Анара, бүгінде сізді жұрт «Q-елі» телесериалындағы «Айнурофишл» рөлі арқылы жақсы таниды. Тіпті сізді осы кейіпкеріңізбен шатастыратындар да бар екен. Ендеше әңгімені осыдан бастаңызшы…

Негізі, менің кино саласындағы жұмысым – Қайрат Нұртастың «Ауырмайды жүрек» әнінің бейнебаянына түсуден басталды. Ол кезде мен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының 2-курсында оқитынмын. Бұл бейнебаянның кастингіне өте көп қыздар қатысты. Бірақ солардың ішінен режиссер мені таңдап алды. Шынын айту керек, негізі мен бұл бейнебаян соншалықты «бомба» болады деп ойлаған жоқпын. Және Қайраттың жанкүйерлерінің де соншалықты көп екенін білмеген едім. Бейнебаян жарыққа шыққаннан кейін Қайраттың жанкүйерлері: «Стерваның рөлін жақсы алып шықтыңыз», – деп неше түрлі пікірлер айтып жатты. Және солардың арқасында танымал бола бастадым. Содан кейін мені қосалқы рөлдерге шақырды. Мәселен, «Хабар» телеарнасындағы «Қыз жолы», «НТК» телеарнасындағы «Зауал», «Қазақстан» телеарнасындағы «Үй болу қиын…»,«Домашние воины» деген сериалдарға түстім. Ал «Q-елі» телесериалына түскеннен кейін менің танымалдылығым тіптен арта түсті. Осы сериалдың бірінші маусымынан кейін Инстаграмдағы парақшама 25 мың адам жазылды. Ал екінші маусымында оқырманым 500 мыңға жетті. Себебі, мен «Q-елі» скетчкомынан алынған кішкентай үзінділерді парақшама жиі жариялап отырдым.

Сериалдағы «Айнурофишл» үнемі Инстаграмнан шықпайтын ақымақтау қыз. Көп адамдар сіздің мінезіңізді соған ұқсатады екен…

Иә, оны мен де байқадым (жымиды). Жұрт мені Айнур деп қабылдаса, демек, мен өз рөлімді жақсы ойнадым деген сөз. Тіпті мені Айнурмен шатастырып, жағымсыз пікір қалдырып, сыбап алатын оқырмандарым бар. Ал негізінен, менің мінезім мүлдем басқаша. Айнур – үй шаруасына мүлдем араласпайтын, қолынан телефоны түспейтін, дүкен аралағанды жақсы көретін қыдырымпаз қыз. Және өте өзімшіл. Ал мен ондай емеспін. Бос уақытым болса үй тазалап, тамақ жасап, ата-анамның жанынан табылуға тырысамын. Сосын жұрт мені Айнур сияқты ұшқалақ, шошақай, ақылсыз деп ойлайды. Керісінше, өмірде өте салмақтымын.

Телехикаяларда неге тек жағымсыз рөлдерде ойнайсыз?

Себебі, мені режиссерлер үнемі осындай рөлге шақырады. Және мұның мән-жайын өзім де сұрап көрдім. Сонда режиссерлер: «Сіз жағымсыз рөлдерді жақсы ойнайсыз», – деп мақтады. Мұндай рөл де жақсы шығар. Бірақ мен болашақта салмақты, сыпайы қыздың да бейнесін сомдап көргім келеді.

Телехикаядағы рөлдеріңізге қарап сізді байдың қызы деп ойлайды. Расында да ата-анаңыз ауқатты жандар ма?

Мен өте қарапайым отбасынан шыққанмын. Біз отбасында үш ағайындымыз: ағам, әпкем және мен. Мен үйдің кенжесімін. Бойымдағы өнер әкемнен дарыған. Ол кісі кезінде ансамбльде ән шырқап, бас гитарада ойнаған. Даусы өте жақсы. Қазір әкемнің кішігірім жеке кәсібі бар. Ал анам үй шаруасында.

«Q-елі» скетчкомыында жігітіңіз болып ойнайтын Қуат екеуіңіз өмірде де жақсы достар сияқтысыздар. Араларыңызда махаббат сезімі жоқ па?

Иә, Қуат екеуміз өмірде жақсы доспыз. Кинодан тыс уақытта да хабарласып, қалымызды сұрап тұрамыз. Бірақ арамызда махаббат жоқ.

Жалпы, сізге қандай ер азаматтар ұнайды. Қазір көңіл жарастырып жүрген адамыңыз бар ма?

Қазір жігітім жоқ. Маған алдына мақсат қоя білетін, салмақты, иманды жігіттер ұнайды. Болашақта өзімнің ойымдағы азаматтың кездесетініне сенемін.

 

Сұхбаттасқан Самал ӘДІГЕНҚЫЗЫ

Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!

(«Жұлдыздар отбасы» журналының 2017жыл №13 санынан қысқартылып алынды)

 

Пікір қосу