• Ренат аға, бұрын телеэкрандарда көп бой көрсете бермейтін едіңіз, соңғы бірнеше жылда ел алдына шығып жүрсіз. Мұны танымалдылыққа ұмтылу деп түсінсек бола ма?
  • Шынымды айтсам, мен көбінде сахнаның сыртында жүремін. Мен ғана емес, композиторлардың бәрі жанға жайлы, тыныш жерде ән жазғанды ұнатады. Мен де қаланың қым-қуыт тіршілігінен алыстап, өзіммен өзім жалғыз қалған кезде ән жазамын. Жалпы, «елдің алдына шығып, өзіңді көрсету керек» деген пікір қаншалықты дұрыс екенін білмеймін. Бірақ өзім танымалдыққа құмартқан емеспін, кезінде бірнеше ән жаздырғаным болмаса, әнші болайын деген ниетім де жоқ. Композитор адам өзіне-өзі жарнама жасамауы лазым.
  • Сіз қазір бұрын жазған әндеріңізді қайта өңдеп, тыңдарманған жаңаша стильде ұсынуды қолға алған секілдісіз. Дұрыс айттым ба?
  • Жоқ, олай емес. Менің өнердегі әріптестерім, іні-қарындастарым хабарласып «мына әніңізді өңдеп, басқаша стильде орындап шықсақ қалай қарайсыз?» деп сұрайды. Сондай кездерде рұқсатымды беремін. Мысалы, жақында «Сазгер» бағдарламасында Ғалымжан Молданазар «Ойлай берме» әнін жаңаша мәнерде орындап шықты.
  • Өзіңізді шығармашылық тұрғысынан қалай бағалайсыз? Туындыларыңызды «кеше және бүгін» деп талдап бере аласыз ба?
  • Табиғат өзгереді, өмір өзгереді, бірақ адамның жаны мен жүрегін, адами қасиеттерін өзгертуге болмайды. Сол сияқты менің жүрегім де, қалауым да, ниетім де сол баяғыдай. Жастық жалын, күш-жігерім де қаз-қалпында. «Кезіндегі әндерім жақсы еді, қазіргім бұрынғыдай емес» деп айтуға хақым жоқ. Әр әнімнің кішкентай болса да өз тарихы, өз тағдыры болғандықтан, өз жанымнан шыққан «сәбилерімді» кеше-бүгін немесе ескі-жаңа деп бөлмеймін.
  • Қоржыныңыздағы әндердің саны қанша?
  • Маған осы сұрақ онша ұнамайды. Кейбір адамдар «Мен 200-ден астам ән жаздым» деп мақтанады. Шынтуайтына келгенде, әнді санмен емес, сапамен есептеу керек. Халықтың жүрегінен орын алып, тарихта 1-2 әнім қалса, мен үшін – ең үлкен сый да, бақыт та, қуаныш та сол.
  • Танымал бір әніңіздің тарихымен бөлісіңізші.
  • Ең бірінші әнім 14 жасымда, Жайықтың жағасында жазылды. Ол 15 жылдан соң жұртқа танылған, Мақпал Исабекованың орындауындағы «Аяла мені» әні болатын. Өзім мұны сәтті шыққан әндерімнің бірі деп есептеймін. Тіпті сол кезде бұл ән шығады-шықпайды, танымал болады-болмайды деген ой мүлдем болған емес. Алланың қалауымен кең таралып, халықтың сүйікті әніне айналды. Әннің халыққа ұнауы әншінің шеберлігіне тығыз байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Себебі, ән жазу бір бөлек, оны өңдеу, студияға барып жаздыру, орындау бір басқа. Бұл жағынан «Аяла мені» әнінің бағы жанды.
  • Кәсіби маман ретінде әуесқой композиторлар туралы қандай пікір білдіресіз? Қазір «әні де, сөзі де, орындаушысы да өзі» деген тіркесті жиі еститін болдық. Есесіне көп өнерпаз дипломын сандыққа салып, той жағалап жүр…
  • Бұл үлкен мәселе. Мен өзімді композитормын деп есептей алмаймын. Егер композиторлықты 10-сыныптық мектеп десек, мен сол мектептің 4-ші сыныбының оқушысымын. Әлі де өнер, өмір деген сабақты оқып, білім алып, өсуім керек. 3-4 ән жазып, «Мен» деп кеуде қағу дұрыс емес. Композитор – үлкен жобаларды атқаратын, сауатты, білімді, кәсіби музыкант. Әдетте біз бақыт үшін күресу керек» деп жатамыз, бірақ күреспейміз. «Жетістікке жету үшін еңбектену керек дейміз», бірақ еңбектенбейміз. Біздің бәрін біліп, бірақ істемейтін әдетіміз бар. Сол олқылықты өзім жіберіп алмайын деп үнемі қозғалыста, шығармашылық процесте жүремін. Күйші, ақын, сазгер ағаларыммен жиі әңгімелесемін. Солардың жанында отырып ақыл-кеңесін тыңдау – үлкен бақыт. Музыкант тойдың әні, эстраданың әні деп бөлмеуі керек. Тіпті тойдың әнін жазу үшін алып бара жатқан еңбектің керегі де жоқ. Ән көңілден шықса, ықыласпен орындалса, жүректерге жетсе, ол сахнада, мейлі тойда да орындала береді. Мысалы, Шәмші, Нұрғиса аталарымызды тойға арнап ән жазды деп кім айта алады? Олар шын мәнісіндегі талант, өз заманының дүлдүлдері еді.Қазір бізде әндердің өзі екіге бөлінеді: той әні немесе сапалы ән деп. Тіпті әрбір шығармашылық адамы жазған әнін хит бола ма, болмай ма деп ойлап, бас қатырумен әлек. Ал бірақ «бұл ән тыңдарманның көңілінен шығып, тарихта қала ма?» деген бір ғана үлкен сұрақты өздеріне қоймайды.  Эстрадамыздағы көп әндер  бір-екі жыл  айтылып, ұмытылып қала береді. Неге? Егер біздің музыканттар білімділік пен кәсібиліктерін жетілдірсе, бағыты басқа, бірақ шексіз, мөлдір  арнаға түсер еді.

