– Айнұр, тұрмыс құруыңызға байланысты «Дауыс international» тобынан кеткен едіңіз. Қазір жеке шығармашылығыңызбен айналысып жүр екенсіз. Жеке жұмыс істеу қалай екен?
– Жеке шығармашылықпен айналысудың өзіндік қиындықтары да бар екен. Алайда тиімді тұстары да жетерлік. Мен ол топқа кірерден бұрын жеке шығуға ұмтылыс жасап, біраз еңбектеніп көрдім. Алайда мен секілді тәжірибесіз жас әншіге продюсерсіз шоу-бизнеске кіру өте қиын болды. Ал қазір киноға байланысты Марина Сүйлейменова есімді продюсерім бар, музыкалық жағынан Маржан Сәдуақасова атты продюсермен жұмыс істеймін. Екі продюсердің арқасында жұмысым жеңілдеген сияқты. Барлық мәселелерді сол кісілер шешеді. Мен қазір тек шығармашылықпен айналысып жүрмін.
– Топтан кетуге шешім қабылдаған кезде «Дауыс international» тобының продюсері Рано ренжімеді ме?
– Рано ренжіген жоқ, бәріне түсіністікпен қарады. Мен ол кезде тұрмыс құруыма байланысты топтан кеткен болатынмын. Ең бастысы, продюсерге бабын тауып, алдын ала дұрыстап түсіндірсе бәрі орнымен шешіледі. Рано да менен кейін отау құрып, балалы болды. Сол себепті ол кісінің маған еш реніші жоқ деп ойлаймын. Келісімшартты бұзғаныма қарамастан Рано маған ешқандай талаптар қойған жоқ.
– Тұрмыс құрып, біраз уақыт үйде болып, сахнаны әбден сағынып қалған боларсыз?
– Екі жылдай уақыт үйде болып, келіндік қызметімді атқардым. Күнде неше түрлі тамақ пісіріп, үй жинап уақыттың қалай өткенін байқамай қалады екенсің. Алайда Инстаграмдағы әншілер мен актрисаларға қарап, олардың айналысып жатқан жобаларына қызығатынмын. Әріптестеріңнің жеткен жетістіктерін көріп, өзімді көштен қалып бара жатқандай сезіндім. Сол үшін кейде көңілім жабырқайтын. Жолдасым бұл күйімді сезіп, түіністік танытып, мені қолдап, сахнаға қайта оралуыма рұқсатын берді.
– Жолдасыңыздың қайта сахнаға оралуға көзқарасы қалай болды?
– Жолдасыммен отау құрардан бұрын бес жылдай қыз бен жігіт болып кездесіп жүрдік. Ол кісі менің өнер адамы екенімді жақсы білді. Әрі өзі дауысымды жақсы көреді, өнерімді бағалайды. Отау құрғаннан кейін де, «үйде отыр, балаға қара» деп талап қоймай, керісінше мені қолдады. Шын мәнінде жолдасыма менің сахнада жүргенім қатты ұнайды. Ата-енем де түсініп, көмектесіп тұрады.
– Тұрмыс құрған актрисалардың көпшілігі фильмде қандай да бір кейіпкерді ойнарда жолдасымен ақылдасып жатады. Тіпті кейбірінің күйеулері кастингке бірге барады. Ал сіздің жолдасыңыз өнеріңізге тікелей араласып отыра ма?
– Әрине, нақты бір фильмге түскелі жатқанымда жолдасыма алдын ала бәрін айтамын. Кейіпкердің қандай екенін де хабарлап, шет-жағасын түсіндіремін. Алайда күйеуіңнің кастингке бірге барғаны артық секілді. Бұл екеуара сенімнің аздығын көрсетеді. Менің жолдасым тарабынан ондай әрекет болған емес. Бірақ ашық-шашық киіммен шығу, махаббат сахналарына түсуіме түбегейлі қарсы. Жолдасым мұндай сахналарға мүлдем келісім бермейді. Тұрмыстағы әйел болғандықтан, өзім де мұны дұрыс деп ойлаймын.
– Фильмге түсерде, əн таңдарда ол кісімен ақылдасасыз ба?
