Айсәуле БАҚЫТБЕК, тележүргізуші: 

– Бір жылдары «Маmma mia» бағдарламасын жүргізген едіңіз. Арада біраз уақыт телеарналардан мүлде көрінбей кеттіңіз. Осы жобадан кейін өзге де бағдарламаларды жүргізуге сізді шақырғандар болды ма?

– Иә, «Mamma mia» халықаралық жобасынан кейін теледидарда көрінбей кетуімнің себебі болды. Мектепті тәмамдағаннан соң шетелге екі жылға оқуға кеттім. Алайда белгілі жағдайларға байланысты елге қайтып оралдым. Осы жылдың күзінде оқуымды жалғастыру үшін АҚШ-қа бармақшымын. «Мamma mia» жобасынан кейін бірнеше бағдарламаларды жүргізуге шақырды. Бірақ, ұсыныстардан бас тарттым. Себебі, олардың басқа жобалардан ерекшелігі болмады. Бұйырса, жақында өзгеше жаңа жобада бой көрсетемін. Бұл бағдарлама ­– осыған дейін қатыса алмаған бағдарламаларымның орнын толтырады деп ойлаймын. Қандай жоба екені әзірге құпия. Дегенмен, ерекше әрі қызықты жоба болатыны сөзсіз. Сондықтан, менен жақсы жаңалық күтіңіздер!

– Жалпы, сізге телеарнада жұмыс істеген ұнай ма?

– Мен өзімді бала кезімнен тек теледидарда ғана елестететін едім. Қазір индустрия бұрынғыға қарағанда дамыды. Шоу-бизнес өзінің шекарасын кеңейтті. Теледидардағы кино, жарнама,  бағдарламалардан басқа да дүниелер жарыққа шықты. Бұрын өзімді теледидарда елестетсем, қазір  ғаламтор арналары, смартфон қосымшалары, әлеуметтік желілерде көремін. Болашақта шоу-бизнестің дәстүрлі саласында емес, заманауи жаңа медиа саласында жүретін боламын.

– Дубайда журналистика саласы бойынша аз уақыт білім алғаныңызды білеміз. Оқуды тәмамдаған соң журналист ретінде жұмыс істеп көрдіңіз бе?

– Дубайда журналистика мамандығы бойынша бір жыл оқып, одан кейін АҚШ-тың Калифорния штатында жалғастырдым. Әлі де сол жердегі оқу орнында білім алып жатырмын. Журналист ретінде жұмысқа әлі білек сыбана кіріспедім. Алайда, Hola Show бағдарламасының сценарийі мен мәтінін өзім жазамын. Қазір өзімді журналист ретінде дамыту үстіндемін. Әртүрлі тақырыптар туралы өз ойымды білдіргенді жақсы көремін. Адамдармен көбірек сұхбаттасуға, пікір алмасуға тырысамын.

– Қазір Hola Show бағдарламасынан басқа тағы немен айналысып жүрсіз?

– Бұдан бөлек жоғарыда айтқанымдай, өз жобам басталғалы тұр. Бірақ, ол туралы ашып айтуға әлі ерте.

– Анаңыз продюсерлік еткен «Тракторшының махаббаты» фильмінде басты кейіпкердің қарындасы болып ойнаған едіңіз. Ары қарай тағы да киноларға түсіп, актрисалық қырыңыздан танылғыңыз келмей ме?

– «Тракторшының махаббаты»  – менің алғаш түскен телехикаям. Кәсіби актриса болмасам да, кейіпкерімді көрерменге жақсы жеткізе алдым деп ойлаймын. Бірақ, мен актриса емес, журналистпін. Осы телехикаядан кейін бір отандық режиссер мені басты рөлде ойнауға шақырды. Мен ойланып, келісімімді бердім. Ол фильм жуық арада шығады. Одан кейін ешқандай фильмге түспедім. Болашақта да бұл өнердің тізгінін ұстамайтын шығармын.

