Омар аға, сіз ұлтымыздың рухани әлеміне терең үңіліп, отбасы құндылықтарын зерделеп жүрген жансыз. Ал өзіңіз қандай отбасыдан өнеге алып өстіңіз?

  • Мен 1966 жылы 12 жолтоқсанда Қарағанды обылысы Нұра ауданының Маржанкөл ауылында көпбалалы отбасында өмір есігін аштым. Меніңше, кез  келген жанның жеткен жетістігі мен алған асуы отбасына тікелей байланысты. Сондықтан халқымыз «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны аласың» деп тегін айтпаған. Мен балалық шағымда ең алғашқы өмір мектебін ата-анамның тұла бойынан оқып өстім. Әкем Жәлел Темірбекұлы да, анам Орынтай Мұқашқызы да оқыған-тоқығаны бар сауатты адамдар еді. Біз – әкеден туған алтаумыз. Бибіғайша, Ажар  атты әпкелерім, Асқар, Ақан атты ағаларым, Ләйла есімді қарындасым бар. Әкеміз бізге, шындығында, асқар тау, алып қорған бола білді. Ол кісі домбыра тартып ән салатын, суырыпсалма өлеңші, жатыпатар сөзшең еді. Сонымен қоса, аңшылығы да бар болатын. Саятқа шыққанда бізді қасынан тастамайтын. Қасына ертіп қана коймай, сонымен бірге қалай аң аулауды, қалай мылтық атуды да үйрететін. Оның үстіне тым еңбекқор кісі еді. Ал анамның қолынан өмірінің соңына дейін кітап түскен емес. Ол кісінің ең сүйікті ісі кітап оқу болатын. Мен Қарағандыда мемлекеттік университетте оқып жүргенде, анама хабарласып: «Сізге не ала барайын?» – деп сұрайтынмын. Әдетте ондай кезде әйелдер «Қант не жаулық ала кел» демеуші ме еді?! Алайда анам маған «Ештеңенің керегі жоқ, тек кітап ала келсең болғаны» дейтін. Мен біліп тұрсам да анамнан: «Сізге қандай кітаптар керек?» – деп сұрайтынмын. Сонда анам: «Маған махаббат жайлы жазылған  кітаптар әкелесің ғой», – деп күлетін. Сонда әкеміз: «Саған қартайсаң да, махаббат керек», – деп әзілдейтін. Менің бойымдағы махаббатқа деген құштарлық, ғылым-білімге деген махаббат сол анамның қасиетінен дарыса керек. Өйткені Абай атамыз: «Баланың ғылым-білімге деген махаббатының оянуының үш себебі бар, соның бірі хауас сәлім һам саулық, осы үшеудің екеуі туысынан болады», – дейді. Ал сол «хауас сәлим» деп отырғаны – толық сезім. Былайша айтқанда, бала өмірге келгенде, оның ішкі каналдары ашылып туылуы керек. Сонда бала ғылым-білімге барынша құштарланып өседі. Ал Мәшһүр Жүсіп атамыз «Меңіреу әйелден меңіреу бала туады» дейді. Ал Құранның Бақара сүресінде «Олардың көздері бар, көрмейді. Құлақтары бар, естімейді. Алла Тағала олардың жүрегіне мөр басқан» делінеді. Егер бала өмірге ішкі каналдары жабылып туса, оны қанша оқытсаң да – бәрібір. Менің жастайымнан ғылым-білімге талпынуыма туабіткен қасиеттерім мен отбасымыздағы құндылықтар үлкен әсер  етті. Шындығында, ата-анамыздың тәлім-тәрбиесі бізді осы күнге жеткізді.  Сондықтан ата-анама шексіз алғыс білдірумен келемін.
  • Кітапты алты жастан өзіңізге өмірлік серік етіпсіз. Сіз сонда мектепке бармай жатып сауат ашып үлгірдіңіз бе? Ең алғаш парақтаған сүйікті кітаптарыңыз жайында айта кетсеңіз?
  • Мен мектепке бармай жатып, төрт-бес ай дайындық курсын оқыдым. Сонда бізге әкемнің жақын досы – Балтан Ысқақұлы деген ұстаз әліппе үйретті. Ол кісі аты алтын әріппен жазылатын шын мәніндегі ұстаз еді. Ұстазымыз, қашан көрсеңіз де,  көзіне көзілдірігін тағып, жымиып күліп, жылы қарсы алып тұратын. Оның үстіне жаны мейірімге толы ізгі адам еді. Ешқашан дауыс көтермейтін, еш балаға ұрыспайтын. Қазіргі ата-аналар: «Біздің балаларымыз кітап оқымайды», – дейді. Ал шын мәнінде, бұл – өте үстірт айтылған, білімсіздіктен   шыққан  сөз. Өйткені Абай атамыз 38 қарасөзінде: «Ешқандай бала өз бетімен ғылым-білімді іздеп таппайды. Оны не алдаумен, не зорлықпен үйір қылу керек. Өзі іздегендей болғанша», – дейді. Сол үшін ұстаз болған жан балаларды білім іздеуге қызықтыра білуі тиіс. Біздің сол Балтан ұстазымыз бар баланы оқуға ынталандыратын. Бір күні қалың қара домалақ балалар отыр едік, ұстазымыз келіп: «Балалар, біз әліппені тамамдадық, енді кітап оқуға кірісеміз. Бірақ бізде кітап жоқ», – деп бәрімізді ынтықтырды. Қазақта «қорыған жерге ит пен бала өш» деген сөз бар емес пе? Кітап жоқ деген сайын, біз бәріміз: «Кітап оқимыз», – деп  шуладық.  Ол енді балаларды ынталандыру ғой.  Ақыры біз оқитын жалғыз кітап табылды. Ал мен  сол кітапты тұңғыш оқу құрметіне  ие болдым. Ұстазым алға шығарып, қолыма  кітап ұстатқанда төбем көкке жеткендей масайрадым. Дәл сол күні көлік апатына ұшырап аудандық ауруханада алты ай жатқан әкем үйге оралған болатын. Қуанышымда шек жоқ,   кітабымды қолыма алып  үйге қарай жүгірдім. Үйге жетіп, әкемнің бауырына тығылып мауқымды басқаннан кейін,  кітап оқуға кірістім. Әлі есімде, ол пышақтың қырындай ғана «Бозторғай» деген кітап болатын. Сол кітап мені сырлы әлемге алып кірді. Сол бозторғай мені шырылдап оятып, рухани әлемге үңілдірді. Сөйтіп, менің ұстазым Балтан Ысқақұлы мені ақырын алдап, ұрмай-соқпай, кітап әлеміне кіргізіп жіберді.