– Жолдасым – ең бірінші қолдаушым. Кей кезде демеушілік те жасап тұрады. Күйеуіммен үнемі ақылдасып отырамын. Ол кісінің аздап ақындық өнері бар. Сол себепті ақындар әндерін ұсынғанда міндетті түрде мәтінін көрсетемін. Ол әрқашан өз ойын ашық айтады. Мен де жарымның пікірін ескеремін. Жолдасыма және оның ата-анасына алғысым шексіз. Мадияр менің жұлдыз болғанымды қалайды. Ал мамам (енем) әрқашан: «Жұмысыңды еркін істей бер, фильмдерге түс, жаңа әндер жаз. Үй шаруасы ешқашан бітпейді», – дейді. Қайын атам балама қарауға көмектеседі. Осындай отбасыға келін болып түскеніме қатты қуанамын.
– Жолдасыңызбен алғашқы таныстығыңызды еске түсірейікші. Бір көргеннен ғашық болдыңыз ба?
– Жолдасымның есімі – Мадияр. Екеуміздің ортақ досымыз актер Жалын Тілеуберген таныстырды. Олар сыныптас екен, ал мен Жалынмен курстас едім. Сол таныстықтан бастап екеуміздің арамызда сезім пайда болды. Мадияр кездесуге күнде әртүрлі түсті раушан гүлін алып келетін. Екеуміз де студент болдық. Мадияр мені киноға, концертке апару үшін жұмыс істейтін. Ол – мені шын сүйетінін және құрметтейтінін іс-әрекетімен дәлелдей білген жан. Мен оның еңбекқорлығын, арманшыл мінезін жақсы көремін.
– Ол кісінің мамандығы қандай?
– Мадиярдың мамандығы – металлург. Ал қазір жеке кәсіппен айналысады. Бала кезінен өлең жазуды жақсы көреді. Оның жазған өлеңдері маған қатты ұнайды. Арасында маған арнаған жырлары да бар. Мен 20 жасқа толған кезімде 7 дана гүл ұсынып, «Саған деген сезімімнің 7 себебі» атты өлең арнаған болатын. Мен оның осы романтикалық мінезін қатты жақсы көремін.
– Өзіңіз өнер адамысыз. Кейде жолдасыңыз қызғанып қалмай ма?
– Ер адам болған соң қызғаншақтық мінезі де бар екені рас. Қазақтың жігіттерінің бәрі намысшыл болады ғой. Кейде қызғанышқа бой алдыратын кездері болады. Алайда қызғанса да орнымен қызғанады.Өзім де мұндай жағдайға жеткізбеймін.
Мен үшін баламның денсаулығы мен бақытынан басқа маңызды ештеңе жоқ
– Білуімше, жақында ана атаныпсыз. Фильм түсірілімінде, əнсапарларда жүргенде балаңыздың тəрбиесімен кім айналысады?
– Мысалы, қазір жаңа жобаның түсіріліміндеміз. Бұл менің кинопродюсер ретінде жасап жатқан алғашқы жұмысым. Түсірілім алаңы күндіз бос емес болғандықтан, көбінесе түнде жұмыс істейміз. Осындай уақыттары көбінесе папам (қайын атам) көмектеседі. Негізі, папам, яғни жолдасымның әкесі өте балажан кісі. Немерелерінің бәрін өзі өсірді. Балам көбінесе атасының жанында ұйқтайды. Жолдасым да «алаңдамай жұмысыңа бара бер» деп рұқсатын берді. Кейде анамды шақырта тұрамын. Ол кісі де немересін сағына, қуана-қуана келеді. Қазір тәрбиеші алдық. Үйде ұлымнан бөлек, абысынымның үш баласы бар. Барлығымыз бірге үлкен үйде тұрамыз. Сол себепті тәрбиеші қажет екен.
– Ұлыңыздың есімі кім?
