«Alem Band» тобының бүгінде өз тыңдармандары бар. Әндеріңіз жастар арасында танымал. Енді, өздеріңіз туралы айтып кетсеңіздер. Қай жерденсіздер? Қандай отбасында ержеттіңіздер?

Нұрболат: – Мен, негізі Қарағанды қаласынанмын. Сол қалада оқып, өніп-өстім. Әжемнің баласымын. Артымнан ерген екі қарындасым бар. Тәттімбет атындағы өнер колледжін аяқтағанмын.

Мақсат: – Мен Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы), Түркістан қаласының тумасымын. Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық колледжді бітірдім. Отбасымыз үлкен. Әкем шахтер болған, ал анам – дәрігер. Екі ағам және екі әпкем бар. Аға-әпкелерімнің барлығы шаңырақ көтерген, отбасылы адамдар. Мен үйдің кенжесімін.

Еркеш: – Мен Ақтөбе облысы, Хромтау қаласында дүниеге келгенмін. Қазір Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының 4-курс студентімін. Бұйырса, биыл оқуымды тәмамдаймын. Қарапайым отбасында өстім. Әкем – шахтер, ал анам үй шаруасында. Үйдің үлкенімін. Менен кейін екі інім және бір қарындасым бар. Алла қаласа, жақында отбасымызға тағы бір кішкентай сәби қосылмақ.

– Еркеш халыққа «Айгөлек» бағдарламасынан бастап жақсы таныс. Ал Мақсат, Нұрболат сіздер топқа келмес бұрын байқауларда бақтарыңызды сынап, үлкен сахнаға шыққансыздар ма?

Нұрболат: – «Жас қанат» байқауына қатысып жүлделі бірінші орын иеленгенмін. Көпке танымал «Х-фактор» сайысына қатысқанмын.  Ол кезде жеңемін деген үміт болды. Тіпті «7 миллион теңгені ұтып алсам, не істеймін?» деп ойлаған едім (күлді). Алайда бұл сайыста финалға өтпей қалдым. Сонымен қатар «Музарт Life» жобасына қатыстым. Бірақ уақыт тапшылығына байланысты «Музарт Life-ты» не «Alem Band-ті» таңдау керек болды. Содан жобадан шығып кеттім.

– Неге топтың аты «Alem Band»?

– Топтың атауының ешқандай күрделі мағынасы жоқ.  Әлемдік аренаға дейін жетіп, еліміздің туын көкте желбірететін топтың бірі болғымыз келеді.

 

– Әдетте кейбір адамдар  әншілікті  «ер адамның жұмысы емес» деп жатады. Сіздердің  мамандықтарыңызға  ата-аналарыңыздың көзқарасы қандай?

Мақсат: – Мен музыкалық колледжге түсер кезімде әкем аздап қарсылығын білдірді. Ол кісі: «Сен оданша тіс дәрігері болсаңшы. Әрі тұрақты жұмыс, әрі табысы да жақсы», – деген еді. Бірақ өнер жолын кішкентайымыздан армандадық. Бала кезімізде «МузАРТ» тобы, «Алл давай» тобындағы ағаларымызды сүйіп тыңдап өстік. Бәрібір өз таңдауымызбен жүрген дұрыс деп шештік. Әр мамандықтың өз қиыншылығы бар. Ең бастысы, төзе білу керек.

Еркеш: – Негізі, бұлай кесіп айту дұрыс емес шығар. Себебі, халық біздің сахнада үш минут жылтырап билеп, ән айтып тұрғанымызды ғана көреді. Алайда сол бір үш минуттық көрсетілім халықтың көңілінен шығуы  үшін біздің бірнеше ай уақытымыз кетеді. Күнде студияға келіп дайындаламыз. Сондықтан өнер жолы оңай жұмыс емес.

– Алғаш құрылғанда бір-біріңізді танымай, кикілжің туындап, өзара түсініспеушілік болмады ма?

– Жоқ. Осы күнге дейін арамызда ондай ештеңе болған емес.  Егер де арамызда бір түсініспеушіліктер туындап жатса, продюсеріміз Алмас аға барлығымызды жинап мәселені шешуге тырысады. Біз де барлық түйткілді сол арада шешіп, мәмілеге келеміз. Сыртқа шыққан соң ешкім оны талқыламайды.

