Белгілі продюсер Жан Мұқанов Tengrinews.kz «The Эфир» бағдарламасында берген сұхбатында әнші Төреғали Төреәлімен арасында болған кикілжің туралы айтып кетті.
«Мен Шымкентте жүргенде таныс кісілерден «сен туралы осылай айтып жүр ғой, қалай болғаны?!» деген сөздерді естігенде қатты ашуландым. Ашумен бар ренішімді әлеуметтік желіге жазып, салып жібердім. Иә, мен үшін оның тарапынан бұл үлкен сатқындық болды. Алайда, мен оны шынымен туған інімдей қатты жақсы көрдім. Қазір, әрине, реніш бар. Бірақ, үлкен өкпе жоқ.»,- дейді продюсер.
Жан Мұқанов продюсерлікке келмей тұрып, аспаздық, балалар лагерінде пианер-жетекші, безендіру істерімен айналысқандығы туралы бөлісіп кетті. Тіпті, шетелге барып безендіру ісін тереңдете үйреніп келіп, көптеген үлкен іс-шаралардың безендіру жұмыстарын жүргізген.
Ұйымдастырушылық өзіне жақын екендігін байқаған Жан Мұқанов Мәскеу қаласына барып, продюсерлік мамандығын меңгеріп шыққан.
«Мәскеуде оқуды аяқтаған соң, бір жыл сол қалада тәжрибиеден өттім. Үлкен жобалармен жұмыс істедім. Маған, тіпті, Мәскеуде лауазымы да, жалақысы да жақсы жұмыстар ұсынылды. Алайда, мен елге қайтқым келді. Бар үйренгенімді өз елімізге алып келгім келді.»,- дейді Жан Мұқанов.
Бүгінгі күнге дейін Жанболат пен Жазира, Нурлан Албан, Ақбота Керімбекова, Ләйлә Сұлтанқызы, Баян Есентаева, Айгүл Мукей секілді көптеген танымал кісілермен бірге жұмыс істеген.
«Көптеген адамдармен жұмыс жасадым. Тойлар ұйымдастырып, неше түрліні көрдік. Шымкенттегі торт секілді, гауһартасты шашу етіп шашқан тойды да, дәл той үстінде екі жас жұбай ажырасып кеткен тойларды да көрдік. Әрине, қаражаты болған соң тойлары ерекше өту үшін жасап жатады. Көбінесе, тойларға «Музарт» тобы, Қайрат Нұртас, Ерке Есмахан, Бүркіт пен Аиша, Жанболат пен Жазираны шақырады»,- дейді продюсер.
Продюсер қазіргі әншілердің көбісінің қаржысының көпшілігі осы той бизнестен келетіндігін айта кетті.
Қазіргі таңда, Жан Мұқанов «7-арна» кеңесшілер алқасының мүшесі.
«Болашаққа жоспар, жобалар көп. Бірақ, бір түйгенім – адамдарға, әсіресе, әртістерге қатты жақын болмаймын. Бауыр баспауға тырысу екен»- деді Жан Мұқанов.