– Дубайда оқып жүргенде Инстаграм парақшаңызға Қазақстанның  ешбір елден кем түспейтін, өте дамыған мемлекет екенін айтып, жастарды патриот болуға шақырып едіңіз. Тіпті, онда «Отанында тұрмаған адам бақытсыз» деген болатынсыз. Менің түсінбегенім, онда өзіңіз неліктен еліміздегі университетті емес, шетелдік оқу орнын таңдадыңыз?

– Қазақстан қанша дамығанымен, ең жоғары білім беретін оқу орындары – АҚШ-та. Ал білім саласы бойынша Қазақстанның нешінші орында тұрғанын білмеймін. Менің ойымша, патриотизм ешқашан соқыр ойлардың жетегіне ермеу  керек. Иә, мен өз елімді сүйемін. Патриот дегенің, сөз еліңе бар жақсылықты тілеу емес пе? Өркениетті елдердің қатарына жету үшін жастарға ғылым, білімнің керек екені айтпасақ та түсінікті. Сол себепті, егер сенде сапалы білім алу мүмкіндігің болса, оны құр жібермеу керек. Менде ондай мүмкіндік болды және мен оны ұтымды пайдалана білдім. Енді осы білімімді елімнің игілігіне  жарататын боламын.

– Әлеуметтік желілерде әртүрлі суреттер жариялап, сынға жиі ілігесіз. Мәселен, сіздің өте ашық киінген көйлегіңізді жұрт қатты сынады. Мұндай сындарға көзқарасыңыз қандай?

– Егер мұндай пікірлердің бәріне құлақ асатын болсам, ән айтпай, би билемей, сән көрсетілімдеріне шықпай, тіпті тамақ ішпей, үйде отыратын едім. Біздің халық адамның тұлғалық дамуын басуға құштар. Басқалардан кішкене ерекшелене қалсаң, жаман нәрсе істегендей көреді. Жабыла жамандап, жеке басыңды сан-саққа жүгіртеді. Шын мәнінде, киім арқылы ерекшеленіп жүру қазіргі күнде қалыпты жағдайға айналды. Мен жайлы «сыртымнан тон пішіп» айтқысы келгендер айта берсін. «Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз бар. Мысалы, бүгін Инстаграмға сән көрсетілімінде дефилеге шыққанымды жариялаған едім, оқырмандар: «Асығып жүресің», «Басқа жаққа қарап тұрсың», «Қолыңды бет-алды сермей бересің», «Басыңды түзу ұстамайсың» деген пікірлерді жарыса жазды. Біреуді үйде отырып алып сынаудан оңай жұмыс жоқ. Ал нақты іске келгенде сол сынаушылар мұның қаншалықты қиын екенін түсіне ме екен? Сондықтан, біреуге сын айтпас бұрын істің анық-қанығын біліп алғанымыз дұрыс. Нағыз бақытты әйелдер ешқашан басқа әйелді ренжітіп, кемсітпейді. Олардың тіпті басқаларда жұмысы жоқ. Әйелдер бір-бірін қолдау керек. Адамдардың бір-біріне деген махаббаты мен құрметі ғана бұл өмірдің жалғыз шындығы деп ойлаймын.

– Жалпы, киім таңдауда анаңызбен ақылдасасыз ба? Әлде өз талғамыңызға сенесіз бе?

– Киімді өзім сатып аламын. Екі жыл отбасымнан жырақта, шетелде өмір сүрдім. Ол кезде анаммен «Қандай киімді алсам болады?» деп ақылдасуға мүмкіндігім болмады. Әрине, қасымда анам болса одан ақыл-кеңес сұраймын. Бірақ, киімді көбінесе өзім таңдаймын. Мысалы, Жаңа жылға арналған көйлегімді өз қалауым бойынша тіктірдім. Өзімді талғамы бар, шешім қабылдай алатын ересек адаммын деп есептеймін.

– Сондай-ақ, жақында итіңізге өзіңіздің тегіңізді беріп, тағы да көпшіліктің наразылығын тудырдыңыз. Жалпы, ит асырауыңызға не себеп болды?