Картинки по запросу ринат гайсин

  • Сіз нақты кімдерді шынайы музыкант деп айтар едіңіз?
  • Музыкант болу кез келген адамның қолынан келмейді. Мысалы, Мейрамбек Бесбаев – кәсіби музыкант: таланты да, қабілеті де, білімділігі мен сауаттылығы да бір басына жетеді. Медеу Арынбаев, Байғали Серкебаев, марқұм Батырхан Шүкенов, Нағима Есқалиева сияқты өз ісінің мамандары көп болса деймін. Елімізде музыкалық білімі бар әнші аз. Музыкант болу үшін ізденіске толы ұзақ жылдар керек. Осындайда бір мәселенің басы қылтияды. Қазір әнші болғым келеді дейтін жастар көп. Сәйкесінше, мүмкіндіктер де көп. Әніңді жаз да интернетке жүктесең болды, өзі-ақ тарала береді. Бірақ біз осы жеңілдіктерді сапасына қарай дұрыс пайдалана алмай жатырмыз. Әрбіріміз «сапаға жұмыс істеймін» дегенді ту етіп ұстауымыз керек.
  • Демек, сапалы дүниелер көбейсе, халықтың талғамы жақсарады дегенді айтқыңыз келіп отыр ғой…
  • Жоқ, егер кәсіби музыканттар артса, сапалы туындыларды көптеп шығарса, халықтың әнге деген көзқарасы өзгереді, сүйіспеншілігі артады.

