– Экономика министрі Тимур Сүлейменов 7 қыркүйек күні доллар 375 теңгеге көтерілген кезде, министрліктің болжамы бойынша доллар мұндай бағаға көтерілмеу керек, бұл «психологиялық» өсім деген еді. Сіздіңше қалай?
– Менің де пікірім осыған саяды. Ол кісімен келісуге болады. Биылғы жылдың басында доллар бағамы шамамен 318-320 теңге болғанда, бұл өте төмен баға деп айтқан едім. Елдің экономикалық жағдайына қарай отырып болжам жасағанда, доллар 340-360 теңге көлемінде болу керек еді. Кейіннен сауда соғысы басталып, Ресейге салынған санкциялардың әсерінен әлемдік экономикалық жағдай өзгере бастады. Менің ойымша, Ресей тарапына жасалған санкциялар біздің экономикамызға да тікелей әсер етеді (2014-2015 жылдардан бастап салыстырғанда). Рубль құлдыраған сайын теңге де құлдырай түседі.
– Ресей тарапына бағытталған санкциялар жалғасын тауып, көрші елдің экономикасы құлдырай беретін болса, теңгенің бағамы қалай болмақ?
– Ол екі нәрсеге байланысты: биліктің әрекетіне және психологияға. Биліктің әрекетіне тоқталатын болсақ, олар үшін Ресейдегі ахуал – ыңғайлы дүние. Мүмкін, өз сөзіме өзім қарсы келетін болармын, бірақ өкінішке қарай, «Ресейде жағдай нашар болса, бізге де оңай соқпайды» деу – жалтаруға таптырмас құрал. Дегенмен бізде қандай жағдай орын алмасын, оған кінәлі өзіміздің билік. Бізде нақты бір экономикалық жетекші жоқ, ахуалды қолмен реттемейміз, бәрі бір ізбен ғана жүре береді. Экономиканы қалай нығайтамыз деп жоспарлы әрекет жасамаймыз. Халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуі жүйенің шашыраңқылығынан, қарекетсіздігімізден. Билік экономикадағы тұрақсыздықтан тұтанған шоқтарды жауып әлек. Бірақ оттың алдын алу, өртті сөндіруден әлдеқайда оңай екендігін ескермей отыр. Алдын алу амалдары бар, бірақ билік болып жатқан оқиғаға көз жұма қарауда. Осындай бүркемелеулердің кесірінен бізде девальвация орын алды.
– Біз қандай жағдайға дайын болуымыз керек? Бұдан да күрделі мәселелер туындайды ма?
– Теңге бағамы 385-ке дейін көтерілді. Менің болжамым бойынша теңге бағамы жылдың аяғына дейін 360 теңге мөлшерінде болмақ. Плюс-минус бес теңге. Ал келесі жылы доллар теңгеге шаққанда 380-390 теңгеге көтеріледі деп ойлаймын. Осындай проблемалар орын алатын болады, өйткені бізде билік пен серіктестерді бөліп қарай алмайсың. Барлық шешімді билік халықтың емес, үлкен серіктестерінің ыңғайына қарай шығарады. Шешімдердің барлығы макроэкономикалық проблемаларды шешуге бағытталған, олардың ішінде ірілерінің иесі – бай адамдар. Біз күзде жасырын девальвацияны өткердік. Кез келген девальвация сатып алу жүйелеріне және халықтың ресурстарына бағытталады.
Қазір қосалқы қорда қаражат жоқ, билік ұлттық қордан қаржы алып жатқандығының куәсіміз. Билік алдымен, зейнетақы қорынан қаражат алып бастады, кейіннен медициналық сақтандыру қорын пайдаланды. Алдымен, ұлттық қордың не үшін құрылғанын анықтап алсақ? Ол негізінде болашақ ұрпақтың қазынасы, ал оны билік бүгінгі күнімізге пайдалануда. Біз қазір өзіміздің балаларымызды ғана емес, немере, тіпті шөберелерімізге дейін қарызға батырдық.
– Қазір мұнай бағасы қымбаттағанымен, неге мемлекеттік табыс өспей отыр?
– Мемлекет өсім жүйесінде өмір сүруі керек. Біздің жалпы табысымыз шығынның жартысын ғана жабады. Мысалы, біздің биылғы жылдық шығынымыз – 11,2 трлн теңге, ал кіріс – 10,6 трлн. 5 трлн салықтан түскен. Қалғаны – тасымалдан, жалға беруден және қарыздардан түскен табыстар. Сонда кіріс шығынның орнын толтыра алмайды. Нәтижесінде, құлдырау орын алуда. Бізде өсім жоқ, онымен қоса мән-мағынасыз мемлекеттік шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар ешқандай нәтижесі жоқ ИИДМ бағдарламаларына қаржы аударамыз. Қаншама зауыттар салдық, олар табыс әкеліп жатқан жоқ, әлі де қосалқы қаржы құюды қажет етеді.
