Бішкектегі митингіде ұсталып, тәртіп бұзу жөніндегі жаңа кодекс негізінде айыппұлмен жазаланғандар сотқа шағым түсірді деп хабарлайды Азаттық тілшісі
17 қаңтарда «Ала-Тоо» алаңында Қырғызстандағы Қытай мигрантарына қарсы наразылық шарасында ұсталып, 3000 сом айыппұлмен жазалған 21 адамның үшеуі Бірінші май аудандық сотына арызданды. Аудандық милиция басшысы айыппұлды тәртіп бұзу жөніндегі жаңа кодекске сүйеніп салғанын айтқан.
2019 жылдың басында Қырғызстанда қылмыстық кодекс өзгеріп, милицияларға айыппұл салуға құқық беретін ереже қабылданған.
Жазаланғандардың бірі «Қырғыз шоралары» бірлігінің мүшесі Бакытбек Нуралыулы милицияның сот шешімінсіз айыппұл салғанына наразы.
«Жаңа кодекс шықты деп жатыр. Бірақ жаңа кодекс бойынша милиция айыппұл сала берсе онда соттың не керегі бар? Біз демократиялы, заңмен жұмыс істейтін мемлекетте өмір сүреміз бе? Аудандық милиция басшысы ешқандай дәлелі жоқ болса да адамдарды айыпқа жыға бере ме?» дейді ол.
Арызданушылардың тағы бірі Нурбек Жакыповтың сөзінше, тәртіп сақшылары «айыппұлды бір айдың ішінде төлемесең, өсе береді» деген.
Белсенділердің арызын аудандық сот қашан қарайтыны әзірге белгісіз.
Ал Бішкек қалалық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Эрлан Атантаев наразыларға «митинг уақыты өткеніне қарамай авто жолдарды жауып, кедергі келтіргені үшін» айыппұл салынғанын айтқан. Ол «бұл жерде заң бұзылмады. Ұсталғандарға қорқыту, қысым болған жоқ. Айыппұлмен келіспесе, сотқа арыздануларына құқығы бар» деген.
17 қаңтарда Бішкекте Қырғызстандағы Қытайдан келген мигранттарды елден шығаруды талап еткен жүздеген белсенді наразылық шарасын өткізген. Акцияға шыққандар талаптарын хатқа түсіріп, депутаттарға тапсырмақ болған. Бірақ парламентке барған оларды милиция ғимаратқа кіргізбеген. Кейін милиция ондаған адамды ұстап әкеткен.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігі консулдық департаментінің директоры Алмаз Иманғазиев алаңға келіп, «елдегі Қытай мигранттарының барлығы заңға сай жұмыс істеп жүргенін» айтқан.
17 қаңтарда Бішкекте наразылыққа шыққандардың талабы:
- Қытайдан келетін еңбек мигранттарына берілетін квотаны азайту.
- Төлқұжатқа «ұлты» деген бағанды қайта жазу.
- Белсенділерді қудалауды тоқтату.
- Қырғыз қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуына тыйым салу.
- Жогорку Кенеш депутаттарының санын азайту.
Ресми Бішкек белсенділер талабына қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.