– Осы күнге дейін топтың құрамы біраз өзгерді. Мақсат топтан шығып, қайта қосылды. Ал мұндай жиі өзгерістер жұмысқа кедергі келтіретіні анық. Топтың құрамы нақтыланған соң продюсерлеріңіз қатаң талап қойды ма?

Нұрболат: – Әрине, алғаш рет үшеуміз топ болып, гастрольдік концерттерге шығып жүргенде продюсеріміз бізді қатаң ұстауға тырысты. Бірақ бүгінде продюсерімізбен де, бір-бірімізбен де ағалы-інілі секілдіміз. Ешқандай қатаң талаптар жоқ.

Еркеш: – Әрине жас болған соң, кейде еркелеп дайындыққа мән бермей, еркінсіп кететін кездеріміз болады. Бірақ ондай сәтте продюсеріміз Алмас бәрімізді  қас-қабағымен жөнге салады.

– Тек жастарға арналған, көңілді әндер орындайсыздар ма?

– Жоқ. Біздің ән қоржынымызда анаға арналған, туған жер тақырыбында да әндер бар. Тойда да шырқайтын әндеріміз бар. Жастарға арналған әндеріміздің өзін үлкен кісілер де жақсы тыңдайды. Мәселен, жақында бір концерттік кеште біздің әнімізге қырық жастағы апа-әпкелеріміз билеп, көңілдері көтеріліп қалды.

Қазір жас болғандықтан, өзіміздің жасымызға лайықты әндерді орындаймыз. Әрине, есейе келе репертуарымыз да өзгеріп тұрады деп ойлаймыз.

– Әр топта әр солистің қабілеті әртүрлі. Бірінің вокалы жақсы болса, бірі биге икемді. Ал сіздерде қалай?

– Біз олай айта алмайтын сияқтымыз. Себебі, барлығымыздың қабілетіміз бірдей. Әрине, дайындық кезінде арамызда біреуміздің қолымыздан келмей жатса, көмектесіп түзеп тұрамыз. Ал жалпы үшеуміздің арамызда дайындыққа көбірек жауапкершілікпен қарайтын ─ Нұрболат.

– Кім дайындыққа көп кешігеді?

Еркеш: – Мен. Себебі, қазір жұмыс пен  сабақты қатар алып жүрмін. Ал университеттегі профессорларды біздің дайындықтарымыз аса алаңдатпайды. Сабаққа қатысып тұруым керек. Әрине, арасында ұйықтап қалып кешігетінім де бар (күлді).

 

Бейнебаянымызға Айжан Байзақова түсті

– Жақында екі жаңа бейнебаян түсірдіңіздер. Бейнебаянға өзінің жеке өмірімен танымал актриса Айжан Байзақова түсті.  Айжанмен жұмыс істеу кімнің идеясы?

– Айжан Байзақовамен жұмыс істеу продюсеріміздің идеясы еді. Біз де  оған келістік. Иә, қазіргі таңда әлеуметтік желіде Айжан өте танымал адамдардың бірі. Біздің бейнебаянымызға оның танымалдылығы  үлкен әсерін тигізгені рас.

– Бұл актрисаны «жаман әдеттері көп» деп кейбір адамдар ұната бермейді.  Тіпті, өнер иелері де бұл бейнебаяндарыңызды көріп, әлеуметтік желіде сынап тастаған еді. Сіздердің бұған көзқарастарыңыз қандай?

– Иә, сын айтылды. Бірақ біз Айжан Байзақовамен шығармашылық тұрғыдан жұмыс істедік. Оның жеке өміріне араласпаймыз. Ал бізді сынаған ағаларымызға ештеңе айта алмаймыз. Ол кісілердің қазақ өнеріне сіңірген еңбектері көп. Сындарын тек дұрыс жағынан қабылдадық.

 

– Сол өнердегі ағаларыңыз әлеуметтік желі арқылы емес, бетпе-бет келіп ақылын немесе сынын айтты ма?

– Бейбіт Көшқалиев ағамыз «ештеңе демеймін, ең бастысы ақылмен жұмыс істеңдер» деді. Сәкен Майғазиев ағамыз «барлық жұрт сынап жатқанына қарап, есік-терезені құлыптап көретін бейнебаян деп ойлап едім. Сөйтсем, өздеріңнің жастарыңа сай бейнебаян екен» деп қолдауын көрсетті.