– Ұлымыздың есімі – Арлан. Маған осындай ұлды нәсіп еткен Құдайға күн сайын шүкірлік етемін. Өзі өте ақылды, ширақ, музыкаға жаны бейім. Қазір оның жаңа шыққан әр қылығы бізге мереке секілді. Күн сайын бір қылық көрсетіп қуандырып тастайды. Балам дүниеге келгелі бері өмірдің мәні отбасында, балада екенін түсіндім. Мен үшін баламның денсаулығы мен бақытынан басқа маңызды ештеңе жоқ. Содан болар, босанғаннан кейін мінезім біраз жұмсарып, мейірлене түстім. Жақындарыма деген қамқорлығым арта түсті. Өзіме ештеңе сатып алмасам да, ұлымнан ештеңені аямаймын. Тәттіні қатты жегім келіп тұрса да, оны Арланға қалдырып қоямын. Ана махаббатының өте күшті сезім екеніне енді ғана көзім жетті.
– Айнұр, өзіңіз байсалды, сабырлы жансыз. Бала тәрбиесінде қаталдық танытасыз ба?
– Мен талапшыл адаммын, сол себепті балама да қаталдаумын. Бірақ көбінесе ұрыспауға, әрқашан онымен жылы сөйлесуге тырысамын. Арлан бір орында тұрмайды. Биіктіктен мүлдем қорықпайды. Кейде үстелге немесе кір жуатын мәшинеге мініп алады. Тіпті үстелден құлаған кездері де болды. Сол себепті оған ара-арасында ұрсып тұрамын.
– Балаңыз дүниеге келгеніне көп бола қоймаса да, сырт келбетіңізді қалыпқа келтіріп алдыңыз. Босанғаннан кейін өзіңізді қалай күттіңіз?
– Лебізіңізге көп рақмет! Шыны керек, арықтауға көп күш жұмсамадым. Жүктілік кезінде 18 келі қосыппын. Босанғаннан кейін бірден 8 келі салмақ тастадым. Қалған артық салмағым уақыт өте келе жойылды. Тек жарты жылдан кейін ғана өз қалпыма келдім. Өйткені баламды біраз уақыт еміздім. Тезірек қалпыма келу үшін қосымша корсет киіп жүрдім. Спортпен, бимен айналыстым. Сыртқы сұлулығың сақталып қалу үшін, менің ойымша, адамның ішкі жан дүниесі гармонияда, тыныштықта болу керек. Қазір қандай кейіпте болсаң да өзіңді сүйе білуің қажет. Сол себепті жаңа босанған аналарға айтарым: ештеңе ойламай ана болу бақытын сезіне біліңіздер!
– Жақында Ғазизханмен жаңа дуэтіңіз шықты. Әнге көңіліңіз толды ма?
– Бұл дуэт өз көңілімізден шықты. Халық да ұнатқан сияқты, жақсы пікірлерін білдіріп жатыр. Өзіме бұл ән қатты ұнайды, басқа әндерге ұқсамайтын өзіндік ерекше стилі бар.
– Дуэт жазу жайлы кім бірінші ұсыныс білдірді?
– Мен, негізі, бұрыннан «Ғазизханмен дуэт жазып көру керек еді» деп ойланып жүрген едім. Оның «Кінә бар» әнінің тақырыбы дуэтке сұранып тұрды. Сол себепті Ғазизхан осы әнді маған ұсынды. Мен әнді тыңдап, дуэт жазуға келісімімді бердім.
– Ғазизханмен жұмыс істеу қалай екен?
– Жұмыс істеу жеңіл болды. Оның шығармашылығы маған ұнайды. Өзі композитор болғандықтан әннің тақырыбын нақты біліп тұрады. Бұл ақындарға да идеялық тұрғыдан оңай тиеді. Дуэт шықпас бұрын екеуміз «Мына жерін былай айтайық, қайырмасын басқаша көрейік» деп ақылдастық. Туынды жақсы шыққан сияқты.
– Сіз шет тілдерді еркін меңгергенсіз. Биді де керемет билейсіз. Дауысыңыз зор әншісіз. Шоу-бизнеске жаңаша бағыт əкелгіңіз келмей ме? Неге ерекшеленуден қорқасыз?