  • Сіздің ғажайып сөйлеу мәнеріңіз мені тәнтті етті. Осыншама шұрайлы тілді қайдан үйрендіңіз?
  • Бала кезімде анам таңғы сағат төрттерде сауынға кететін. Сосын сағат тоғызға таман үйге оралып, самаурынға шай қайнататын. Анамның самаурыны қайнай бере үйге топырлап көрші әйелдер келетін. Олар шай іше отырып әңгіме дүкен құратын. Ол әңгімелерге құлақ түрсең, ғажайып әлемге кіргендей күй кешетінсің. Сондықтан мен оянып алсам да, сағаттап әңгіме тыңдап, тырп етпей жататынмын. Ол кісілер әңгімені қандай әдемі айтатын еді!.. Тіпті небір кестелі тілмен көмкеріп айтып, үйіріп сөйлейтін еді. Шай ішкім келгенімен, аналарымыздың әңгімесі шайдан да тәтті болатын. Маған сөз саптау сол аналардан дарыды. Мен  өзімнің сөздік қорымдағы жиі айтыла бермейтін сөздерді, өзге де мақал-мәтелдерді сол аналардан үйрендім. Кезінде Мәшһүр Жүсіп бамамыз: «Қазіргі  қазақтың тілі қатындарда қалды», – депті. Менің тілдік қорды меңгерудегі алғашқы сабағым сол аналарымыздың әңгімесі болды.

Бастан өткен ең бір қызықты оқиғаңыз есіңізде ме

Анам шайдан кейін де тыным алмай жұмыс істейтін. Үйдегі алты балаға ас-су әзірлеп, таба-таба нан пісіретін. Сол себепті, мені бірде су әкел, бірде отын әкел деп жұмсай беретін. Мен анам жұмсамасын деп  шатыр үйдің төбесіне шығып кітап оқитынмын. Ол қай жырғаған шатыр үй дейсіз? Төбесіндегі саңылудан күн сәулесі себелеп тұратын. Ал мен ескі-құсқы киімдер мен жыртылған етіктердің арасында кітап оқып отыратынмын. Анам сол кезде «әлгі жүгермек қайда кетті» деп іздеп жүретін. Қандай ғажап сәт! Мұның бәрі күні бүгінге дейін көз алдымда.

