• Роза Қуанышқызы, жақында тәуелсіздік күніне орай Мәдениет және спорт министрі бір топ өнер адамдарын – спортшыларды, ақын-жазушыларды, әншілерді әр түрлі ордендермен марапаттады. Бірақ соның ішінен сізді көре алмадық. Әлде біз байқамадық па?
  • Себебі, мені Мәдениет министрі «ерекше жақсы көреді» ғой. «Ерекше жоғарғы қарым-қатынастамыз» деп айтсам да болады.
  • Сіз бір сұхбатыңызда «мен атақтың барлығын Кеңес өкіметі кезінде алдым» дедіңіз. Тәуелсіздік алғалы бері сіз қандай марапаттарға ие болдыңыз? Еңбегіңіз қаншалықты еленді?
  • Тәуелсіздік алғалы ешқандай атақ, марапат алған жоқпын.
  • Бұған ренжімейсіз бе?
  • Неге ренжимін?! Мемлекет тарапынан берілетін қандай жоғары атақ бар, менде соның барлығы бар. Мен атаққа, марапатқа өте ерте ие болған әншімін. Қазақстанға еңбек сіңірген әртісі атағын 21 жасымда, Қазақстанның халық әртісін 26 жасымда алдым. «Парасат» орденін, Мемлекеттік сыйлықты алған әншімін. Одан басқа атақ та жоқ бізде. Мен алған құрметті атақтардың барлығы – Қазақстандағы ең жоғарғы атақтар.
  • Биыл қазан айында 60 жасқа толдыңыз. Мерейтойыңыз құтты болсын! Осындай мерейтой кезінде өнер адамдарын президент, облыс әкімдері қабылдап, сый-сияпаттар көрсетіп жатады. Сізге қандай құрмет көрсетілді?
  • Ешқандай қабылдауда болған жоқпын. Ешқандай марапат алған жоқпын. Туған күнімде өзімнің туған жеріме барып концерт өткіздім.
  • Тегін концерт беріпті деп естідік…
  • Иә, аудан орталығындағы Мәдениет үйінде тегін концерт бердім. Аудан әкімі қабылдады. Әкімшілік ауданымыздағы сыйлы, құрметті азаматтарды, аналарды концертіме шақырды. Әр ауылдан үлкен кісілерді жинап әкелді.Кейінірек Семейде Өскеменнің симфониялық оркестрімен үлкен концертімді өткіздім.

Похожее изображение

  • Осы концертіңізде ме «Семейге концерт қоюға барған кезде сахнада рояльдің жоқтығын айтамын деп басым бәлеге қалды. Сол сөзім үшін5 жыл мені қалаға кіргізбей қойды» деп айтқаныңыз…
  • «Рояль неге жоқ?» деген сөзімді әкім өзіне қатысты әңгіме деп қабылдады. Бірақ мен оны айтқаныма өкінген емеспін. Мен айтқаннан кейін барып рояль сатып алынды. Қазір Құдайға шүкір, барлығы бар. Барлығы жасалды.
  • Яғни, сіз Семейге бес жылдан кейін концерт беріп тұрсыз ба?
  • Жоқ, мен былтыр концерт өткіздім. Содан кейін биыл бердім. Бірақ ол әкім орнынан кетті.
  • Тіке айтамын деп осылай кейбір адамдарға жақпай қалып жатасыз ба? Осы мінезіңізден жиі «таяқ жейсіз» бе?
  • Жоқ, мен тура айтқаныма ешқашан өкінбеймін. Сын айтатын, әділдікті жақтайтын адамдарды керісінше қолдау керек деп ойлаймын. Мен кез-келген әкімге, кез-келген азаматқа өзімнің ойымды айта аламын. Себебі жасым келген адаммын. Дүниежүзінің тең жартысын аралаған адаммын. Көп нәрсені көрген адаммын. Халық әртісімін. Халық әртісі дегенің халық депутаты дегенмен бірдей. Сондықтан көңілімнен шықпаған нәрсені жаным ашығаннан кейін айтамын.
  • Мерейтойыңызға байланысты жоғарғы жақтан марапаттаулар, құттықтаулар келмегеніне ренжіген жоқсыз ба?
  • Жоқ. Мен тіпті 60 жылдығымды тойлаған да жоқпын. Оны неменеге тойлаймын?!  60 деген ол жай ғана цифр. Сіз де қайта-қайта осы сұрақты қоя бердіңіз ғой. Не 60 жаспен өмір бітіп қала ма?! Құдайға шүкір, өмірім ары қарай жалғасып жатыр. 60-та қандай болсам, 65-те де сондай боламын.
  • Ең болмағанда министрліктен құттықтау хат келу керек емес пе еді?
  • Оған министріміздің өресі жетпеді.
  • Мемлекеттік концерттерге бұрынғыдай жиі шақырылып тұрасыз ба?
  • Министріміз ауысқалы бері қатыспаймын.
  • Сонда араларыңыз жақсы емес пе?
  • Иә. Арамыз өте нашар.