– Жалпы, біздің қазақтілді тыңдармандарға жаңаша бағыт әкелу қауіпті, үлкен тәуекелді қажет етеді. Басқалар қайдам, мен өзім солай ойлаймын. Жаңа бағытты халық қабылдаса да, ол әндер тыңдармандарын таба ма, жоқ па, ол да белгісіз. Сахнаға алғаш қадам басқанымда мен батыстық стильде шықтым. Билеп тұрып жанды дауыста ән айтатынмын. Ал ол біздің сахнада көрінбейді, себебі көп әншілер фонограммамен айтады. Мен жаңа бағытпен шығып талпынып көрдім. Ол кезде менің продюсерім болған жоқ, оның үстіне студент едім. Қаражат жағынан біраз қиын болды, бишілерді қамтамасыз етуге де шамам жетпеді. Сол себепті бұл ойыма тоқтау қойдым.
– Ал қазір не кедергі?
– Қазір мен тұрмыстағы әйелмін, ата-енеме келінмін, балаларыма анамын. Ашық-шашық киініп өнер көрсету маған жараспайды. Сонда да көрермендерді барынша таңғалдыруға тырысамын. Көптің бірі ғана емес, ерекше есте қалар әнші болуға бар күшімді саламын. Декреттік демалыстан шыққаныма көп бола қойған жоқ, сондықтан, әлі де халықты қуантатын боламын.
– Халықаралық конкурстарға қатысу ойыңызда жоқ па? Неге өз мүмкіндігіңізді байқап көрмейсіз?
– Бала кезімнен республикалық, халықаралық конкурстарға қатысып жүлдегер атандым. Ал қазір ондай байқауларға қатыспай кеттім. Кейде «Новая волна», «Евровидение» секілді конкурстарға қатысқым келеді. Оған әлі шыңдалу керек деп ойлаймын. Бір-екі жыл дайындалып алайын, содан соң үлкен конкурстар жайлы ойлана жатармын.
– Қазір қандай жоба бойынша жұмыс істеп жатырсыз?
– Қазір «Taspafilm» кинокомпанияның продюсерімін. Бұл – жаңадан ашылған компания. Биыл біз «Хабар» телеарнасына «Қария» телехикаясын түсіріп бердік. Енді «Тағы да сүй» атты жастарға арналған мелодраманың түсіріліміндеміз. Алла қаласа, одан бөлек түсірілуі тиіс екі жобамыз бар. Бір сөзбен айтқанда, қазір продюсерлік қызмет атқарып жатырмын.
– Продюсер болу қалай екен?
– Оңай емес, үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс екен. Алайда өзіме ұнап жүр. Актрисамын деп кез келген жобаға түсе бергім келмейді. Өзіме ұнайтын образдарды таңдап жүріп ойнасам деймін. Сол себепті өзіме жаңа жұмыс таптым. Бұрыннан киноиндустрияда жүргендіктен продюсерліктің шет-жағасымен таныс едім. Продюсер болу – өте қызық жұмыс.
– Толықметражды фильмге түсуге өзіңізді дайын сезінесіз бе?
– Әрине дайынмын. Осыған дейін деректі фильмдерде, телехикаяларда ойнадым. Енді үлкен экрандарда көрінгім келіп жүр. Бұған менің тәжірибем жетерлік.
– «Рөлдерді таңдағым келеді» деп қалдыңыз. Қандай кейіпкерді ойнау ойыңызда бар?
– Соңғы кездері тек жағымды кейіпкерлерді сомдап жүрмін. Қазақтың қарапайым қиындық көрген қызын ойнаудан біраз шаршадым. Керісінше, жағымсыз кейіпкерлерді сомдағым келеді. Мінезі шайпау, жаман бір кейіпкерді ойнасам екен (күлді).
– Өзіңіздің кино әлеміндегі алғашқы тәжірибеңіз қай фильмнен басталды?
– Менің кинодағы жолым «Көк тарландары» атты телехикаяда медбике-сержант Маралдың рөлінен басталды. Бұл уақытта мен Өнер академиясының 4-курсында оқып жүрген едім. Телехикая өте сәтті шықты. Осы телехикаядан кейін мен «MG Production» кинокомпаниясымен 5 жылға келісімшартқа отырдым. Одан кейін «Қыз жолы», «Зауал», «Женатики-2», «Арман асуы» телехикаяларына түстім.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Жақында басқа да жаңа әндерім жарық көреді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