– Бала кезімнен өз итім болғанын армандайтынмын. Ал ата-анам менің үйде ит асырауыма рұқсат бермеді. Өйткені, олардың итке аллергиясы бар болатын. Бірақ, АҚШ-қа оқуға кеткенімде жанымда сүйікті адамым болғанына қарамастан, өзімді жалғыз сезіндім. Үйге келгенде біреудің мені қарсы алғанын қаладым. Әрқашан қасымнан табылатын, адал досым болса екен деп тілейтінмін. Бұл итті маған жігітім тосын сый жасап, бала арманымды орындады. LA – менің ең жақын досым.

– «Ислам дінінде итті үйде ұстамаған. Итке баладай қарауы несі?» деп жазатын оқырмандарыңыза не дейсіз?

– «Итті үйде ұстауға болмайды» деген пікірді бірнеше адамдардан естідім. Алайда итім мені қалай жақсы көретінін білсеңіз ғой! Үйге келсем қатты қуанады, мені қорғап жүреді. Менімен бірге ұйықтайды. Демалып жатқанымда, бөлмеге ешкімді кіргізбейді. Итім туралы жаман сөз естісем, маған қаратылып айтылғандай қатты ренжимін. Адамдардың теріс пікірлеріне қарамастан, итімді өте жақсы көремін.

– Итпен дос болып, қамқорлық танытқаныңыз дұрыс-ақ. Бірақ,  уақытымен спаға, салонға апару тым артық емес пе?

– Әлеуметтік желіде «Итімді қандай спаға апарғаным дұрыс?» деген сұрағыма ел шуласты. Халық арасында ашу тудырайын деген ойым болған жоқ. Мен жай ғана кеңес сұраған болатынмын. Бар болғаны итіме ұнайтын жағымды нәрсе істегім келді. Мұнда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын.

– Тіпті, итіңіздің Инстаграмда парақшасы да бар. Оны ашудың қажеті қанша еді? Бұл еріккеннің ермегі емес пе?

Бұл сұраққа жауап бермеймін.

– Әлеуметтік желіде көп отырасыз ба? Уақытыңызды қаншалықты тиімді пайдаланасыз?

– Әлеуметтік желілерде көп отырмасам да, арнайы уақыт бөлемін. Себебі, ол жерде белгілі бір аудиториям бар. Инстаграм да менің өмірімнің бір бөлігі. Оқырмандарыммен әртүрлі тақырыпта өз ойымды бөліскен ұнайды.

– Қазір Инстаграм жұлдыздары табыс табу үшін заттың сапасына мән бермей жарнама жасай береді. Жұрт «жұлдыздар мақтап, қолданып жатса жақсы өнім болар» деген сеніммен сатып алады. Сіз өнімді жарнамалар кезде оның сапасына мән бересіз бе? Әлде бұған тек табыс көзі ретінде қарайсыз ба?

– Жарияланған әр жарнамам үшін белгілі бір табыс табатыным рас. Алайда өзім өнімділігіне көз жеткізбеген тауарды жарнамаламаймын.

– Жалпы, сізге Инстаграм арқылы табыс табу ыңғайлы ма? Ең көп тапқан табысыңыз қанша?

– Әрине, Инстаграм арқылы табыс тапқан өте ыңғайлы. Бірақ, мен «табыс табудың жөні осы екен» деп шектен шықпаймын. Осының арқасында ата-анамнан ақша сұрамаймын. Егер маған жарнамалауды ұсынған тауар өзіме  ұнамайтын болса, жарнамалаудан бас тартамын. Сапасыз киімді, сапасыз тауарды, жалған фейк парақшаларды жарнамаламаймын.

– Қазіргі уақытта кейбір ата-аналар мен балалар бір-бірімен сөйлесіп, сырласа білмейді. Ал сіз ана мен қыздың арасындағы нәзік байланыс қаншалықты маңызды деп ойлайсыз? Анаңызбен жиі сырласасыз ба?