Похожее изображение

  • Осыдан екі-үш жыл бұрын анаңыз да, әкеңіз де дүниеден өтіпті. Анаңыз бен әкеңізді еске алғанда қандай оқиғалар ойыңызға оралады?
  • Әке мен ананың орны ерекше ғой. Ол кісілер 90 жасқа дейін өмір сүрді. «Үлкен кісілердің арты той» деп айтып жатады. Бірақ қанша жасқа келсе де әке мен ананың орны бөлек. Дегенмен әкем мен шешем барлығымыздың ер жетіп, өсіп-өніп, балалы-шағалы болғанымызды көрді. Немере, шөбере сүйді. «Мен сендерге разымын» деп анам ризашылығын білдіріп кетті. Ол кісілер денсаулығына байланысты емес, жасы келгендіктен, кәріліктен өмірден озды.
  • Сұхбаттарыңызда әрдайым бауырларыңызға көмектесіп, тірек болып жүргеніңізді, осы уақытқа дейін солардың жағдайын жасағаныңызды айтасыз. Кейде үнемі «мықты» болудан шаршамайсыз ба?
  • Әлі күнге соларға көмектесіп келе жатырмын. Бірақ мен мұны ешқандай мықтылық деп санамаймын. Туған бауырларыма, сіңлілеріме жағдайым болғаннан кейін ғана көмектесемін. Онда тұрған ештеңе жоқ. Мен бұдан ешқашан да шаршамаймын. Қолымнан келіп тұрса неге мен оларға көмектеспеймін?! Ал егер жағдайым болмай жатса, ол басқа әңгіме.
  • Бір бағдарламада «Барлығыңыз Роза, Роза дейсіздер. Бірақ Роза ешқашан өзі үшін өмір сүрген емес» дедіңіз…
  • Әлі күнге дейін солай өмір сүріп келе жатырмын. Роза ең бірінші ол – ана. Жолдасынан айырылғаннан кейін Роза өзі әке, өзі шеше болды. Бауырларына тірек болды. Жалпы, бір әулеттің тірегімін мен. Мүмкін Құдай маған сондай бақ берген шығар. Бір жағынан сондай жауапкершілік берген болар. Мен оған ешқандай қиналмаймын. Ары қарай да солай өмір сүре беремін. Қолымнан келсе бауырларыма, сіңлілеріме әлі де көмектесемін. Екі ұлымды да солай алып келе жатырмын.
  • Көзіңізге жас алатын кездеріңіз бола ма?
  • Әркімнің өз тағдыры бар. Менің маңдайыма жазылғаны осы болды. «Так же как все» деп Алла Пугачева айтқандай, ел сияқты жылайтын күндерім де болады, қуанатын күндерім де болады. Ерекше бақытты күйге бөленетін де сәттерім аз емес. Өмір болғаннан кейін, адам болғаннан кейін бәрі де болады.
  • Қыздарыңыз Әлия мен Мәншүк тұрмысқа шықты. Енді қашан Әлиіңізді үйлендіресіз?
  • Тасқынның ағасының екі қызы менің қолымда өсті. Олар жастайынан анасынан жетім қалды. Оларды өзім қолыма алып, жеткіздім. Екеуін оқыттым, тұрмысқа бердім. Қазір екеуі де балалы-шағалы, бақытты өмір сүріп жатыр. Ал Әлиім бұйырған күні үйленеді. Мына күні үйлендіремін деп нақты айта алмаймын. Әйтеуір бір күні үйленетінін білемін. Кім баласының үйленіп, балалы-шағалы болғанын көргісі келмейді дейсіз. Бәріміз де соны армандаймыз. Алла қаласа оған да жетерміз.
  • Ұлдарыңыздың шығармашылық жұмыстарына көңіліңіз тола ма?
  • Мен сын айтып отыратын адаммын. Қалай десек те, халық Әли мен Мәдиге «Роза Рымбаеваның ұлы» деп қарайды. Сондықтан олардың кемшіліктерін ең бірінші мен көруім керек. Және де мен бұл жағынан кәсіби маманмын. Менің екі ұлым көздерін ашқаннан музыка саласында оқыды. Сондықтан кәсіби деңгейде өзімнің сынымды айтамын. Жақсы жерлерін мақтаймын, жетпей жатқан тұстарын ескертемін.