 

«Харекеттің» басты идеясы – адамның  ойын түзету

  • Абай мұрасын рухани өміріңіздің ажырамас бөлігі деп білесіз. Кемеңгердің кемел іліміне қай кезден бері зер салдыңыз?
  • Мен бірден дана Абайға бала жастан зер салдым десем өтірік болар. Бірінші-екінші сыныпта Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы  мен І.Есенберлиннің «Ғашықтар» романын оқыдым. Ен бір үлкен жетістігім – төртінші сынып оқып жүргенімде Ә.Нұрпейістің «Қан мен тер» трилогиясын оқыдым. Сол кезде қолымда М. Әуезовтің «Абай жолы» романы да болды. Романның алғашқы беттерінен-ақ өзіме тым ауыр екенін сезіндім. Сосын ол романды жылы жауып қойдым. Қызығы сол, әскерге барғанда «Абай жолы» романын орыс тілінде оқыдым. Маған алғаш ұлы романды орыс тілінде оқу нәсіп болды. Сонда Мағауия мен Ақылбай қайтыс болғаннан кейін Абайдың төбеге шығып жылап отыратын жерін оқығанда, менің де егіліп жылағаным есімде. Алайда шын мәнінде, ұлы Абайға ден қойғаным – университеттің екінші курсында оқып жүргенімде курстық жұмыс қорғауым. Содан кейін Абайдың өлеңдерін жаттадым. Әсіресе, «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» атты өлеңін жаныма тұмар тұттым. Осы өлең менің жар таңдауыма, өмірлік ұстанымымның қалыптасуына үлкен ықпал жасады. Міне, осылай Абай мұрасы көкірегіме өз сәулесін  түсіріп келеді.

Сіз: «Қазақ Абайды  қаншалықты түсінсе, болшағы сонымен нұрлы», – дейсіз. Сонда кемеңгер тұлға келешегімізге қандай жол нұсқап кетті?

– Абай қазақтың қазіргі өмірімен қоса, болашағының да қалай болатынын айтып кеткен. Сондықтан да ол – хакім. Абай «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» дейді. Демек, бұл жерде Абай біз үшін адаспас жол нұсқап отыр. Абай ешқашан ескірмейді. Өйткені ол  өзі өмір сүрген қоғамның ғана шындығын емес, мәңгілік дүниенің де ақиқатын айта білді. Сондықтан шын мәніндегі Абай ілімі  көзге  көрінбейтін жан әлемінің тереңінде жатыр. Ал жаны емделмей, ұлт тән сырқатынан айықпайды. Сол себепті, Абайдың алға қойған талаптары орындалмайынша, біз болашақтың үддесінен шыға алмаймыз.

 – «Тектіден текті саралап,

Беглердің қызын айттырсам,

Нұсқасын байқап шамалап», – деп  келетін жыраулар жырын  жадына тұтқан жансыз. Өмірлік серігіңізді қалай жолықтырдыңыз?

  • Қазақта «келін қайын ененің топырағынан жаратылады» деген сөз бар. Үйдегі жеңгең Ақтөбеден, өзі шектінің қызы. Сондықтан ол кісіні «Қыз Жібектің сіңілісі» деймін. Студент кезімде филология факультетінде оқитын Марфуға деген ауылдас қарындасым болды. Сол қарындасымның бөлмесіне барып шай ішіп жүріп жеңгеңмен таныстым. Шынымды айтсам,  оның сұлулығына емес, мінезіне қызықтым. Өйткені оның мінезі анам секілді тым кең, ашық-жарқын екен. Ер жігіт өз анасына мінезі жақын жар іздейтіні – заңдылық. Бір білгенім – көзім  жаңсақ танымапты. Бүгінде түтіні түзу ұшқан, берекелі отбасын құрып, екі ұл тәрбиелеп отырмыз.

–Отбасында балаларыңызды қандай тәлім-тәрбие алуға  баулыдыңыз?

– Қазақта «әкеге қарап ұл өсер» деген аталы сөз бар. Демек бала көзін ашып көргелі ата-анасының бойындағы қасиеттерін санасына сіңіре бастайды. Сондықтан баланың тәрбиесінен гөрі өзіңіздің тәрбиеңіз маңыздырақ. Мысалы, мен әкемнің дарқандағын, уәдеге беріктігін, аса еңбекқорлығын көріп өстім. Міне, соның  барлығы маған өмірлік азық болды. Өйткені құр ақыл айтқаннан гөрі нақтылы істеген ісіңіз баланың жадында өшпестей болып жатталып қалады. Енді бірі баланы ынталандырып отыруы керек. Мен қашанда балаларыма: « мынау ғажап кітап, оқысаң қызығы таусылмайды», –деп оларды кітап оқуға қанаттандырып отырам. Қысқасын айтқанда  қылған ісің мен айтқан сөзің бала үшін ең үлкен тәрбие саналмақ.