– Кім не десе де, ана − сені жарық дүниеге әкелген адам. Ол – сенің ең жақын адамың. Мен анаммен өте жақын қарым-қатынастамын. Одан ештеңені жасырмаймын. Біз ана мен бала емес, құрбы секілдіміз.

– Анаңыз Айару екеуіңізге қаншалықты жиі уақыт бөледі?

– Біз үшін жексенбі – отбасы күні. Жексенбі күні анамыз ештеңе жоспарламай, уақытын бізге бөледі.

– Бұрын жігітіңізбен құшақтасып түскен суреттерді жиі жариялайтынсыз. Бұған ата-анаңыз қалай қараушы еді? Жалпы, сүйіктіңізді ата-анаңызбен таныстырдыңыз ба?

– Иә, бұрын сүйікті адамыммен суреттерім жиі жарияланатын. Кейін өзімнің жеке өмірімнің халыққа жария болғанын қаламадым. Ата-анам жігітімнің бар екенін біледі.

– Анаңыз әнші Әли Оқаповты «күйеу балам» деп жиі қалжыңдайтын. Алайда осы әзіл-қалжыңы аралас әңгімеден кейін Әли екеуіңіздің араларыңызда сезім ұшқыны пайда болмады ма?

– Әли екеуміз жақын араласқан емеспіз. Бұл анамның жай ғана қалжыңы болатын. Ал халық мұны бірден әңгімеге іліп алып кетті. Әлимен достық қарым-қатынастамыз. Және ол достықтың махаббатқа ұласуы мүмкін емес.

– Сырт көзге сіңліңіз Айару екеуіңіздің мінездеріңіз мүлдем ұқсамайтын сияқты көрінеді. Жалпы, әпке ретінде Айаруға қаншалықты қамқорлық танытасыз?

– Сырт келбетіміз бен мінезіміз ұқсамайтынына қарамастан, Айару екеуміз құрбы секілдіміз. Айару көбінесе бір мәселе төңірегінде шешім қабылдай алмаса немесе біреудің ақыл-кеңесі қажет болса маған жүгінеді. Оның сабағына көмектеспеймін. Себебі, Айару – зерек қыз. Менің көмегімсіз-ақ сабақты жақсы оқиды. Жалпы, туған бауырдың не екенін сезінгенім үшін бақыттымын. Ол дүниеге келген күннен бастап ата-анам: «Дүниеде ең жақын адамың осы болады» дегенді құлағыма құйып келді. Шын мәнінде де солай болып шықты. Анам отбасында апалы-сіңлілі үш қыз. Есімді білгелі бері анамның әпке-сіңлісімен өзара тату болғанына куә болып өстім. Осы тұрғыда анамнан үлгі алуға тырысып жүрмін.

– Сіз сырт көзге ақсаусақ, нәзік қызға ұқсайсыз. Үй шаруасына сізді пысық деп айта аламыз ба? Тамақ әзірлеуді білесіз бе?

– Жоқ, үй шаруасына пысық емеспін. Аспаздық қырым жоқ, дәмді ас әзірлей аламын деп айта алмаймын.

– Әр қыз баланың арманы ақ көйлек киіп, сүйген адамына тұрмысқа шығып, ана атану. Ал сіз отбасын құру туралы ойлайсыз ба? Жоқ, әлде бұған әлі ерте ме?

– Өте әдемі той көйлегін киіп, керемет той жасап, тұрмысқа шығуды кім армандамайды дейсіз? Әр бойжеткен өзінің ұзату тойын ертегідей өткенін қалайды. Менің де үлгілі отбасы болып, ана атану ойымда бар. Бірақ, оған әлі ерте. Жігітім де әлі үйлену туралы сөз қозғамады.

                                                                               Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

                        Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!

(«Жұлдыздар отбасы» журналының 2017жыл,

№22 санынан қысқартылып алынды)

 

Пікір қосу