Картинки по запросу роза рымбаева

  • Сіз марқұм Тасқын Оқапов ағамыздың тұсында біраз халық әндерін айттыңыз. Т.Оқапов өмірден өткеннен кейін халық әндерін айтуды мүлдем доғардыңыз десек те болады. Сонда сізге халық әндерін айтуға Т.Оқапов ықпал етті ме?
  • Жоқ. Тасқын ешқашан маған «мына әнді айт» деп ұсыныс жасаған емес. Бүгінге дейінгі орындаған барлық әнді өзім таңдадым. Кезінде халық әндерін орындағым келді, орындадым. Қазір де әндерін таңдап-таңдап айтатын өзімнің сүйікті композиторларым бар. Мен солардың әндерін ғана айтамын. Бүгінгі жас композиторлардың әндерін мүлдем орындамаймын.
  • Халық әндерін айтуды тоқтатқаныңыз қалай? Әншінің мерейін көтеріп, мәртебесін биіктететін шын мәнінде халық әндері емес пе?
  • Бізде халық әндерін орындайтын дәстүрлі әншілер бар ғой. Мен олармен жарыса алмаймын. Өйткені эстрада әншісімін. Кезінде бір-екі халық әнін айтқанмын. Ал енді ел айтты екен деп бәрін дүрілдетіп айта берудің керегі не?

Кім біледі, мүмкін бір күні бір ән ойыма келіп қалар. Сонда орындармын. Мәселен, жақында «Желсіз түнде жарық айды» орындадым. Оның қай жері халық әні емес. Жақында консерваторияда «Сазген» ансамблімен концерт бердік. Сонда халық әндерін де, Шәмшінің әндерін де айттым.

  • Кейбір әншілер белгілі бір жасқа жеткеннен кейін ән айтуды мүлдем доғарады. Олардың ойынша: «дауыс та қартаяды, ал қартайған дауыс құлаққа жағымсыз естіледі». Ал кейбір әншілер өле өлгенше ән салып өтеді. Сіз осылардың қайсысын дұрыс деп санайсыз?
  • Ол адамның өзіне байланысты. Қазір эстрадада даусы жоқ әншілер жүр ғой. Біздің эстраданың 90 пайызы фонограммамен айтатын әншілер. Олардың қасында біз енді әншіміз.

Менің концерттерім тек Қазақстанда емес, шетелдерде де жиі өтеді. Жақында ғана Мәскеуде болдым. Оның алдында Киевке барып келдім. Қаңтардың аяғында Мәскеуде Кремльде концертім болады. Наурыз айында Ресейдің төрт қаласында менің концертім өтеді.