– Сіздің «Харекет» кітабыңыз оқырмандардың жақсы бағасыне ие болды. Кітапта қазіргі қазақ қоғамындағы қандай рухани түйткілдерге жауап іздедіңіз?

  • «Харекет» кітабым 2016 жылы тұңғыш рет басылым көрді. Әрине,«Харекет» ұғымын қоғамның қабылдауына біраз уақыт қажет болды. Бірақ шын мәнінде, біздің бабаларымыз «харакет түбі – әрекет» деген аталы сөзін бізге аманаттап кетсе керек. Енді «орында бар деп оңалар» дегендей, дүниетанымымыздың түкпірінде қалып кеткен ұғымдар қайтадан санамызға ақырындап орнығып келеді. Міне, сондай ұғымдардың бірі – «Харакет» ұғымы. Қазір бұл ұғым кеңінен айналымға түсе бастады. Айтар болсақ, ұлттық арнада «Қарекет» деген бағдарлама эфирге шықты. Сонымен қоса «Харекет» деген қор құрылып, баспанаға мұқтаж жандарға өз көмегін жасай бастады. Қарап отырсаңыз, біздің тұрмыс-тіршілігіміздің  барлығы сөзбен байланысты. Сондықтан Абай атамыздың : «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел», – деуінде түпсіз терең мән жатыр. Ал базбіреулеріміз тұрмыстық тауқыметін тартып жатсақ, базбіреуіміздің «қарекетімізде берекет болмай жатса» – ол сөздің түзелмегендігінен  болар. Біз 150 жылға созылған орыс отаршылдығынан құтылып, еңсемізді тіктеп, ес жиып келеміз. Дегенмен халқымыздың жоғалтқанын санап тауыса алмаймыз. Бізде көп адамдар осы қарекет ұғымын түсінбегендіктен, өз жағдайының төмендігін президенттен көреді. Біреулер ата-анасынан көреді.  Ері әйелінен, әйелі ерінен көреді. Қысқасы, не керек, бәрі кінәлі, адам өзі «судан ақ, сүттен таза» болып шыға келеді. Ал харекеттің негізгі идеясы  – адам не істесе де, өзіне байланысты болуы. Әуелі хадисте де : «Ей, пендем, сен харекеттенсең ғана  берекет беремін», – деп жазылған. Осы харекет түсінігіне байланысты адамдар  жақысылар және жамандар деп екі топқа бөлінеді. Мұндағы жақсы сөзі – біз айтып жүргендегідей сын есім емес. Қайта ол – терең мәнге ие атаулы зат есім. Біздің халық орысқа бодан болғаннан кейін жақсы мен жаманды ажырата алмай қалды. Сол кезде халық бұзыла бастады. Бұл кезең Абай дәуірімен тұспа-тұс келеді. Сондықтан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың :«Абай кезі қазақтың бұзылғаны, қаралыққа айналып қызыл қаны», – дейді. Халық бұзылған кезде жақсы менен жаманды айыра алмай қалады. Біз әлі сол сорақылықтан айырыла алмай келеміз. Кезінде совет одағы бізді : «адамның жақсысы да, жаманы да болмайды – бәрі бірдей» деген жаттанды ұранға  үйретті емес пе? Қазір біз «алтынның үстінде отырып, өзгенің күмісіне таңғалатын» халдеміз. Өйткені отаршылдық сана сүйегімізге сіңіп кеткен. Сол үшін де өзімізді өзіміз менсінбейміз. Бізге барлығы басқа жұртта бар, өзімізде түк жоқ сияқты болып көрінеді. Әрине, ұлт болу үшін сенім керек. ең әуелі өзімізге сенуіміз қажет. Ал бірақ сенің ойлау жүйеңдегі барлық ұғымдар төңкеріліп жатса, өзіңе-өзің қалай сенесің? Міне, сондықтан харекеттің басты идеясы – адамның  ойын түзету. Біз кеңес кезінде кедейлік деген ұғымды бір ғажап салтанат ретінде қабылдадық. Бүгінде де ең басты пробелемалар осы жоқтықтан туындап отыр. Өйткені жоқ-жұтаң адамның ойлау жүйесі де жоқ-жүтаң болады. Сондықтан ол кеңінен ойлай алмайды. Ал сол тұрмыстық тапшылықтан тарыққандар ұлттық мәселе туралы, ұрпағына сапалы білім беру туралы ұмтылыста болады деп ойлай аласыз ба? Осыдан құтылудың жолы – бабаларымыздың дәстүрлі көзқарасына оралу. «Харекеттің»  негізі идеиясы – адамды осы өмірде бақытты қылу. Мысалы, казіргі кейбір теріс ағымдағылар «адам бұл дүниеде кедей болса, ол дүниеде керемет бай болады» деп қарайды. Ол енді алдау ғой. Пайғамбармыздың хадисінде : «Бұл дүние ахиреттің егіні, сен бұл өмірде раушан гүлін ексең,  ол дүниеде алдыңнан раушан гүлі шығады. Бұл дүниеде тікен ексең, ол дүниеде алдыңнан тікен шығады», – деген. Адамды кедей қылатын не? Әрине, ол өзінің таным-түсінігі. Қысқасын айтқанда, харакет – қазақтың өз дүниетанымы. Біз өмірімізді өзгерту үшін қашан да харекет жасауымыз керек.