Картинки по запросу ринат гайсин

  • Өз әніңізге жазылып жатқан мәтіндерді қаншалықты бақылап отырасыз?
  • Мен осы өзімнің мінезіме ұқсас әндер жазатын сияқтымын. Жұлқынып билеуге лайықтысы жоқ (күліп). Сол себепті әнімнің мәтіндері де өте сапасыз емес. Ән мәтіндеріне сын айтатын кісілерге қосылуға да болады, қосылмауға да болады. Қосылмайтын себебім, қазір «құлақтан кіріп, бойда алар» жақсы әндер бар. Қосылатын себебім, жастар мәтінге көп мән бермейді.Соңғы бір-екі жылда жаңа 4-5 ән шығардым. Қадыр Мырза Әлі, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Ибрагим Исаев, Мұқағали Мақатаев сияқты ұлы ақындарымыздың кітаптарын алып оқыдым. Бір жылдан аса сол кітаптарды зерттеп ән жазадым. Сөздері, мәтіндері, тақырыптары ғажап. Қазіргі сахнада жүрген жастар нағыз поэзияны осы кісілерден алуларына болар еді. Біздер өз тарихымызға, артына үлкен еңбектер қалдырып кеткен өз ата-бабаларымызға онша мән бермейміз. «Әні Ренат Гайсиндікі, сөзі Тұманбай Молдағалиев немесе Фариза Оңғарсынованыкі» десе керемет емес пе?! Неге жастар осындай ақындардың сөзіне ән жазбайды. Жалпы бізде мықты ақындар көп. Мысалы, қазіргі көзі тірі Ұ.Есдәулет, И.Ғайып, Ш.Сариев, Ә.Асылбеков ағаларымыз, жастардың ішіндегі Р.Заитов, Қ.Сарин қандай талантты ақындар. Осы кісілердің жанында отырып, әңгімесін тыңдаудың өзі бақыт. Ал бүгінгі жастар мұндайды ойлай ма, жоқ па, мен білмеймін. Егер әрбір әншінің репертуарында бір классик ақындардың сөзіне жазылған кемінде бір ән болса, қазақ поэзиясы да өлмейді. Елді сыйлайтын әнші де өзіне осыны мақсат ету керек деп ойлаймын. Шынымен де әдетте мәтінге көп дүние байланысты. Әннің мағынасы – оның сөзінде жатады. Қазір «музыкасы ойнақы, елді билететін, тойға жарайтын ән болса» деп ойлайтын әншілер көбейіп кетті. Ән сапалы болу үшін әні мен сөзі бір-біріне құп жарасып тұруы тиіс.