«Самұрық – Қазына», «Бәйтерек» секілді мегаструктуралардың уақыты өтті, оларды ұстап отырудың ешқандай қажеті жоқ. Оларды нарықтық ортада жұмыс жасату керек. Орталықтандыру теориялық тұрғыдан жақсы болып көрінгенімен, олар тек шығынды көбейткеннен басқа пайда әкелмейді.
Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің ең жоғарғы кезеңін білесіз бе? Ол уақытта біздің экономикамыз нөлден бастап қарқынды өсіп отырды. И.Тасмағамбетов Премьер-министр болып тұрған шақта ол көрсеткіш 13%-ға дейін жетті. «Жекешелендіру» туралы заң дамуға серпін қоса түсті. 1999 жылғы экономикалық құрылымды алып қарайтын болсақ, табыстың 85 пайызы жеке секторлардың есебін құраса, 15 пайызы мемлекеттің үлесінде болған.
Жерді жалға беру арқылы ешқандай қаржы тауып жатқан жоқ
– Қазір жағдай қалай көрініс алады?
– Қазір мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың үлесі 60-70%-ды құрайды, небәрі 30%-ы ғана жеке секторларға тиесілі. Бұл дегеніміз – экономикалық құрылым жартылай мемлекеттік болды деген сөз. Алайда мемлекет экономикалық активтерді мұнайдан түскен табыстармен ұстап тұр. Көріп тұрғандарыңыздай, мемлекет – ол өте нашар кәсіпкер.
Қазақстанның өзінің ішкі инвесторлары жоқ, олардың көбісі шағын кәсіпкерлер болуы керек еді. Негізінде инвесторлардың 80 пайызын мемлекеттік кәсіпкерлер, 20 пайызын шетелдіктер құрауы керек еді. Бізде ол көрсеткіш керісінше болып тұр. Халықта ешқандай ақша жинайтын жинақ қоры жоқ. Бұл дегеніміз – қаржылық, саяси, сыртқы экономикалық тәуекелге бару. Мұндай жағдай біздің саяси және экономикалық жүйемізге тұрақсыздық әкеледі.
– Өзге де дамушы елдерде қаржы айналымы біздікіндей тұрақсыз. Әлемде доллар бағамының қымбаттауына қарсы шаралар жасап, өзге елдерге үлгі болып жатқан мемлекеттер бар ма?
– Ондай мысалдар өте көп. Біз мұндай жағдайды бұрын да бастан өткізгенбіз. Мысалы, тарихқа көз салсақ, алғаш Тәуелсіздік алған кездерді еске түсіріп көріңізші, 90 жылдары қандай едік?! Кейбір америкалық эксперттердің болжамы бойынша мемлекет біржола жойылып кетуі керек еді. Бірақ біз үлкен мемлекет құра алдық, экономикамызды көтердік. Бүкіл халық жұмыла отырып, Елбасының басқаруымен сондай төмен жағдайдан алып шықтық. Менің жеке пікірім бойынша сол кезде бізді «Жекешелендіру» заңы сақтап қалды. Мүлік санатын енгізді, тиісінше барлық мемлекеттік мүлік жекенің иелігіне өтті. Жеке кәсіпкерлер ел экономикасына айтарлықтай өзгеріс енгізді. Айтпақшы, Малайзияда осындай қиындықтарды бастан кешірді. Оларда біздікіндей мүмкіндік болған жоқ, сонда да олар ХҚҚ-дан ақша алмай-ақ күресе білді.
Бізге 2007 жылдан бастап, бүкіл әлемді экономикалық кризис қысуда деп әр кез айтып отырады. Шын мәнінде ешқандай кризис жоқ. Кәдімгі әлем экономикасында әр жылда орын алатын уақытша процесс қана бар. Экономика әр кез дамып, жаңғырып отырады. Өкінішке қарай, бізде даму жоқ, керісінше құлдырау бар. Бұл ұзақ уақытқа жалғаса алмайды. Билік әр кез экономикалық оқиғаларды уақытша жалтара тұрудың амалдарын ғана қарастырып келеді. Мәселені қалай дегенмен де түбінде бір шешуің керек қой, бірақ ол кезде әлеуметтік шығынның көлемі мүлдем өсіп кетеді. Өкініштісі, біз соған қарамастан уақытымызды жоғалтып жатырмыз.
– «7–20–25» бағдарламасы қаншалықты қолайлы?
