбасылық суреттерді күнделікті жүктеуге тырыспаймын, көрсеткім де келмейді. Біз қазір біргеміз, осымен бәрі түсінікті.
– Әлеуметтік желіде ұлдарыңызды таныстырдыңыздар. Санжар кімге ұқсайды?
– Кішкентай күнгі фотомызға қарасақ, Санжар Айқынға ұқсайды. Ал мен кішкентай кезімде мүлдем басқаша болғанмын. Көзі де өзі де Айқынның өзі.
– Санжар деп атын кім қойды?
– Есімін әкесі өзі қойды.
– Қазір немен айналысып жатырсыз? Жеке би тобын ашқаныңыз рас па?
– Бастапқыда әнші қыздардан топ құрғым келді. Үш қыздан құралған трио жасамақ болдым. Кішігірім тыңдалым да жасап көрдім. Бірақ іріктеуге келген қыздардың түр-келбеттері, бойы, дауысы жарасқан қыздарды таппадым. Одан соң киім тігіп, дизайнерлікпен айналысуды да ойладым. Бірақ бұл қаржы жағынан тиімсіз болды. Сөйтіп, ақыры мерекелік шараларда билейтін биші қыздар тобын құрдым. Қыздарға да көп қаражатым кетті. Костюм, хореограф ақысы, қойылым ұйымдастыру дегендей. Оның үстіне қыздардың өз жалақылары бар. Болашақта бұл еңбегіміз жемісін берер деп үміттенемін.
ntk.kz сайтынан алынды
Дайындаған Айнұры ЕСЕНҒАЛИ