Бұл күнгі сот отырысы дәл белгіленген уақытында, сағат 12-00-де басталған.
Уақытында келсе де тіл жанашырларының жартысы сотқа кіргізілмеді, «орын жоқ, сот залына сыймайсыздар» — деген сылтаумен. «Кіре берейік. Тұрып тұрамыз.» — дегенімізге құлақ аспады.
Сот залына қалта телефонымен кіргізбегендіктен, сот жайынан хабарлайтын фото, яки бейнебаян жасалынбады. Сот үшін қарапайым халықтың телефоны сотқа кіргізілмейтін суық қарудай сияқты ма, ол жағы түсініксіздеу.
Мен үшін ең сорақысы, бұл — соттың ҰЙҒАРЫМЫ болды.
Сот сағат 12-00-де басталып, бес-ақ минутта аяқталған. Сотта Оғыз Доғанға сөз берілген. Ол, өзінің ешқандай өтемақы талап етпейтінін, бар болғаны Эйр-Астананың қазақ тілін қорлағаны үшін бүткіл қазақтан кешірім сұрауы тиіс екенін әдемілеп айтқан. Сот төрағасы да Оғыз Доғанның сөзін қостайтындай сипатта бірер сөз айтып, Эйр-Астананың өкілдеріне жағдайды ушықтырмай кешірім сұрай салуға болатынын айтты. Сосын, сот ұйғарымды үзілістен кейін, яғни сағат 14-30-да беретінін айтып отырысты аяқтаған.
Екі жарым сағат уақытты босқа өткізбеу үшін сотқа келген тіл және ел жанашырлары жиылып кафеге бардық. Өзара танысып, тіл және ел тағдырына қатысты, Оғыз Доған сотына қатысты пікірлерімізбен бөлістік… Үзілістен кейінгі сот отырысында Эйр-Астананың кешірімін есітерміз деген зор үмітте болдық. Бірақ, ол үмітіміз ақталмады.
Түстен кейінгі сот отырысына да арнайы келген тіл мен ел жанашырларының жартысын кіргізбеді. Сот отырысы тағы да созылмай, бес-ақ минутта бітті.
Сот төрағасы өз ұйғарымын оқитынын мәлімдеп, Эйр-Астананың сұрағанындай, «талапкер ұсынысын қараусыз қалдыру» ұйғарымын қабылдайтынын айтты. Себебі, Оғыз Доғанның соттасу себебі жайлы шағым-хаты Эйр-Астанаға жеткізілмепті-мыс. Негізінде, ол хатты Оғыз Доғанның адвокаты Абзал Құспан жазып, арнайы бір кісіге «Эйр-Астана» компаниясына табыстауға берген екен. ..
Мейлі, ол хат жетпей-ақ қойсыншы. Ақыры осылай ұйғарым жасайтын болса, онда сот төрағасы бұл сотты неге созбақтап, бұл сотқа арнайы тіл жанашыры боп келген осыншама азаматты сабылтып жүрген?
Ескерте кетейік! Бұған дейін ҮШ РЕТ сот отырысы болып, оларда да Эйр-Астананың «хат жеткізілмеді» дегендей сөзіне негіздеп, осы уақытқа дейін созбақталып келген!…
Сот залынан тысқарыда өткен жиында, біз — тіл және ел жанашырлары, сотта Оғыз Доғанның талаптарының толықтай орындалуын жөн санап, соттасуды жалғастыратын болып келістік. Сот шешімі, яки ұйғарымы қандай болса да, біздің талабымыз кері кетпей, қайта өрістей бермек. Өйткені, талабымыздың әділ екені, тіл мен ел мәселесін көтеріп отырғанына еш күмән жоқ. Біздіңше, егер талабымыз толықтай орындалмаса, онда сот пен біздің, яғни халықтың арасындағы түсініспеушілік, араздық өрши түспек!
Төлеген Сейдолла-ұлы