– Менің ойымша, бұл бағдарлама керек. Өйткені үлкен әлеуметтік аспектіні қамтып отыр. Осы тұрғыдан алып қарағанда, мұндай бағдарламалардың болғаны дұрыс. Дегенмен барлық адамды бірдей үймен қамтамасыз ете алмайды. Өзінің әу бастан есептеген шарттары бар. Қалай дегенмен де бұл бағдарлама жалғасын табуы қажет. Баспана дегеніміз мемлекеттің дамуында ең басты әлеуметтік реттеуші фактор болып есептеледі. Көптеген адамның басты мәселесі – тұрғын үй. Үйсіз-күйсіз адамның ішінде бәрібір қыжылы болады. Ал үйі бар болса, әсіресе жас отбасылар жаңа өмірге нық қадам баса алады. Елімізде мұндай бағдарламалар көп. Дегенмен оны іріктеп, біраз жетілдіру қажет. Ұзақ мерзімге бөліп төлеу мүмкіндігіне ие жеке кәсіпорындар да бар, олардың пайыздық үстемесі жоғары. Халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» де көптеген бағдарламалар ұсынады. Пайыздық мөлшері тұрғысынан алып қарасақ, «Тұрғынүй құрылысжинақбанкінің» ұсыныстары жеңілірек.
– Халықтың орташа айлық мөлшері 200 мыңды құрайды дейді. Шын мәнінде, олай емес қой. Сіз не дейсіз?
– Бұл – орташа айлық көрсеткіш тұрғысынан шығарылған көрсеткіш. Біреудің айлығы 50-60 мың теңге, енді біреуінікі 600-700 мыңды құрайды. Барлық табыс иелерінің ортақ шешімін шығарғанда осындай көрсеткіш көрсетіп отыр. 162 000 – өте төмен баға. Қалыпты өмір сүру үшін одан жоғары қаражат қажет. Бұны экономикалық көзқараста да нақты байқай аламыз. Былтырғы жылы «Халық Финанс» зерттеулер жүргізіп көрді, 2014 жылы орташа айлық көрсеткіш 137 000 теңгені құраса, 2017 жылы 167 000 теңгені құраған. Ал енді күнделікті тұрмыстық қажеттілікті қамтамасыз етуге 137 000 теңге 167 000 теңгеге қарағанда әлдеқайда жеткілікті болған. Ал енді соңғы уақытта барлық күн көріске қажетті заттардың бағасы артқанын ескерсек, күнделікті отбасыны қамтамасыз етуге, басқа да қосалқы шығындарды жабуға 162 000 теңге аздық етеді.
– Жерді шетелдіктерге жалға берудің қаншалықты пайдасы бар?
– Мен мүмкін, кейбір адамдардың пікіріне қарсы келермін, дегенмен біздің елімізде жерді жалға беру арқылы ешқандай қаржы тауып жатқан жоқ. Жерді табыс көзі ретінде дұрыс пайдалана білетін болсақ, онда елдің экономикасы әлдеқайда қарқынды түрде дами түсетін еді. 1992 жылы жекешелендіру туралы заң шыққанда тұрғын үй нарығы пайда болды. Оған дейін бізде үй сатып алу мүмкіндігі болған жоқ. Айырбас немесе бірлескен тұрғын үйлер ғана болатын. Жекешелендірудің нәтижесінде,елдің экономикасы едәуір алға жылжыды. Ал енді жерді игеру мәселесіне тоқталсақ, бұны назарға алу керек. Қазіргі таңда бізде жердің игерілу көрсеткіші өте төмен. Статистикалық ақпаратқа сүйенер болсақ, Кеңес уақытында Қазақстанда шамамен 42 миллион гектар жер игеріліп, өнім алынса, қазір ең жоғарғы көрсеткіші 20-22 миллион гектардан аспай отыр. 1980 жылдардың соңымен салыстырғанда екі есеге төмен көрсеткіш. Қазіргі уақытта жерді игеруге өзіміздің мүмкіндігіміз жетпейді. Осы тұрғыдан алғанда, жерді жалға беру қажет. Бірақ жалға берудің шарттарын дұрыс ойластыру керек. Негізінен, жерді үй, көлік, зауыт, фабрика секілді тауар ретінде пайдалануға мүмкіндіктер жасалса жақсы болар еді. Сонда ғана жерді игеру жылдам қарқын алар еді. Жерді зауыт, фабрика секілді тауар ретінде қолдану өркениетті елдерде әлдеқашан бірізге қойылған. Елдің өркениетіне қажетті негізгі факторлардан қаржы қоры пайдаланылуда, жұмыс күшін пайдалану жақсы дамып келеді, ал енді жерді тауар ретінде қолдану кенже дамуда.
Сұхбаттасқан Сандуғаш ТҮСЕН
(«Жұлдыздар отбсы» және «Аңыз адам журналы»)