Похожее изображение

  • Енді өнердегі достарыңыз туралы айтып беріңізші. Әсіресе, Мейрамбек Бесбаев екеулеріңіздің достықтарыңыз туралы білгіміз келеді.
  • Мейрамбек екеуміздің бірігіп істеген жобаларымыздан, оған және «МузАРТ-қа» жазған әндерімнен рахаттанамын. Жалпы мен өзімді «МузАРТ» тобының бір мүшесі секілді сезінемін (жымиып). Өйткені әрбір концертіне, жобаларына, гострольдік сапарларына бірге барамын. Оларға деген махаббатым үлкен. Т.Қабатов, Н.Қоянбаев, С.Жолбарыс, А.Еңсепов, Н.Абдуллин ағаларыммен де жақсы доспын. Әулетте бірінші ұлмын. Алматыға келгенде 18-19 жаста болатынмын. Сол кезден бастап Нұрлан ағамызбен араласып, дос болып, оны үлкен ағамдай сыйлап жүрмін.Ал жалпы өмірде дос көп болмайды деген шын екен. Достардың да амалы бар, адалы бар дейді ғой. Нағыз адалдықты Мейрамбектен көрдім. Ол – менің жан досым. Ол үшін әрдайым көңілім ақ, жүрегім ашық. Оның кәсібилігінде мін жоқ, адамгершілігі мен адами қасиеттеріне тәнтімін. Ол достықты бағалайды. «Қайталанбас» деген ұғымға лайықты бірден-бір адам. Мен мұны мақтау үшін айтып отырған жоқпын, достыққа шөліркеп жүрген қоғамда Мейрамбекпен дос болуым – ол да бір жетістігім шығар.
  • Отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз?
  • Төрт балам бар: екі қыз, екі ұл. Қарапайым жүргенді жақсы көремін. Мүмкін менікі дұрыс емес шығар. Бірақ отбасым жайлы көп айтқым келмейді. Себебі, менің отбасым – мені тағдырым. Орыстарда бір сөз бар: «Моя семья – моя крепость». Досым да, отбасым да, сүйікті ісім де бар. Мен өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Бар болғаны осы.
  • Қазір халық сахнада жүрген танымал адамдарға еліктейді. Қоғамдағы түрлі жағдайларға өнер адамдарының белсенділік танытуы керек деп ойлайсыз ба? Сіз белсендісіз бе?
  • Бұл өте қиын сұрақ. Нақты жауап бере алмаймын. Өнерде бір інілерім келіп көмек сұраса, әрқашан қолдаймын. Өйткені мынау қалаға мен де солай келгенмін. Өзімді қоғам белсендісімін дей алмаймын. Инстаграм парақшамды ашып қарасаңыз, байқайсыз. Белгілі бір акцияларға белсенділік танытқанымды көрдіңіз бе? Менде ондай жоқ. Оқырман санын арттырумен, көбейтумен айналыспаймын, миллионға жетсін деп бас қатырмаймын, оның жолы қандай екенін өзім де білемін. Оны бәрі біледі. Бірақ ол мен үшін қызық емес. Өзімді оқитын оқырмандарым мен қызығушылық танытатын тыңдармандарым бар, маған сол да жетеді.Аз еңбегімді елеген еліме рақмет, былтыр «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді. Бірақ менің елге еңбегім әлі толық сіңбеген сияқты. Бұл болашақтың жемісі болуы керек. Араға тағы да ұзақ жылдар өткенде менің шығармашылығымдағы әндер ел ішінде әлі де өз әрін жоғалтпай айтылып жүрсе, еңбегім сіңді деп сол кезде айтуға болатын шығар. Алла амандық берсе, тек қана тынбай жұмыс істеймін.
  • Инстаграмыңызға тек шығармашылығыңыз туралы салатыныңызды байқадық…
  • Интсаграмда отырсаң, түсініксіз жағдайға тап боласың. Қайсысы әнші, биші, қайсысы музыкант екенін айырып білмейсің! Күн сайын ән мен әнші, жаңа жобалар шығып жатады. Сол үшін бүгінгі қазақ музыкасына ақпарат ретінде ғана қараймын. Сонан соң қазіргі жастардың өзінің сүйікті әншісін қандай критерийге байланысты анықтайтынын түсінбей-ақ қойдым. Өзіңіз кішкентай балалардан құралған бір топқа барып «қандай әнші ұнайды?» деп сұрасаңыз, қазіргі танымал әнді орындайтын, «хит» болып жатқан әншілерді айтады. Бірақ ертең сол әншінің танымалдығын үш жылдан ары асыра алмаймыз ба деп қорқамын. Бес жыл өтпей жатып ұмыт қалатын дүниелер көбейді.Тарихта қалу үшін өнер адамы кемінде 10-15 жылға нақты жоспар құрып, өнімді еңбек етуі керек. Еңбектің ішіне көп нәрсе кіреді: тәрбие, ақыл, білім, талант, сенің оқыған, тәжірибе жинаған жылдарың. Яғни, мұның бәрі бес жылдың ішінде орындала салатын дүние емес. Бәлкім оған он жыл керек шығар. Еңбек жолы – ұзақ жол. Әр әнші сондайға ұмтылу керек. Ал қазіргі екі-үш жылдық әншілерге мен аса мән бермеймін.

– Сахнада жүрген жастарға көңіліңіз тола ма?

  • Жастардың ішінде, әрине, мықтылары бар. А.Төлепберген, Н.Керменбаев, Ж.Дұғалова, Д.Құдайберген, Адеми сияқты көптеген жастарды өз мақсат, жолымен еңбектеніп келе жатқан  «әнші» деп атап өтер едім. Бұлар – тәжірибелі, өмірге деген көзқарасы бөлектеу өнерпаздар. Менің бір ғана ниетім, арман-тілегім бар: жоғарыдағы жастар секілді басқа да әншілер халықаралық байқауларға қатысса, ел көріп, өз еңбегін бағалап, еңбектенсе. Жас әншілер бір күндік, бес күндік емес, өмірін әншілікке арнауға дайын болса деймін.
  • Алдағы уақытта үлкен кеш өткізу ойыңызда бар ма?
  • Күнделікті әріптестерім қоятын сұрақтың бірі осы. Әнім аз емес, бірақ тағы да айтамын, өзіме жарнама жасағандай, жыл сайын шығармашылық кеш өткізуден аулақпын. Бұған дұрыстап, кеңінен ойланып, дайындалуым керек. Менің шығармашылығымда тек қана әндер емес. Қаншама киноға ән жаздым, пластикалық, инструменталдық туындыларым жетерлік, шетелдіктермен бірлескен көптеген жобалар болды. Солардың барлығын бір концертке енгізу қиын. Шағын зал алып, сапалы музыкамен (ән емес) концерт қойғым келеді.

Әңгімелескен Гүлім РЫСҚҰЛ

 

Пікір қосу