  • Жас әншілерден кімдердің өнерін жоғары бағалайсыз?
  • Талантты жастар, сіңлілерім өте көп. Қазіргі шығып жүрген жастар – жай жастар емес. Оның ары қарайғы өсуі қалай болады, оны уақыт көрсетеді. Егер фонограммамен жүре берсе, әрине, өспейді. Бұл түсінікті жайт. Сондықтан олар нағыз әнші болу үшін алдына мақсат қойып, басқаша жұмыс істеуі керек.
  • Сізді әрдайым ресейліктер концерттеріне шақырып, тіпті журналистер сіз туралы үлкен бағдарламалар жасайды. Олардың сізге деген құрметі ерекше. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
  • Олар менің өнерімді, даусымды ерекше бағалайды. Сондықтан болар. Осы уақытқа дейін Ресейдің ең үлкен сахналарында өнер көрсетіп,  ең жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған концерттеріне қатысып келемін.
  • Ресей әртістері «Өзіңді қалай күттің?» деп сіздің сыртқы болмысыңызға да таңғалып жатады…
  • Мен сымбатымды ерекше сақтадым деп айта алмаймын. Құдайдың берген болмысы. Менің әкем өте әдемі кісі болған. Қартайса да сол әдемілігі, сымбаты сақталды. Менің бет-әлпетім әкеме тартқан.
  • «Мына ән ескіріп қалды» дегенді жиі айтатынымыз рас. «Әннің ескіруі» дегенді қалай түсінесіз? Сіз айтқан, айтып жүрген әндердің ішінде ескіріп қалғандары бар ма?
  • Мен осыдан 42 жыл бұрын «Куә болды» орындағанмын. Әлі халық осы әнімді жақсы көреді. Басқа әншілер де орындап жатады. Осыдан 40 жыл бұрын Сейдолла Бәйтерековтың «Ақ тілегін» орындағанмын. Әлі күнге дейін халық сүйіп тыңдайды. «Атамекенді» де солай. Мен әндерімді ескірді деп айта алмаймын. Себебі оны жоғарғы деңгейдегі мықты композиторлар жазды. Ал қазіргі жастардың форматы да, музыка жазатын композиторлары да басқа. Қазір біздің музыка саласында кәсіби композиторлар аз. Сондықтан мен де олардың әндерін көп орындамаймын.
  • Бір күндік әндер көбейді дейсіз ғой?
  • Иә, ондай әндерді бұрынғы әндермен қалай салыстырасың? Ондай әндермен ешқандай конкурсқа барып қатыса алмайсың.
  • Кейде ән таппай қиналасыз ба?
  • Жоқ, ондай проблема жоқ. Менің репертуарымда әндер өте көп. Кез келген әніме қайта оралып, оны жаңадан өңдеп, шығара беруіме болады.
  • Ал халыққа жаңа ән ұсынар кезде ше?
  • Көп талғаймын. Өйткені бүгінгі музыканың барлығы менің көңілімнен шыға бермейді.
  • Жыл сайын дәстүрлі түрде «Көктем шақырады» деген кешіңізді өткізесіз. Осы концертіңізді өзіңіз ұйымдастырасыз ба? Жыл сайын бұл концертті өткізу сізге ауыр емес пе?
  • Биыл бұл концертімді жаз мезгілінде Астанада өткіздім. Оны «Қазақстан» арнасы түсіріп,  туған күніме орай 27 қазан күні телеарнадан көрсетті. Әрине, жыл сайын үлкен концерт беру оңай емес. Қиын, ауыр. Бірақ халық күтеді. Анда-санда әкімшілік көмектеседі. Ал негізі көбінесе өзім өткіземін.

(Сұхбаттың толық нұсқасын Жұлдыздар отбасы журналынан оқи аласыздар)

 

Сұхбаттасқан Самал ӘДІГЕНҚЫЗЫ

2018 жыл №1 қаңтар айындағы саны

 

Пікір қосу