  • Сізді бүгінгі ұлт өмірінде толғандыратын ең өзекті мәселе қайсы?

– Біздің рухани кеңістігімізді тәуелсіздіктен бұрын  кеңестік идеология қоршап, қаумалап тұрды. Ол сырттан ешнәрсе кіргізбеді. Қалай кеңестік өкімет құлады, солай рухани кеңістігіміз ашылып қалып, жан-жақтан әртүрлі идеологиялар, рухани, діни ағымдар лап берді.  Сол сырттан келіп жатқан небір ілімдер отаршылдықтан санасы сансыраған, күйзелген қазақ халқына, оның ішінде рухани қорғалмаған, қорғанбаған, ең әлсіз, әлжуаз буын – жастардың санасына шабуыл жасап үлгерді. Мәселен, қазіргі кейбір ағымдар «сендердің ата-бабаларың адасқан» дегенді айтатын болыпты. Ең қауіптісі, өзекті өртейтіні – өзіміздің қаракөздеріміздің аузымен өз ата-бабаларын мансұқтатып жатқаны. Мұны мен неоколониализмнің көрінісі дер едім. Яғни, жаңа тұрғыдағы отарлау. Осыған дейін кеңестік идеология «қазақта дін, тіл, мәдениет деген жоқ, бәрін біз әкелдік» дегенге бізді күшпен нандырып, ақырындап соған бас изейтіндей деңгейге жеткізді. Содан құтылдық па дегенде, енді шетелден келген ілімдер бізді тағы да құртып жатыр. Олардың құрығына, жаңсақ идеологиясына діни сауаты жоқ, Абаймен, Шәкәріммен, Мәшһүр Жүсіппен қаруланбаған қазақ жастары ілініп жатыр. Сондықтан қазір ұлттың өзіне деген өз сенімін қайтару үшін Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп бізге ауадай қажет. Өйткені кез келген ұлт өз еркімен ешқашан құл болмайды. Құл ету үшін оны ең әуелі өзіне деген өз сенімінен айыру керек. Отарлаушы елдің дәйекті жүргізілген саясатының нәтижесінде қазақ халқының 90 пайызы өзіне деген өз сенімінен айырылып қалды. Сондықтан біздің басымыздағы басты проблемамыз – ұлттың өзіне деген өз сенімін қайтару. Егер ұлт өзіне-өзі сенбесе, онда ол мемлекет құра алмайды. Осы жерде Мұса Пайғамбардың бір тәмсілі еске түседі. Ол перғауынның қол астында құлдықта болған Исраил жұртын, яғни яһудилерді қырық жыл бойы шөл даламен алып өтеді. Сонда Мұсаның бұл әрекетінің мәнін сұрағанда, ол: «Менің жұртым – құл болған халық, құл болған халық ешқашан мемлекет құра алмайды. Сондықтан мен құлдық санадан арылту үшін халқымды 40 жыл бойы шөлмен алып өттім», – деп жауап береді. Бұл – әрине, тәмсіл, бірақ астарында ақиқат жатыр. Сол себепті, қазіргі біздің ең басты мәселеміз – халықтың өзіне деген  өз сенімін қайтару.

 

Сұхбаттасқан Ерзат АСЫЛ

Пікір қосу