– «Қызық Times» бағдарламасының жүргізушілері де Айжан туралы сіздерден сұраған еді. Сол кезде «біз оны пайдаланып кеттік» деп айттыңыздар. Бұл сөзбен актрисаны ренжітіп алған жоқсыздар ма?

– Жоқ. Көңілді бағдарлама болғандықтан, әзіл ретінде айтылған сөз еді. Оған Айжан ренжіген жоқ.  Айжанмен қарым-қатынасымыз жақсы. Болашақта Айжан Байзақовамен тағы да бірге жұмыс істеуіміз мүмкін.

– Шетелге шығып, еліміздің атынан үлкен додаға қатысу жоспарда бар ма?

– Әзірше жоқ. Себебі, бізге әлі шыңдалу қажет. Тіпті, қаншама жылдар бойы сахнада жүріп, еңбек етіп жүрген аға-әпкелеріміздің  жүлдесіз қайтатын кездері болады. Сондықтан бізге әлі ерте деп ойлаймыз. Осы бір-екі жылда еліміздің ішінде өзімізді мойындатудың өзі біз үшін жетістік.  Оның үстіне, қазіргі таңда бұрыңғымен салыстырғанда қатысуға тұрарлық жарыс жоқ сияқты. Саны көп, сапасы нашар, әділетсіздік пен шоуға толы байқаулар көбейіп кетті.

– Қазір өнер иелерінің басым көпшілігі жеке кәсіппен айналысып жүр. Ертең сіздер де отбасы құрасыздар. «Әншіліктің табысы тұрақсыз болады» деп қорықпайсыздар ма?

Мақсат: – Бізде ондай қорқыныш сезімі жоқ. Мәселен, 17 жыл бойы «МузАРТ» тобының қаймағы бұзылмай  қазақ сахнасында жүр. Өнердің арқасында көп нәрсеге қол жеткізді. Міне, бүгінде жастары қырықтан асып жатқаннан кейін, өздерінің жеке кәсіптерін ашып жатқаны болмаса, осы күнге дейін өнермен-ақ өмір сүріп келді. Біздің ойымызша, әрбір адал еңбекке береке беріледі.

Нұрболат: – Продюсеріміз бізге: «Қазір өнер жолында өз есімдеріңді қалыптастыруға жұмыс істеңдер. Кейін есімдерің сендерге жұмыс істейтін болады», – дейді. Біз осы мақсатты ұстанып жұмыс істеудеміз.

– Өмірде жақын жолдас ретінде араласыздар ма?

Еркеш: – Негізі, топ құрылмас бұрын Мақсат екеуміз бір-бірімізді танитынбыз. Жақын араласпасақ та, сәлеміміз түзу еді. Екеуміз бір жылы оқуға құжат тапсырып, емтиханға бірге кіргенбіз. Бірақ ол кезде бір топта ән айтамыз деп мүлдем ойламадым. Ал Нұрболатпен топ құрылғанда таныстық. Қазір тек достар емес, бауырлармыз.

Нұрболат: – «Alem Band» тобының құрамына қабылданған соң, Алматыға  алғаш рет келдім. Ал бүгінде Мақсат екеуміз бір үйде тұрамыз. Еркеш бізге қонаққа келіп тұрады. Тек жұмыс емес, басқа да бос уақыттарымызды, демалысымызды бірге өткіземіз.

– Армандарыңыз бар ма?

– Әрине. Кейде жігіттермен, продюсермен отырып армандаймыз. «Алмас аға ─ Алтынбек Қоразбаев, біз ─ Тоқтар мен Мейрамбек ағалар сияқты боламыз» деп жақсылыққа әзілдейміз.  Тұрмыс-тіршілік жағына қарап айтсақ, барлығымыз өз жолымызды тауып, мықты бір азамат болсақ дейміз. Өнер жағынан келсек, бір-екі жылдық қана ғұмыры бар топтардың бірі болғымыз келмейді. Болашақта халықтың көңілінен шығып, өнердегі ағаларымыз секілді бізден кейінгі жастарға үлгі болсақ деген арманымыз бар.  Біз әлі өнердің табалдырығындамыз. Өнердің биік шыңдарына жетіп, әлем мойындайтын топ болғымыз келеді.

  • Сұхбаттарыңызға рақмет, жігіттер! Сіздерге сәттілік тілеймін.
  • Сізге де шығармашылық табыс тілейміз. Рақмет!

 

Әңгімелескен Наргиза Аршидин

 

Пікір қосу