Реке, 21 қазан күні «Р. Стамғазиев сахнада – 30 жыл!» деген атпен концертіңіз өтеді. Көрерменге қандай сый дайындап отырсыз?
Биыл сахнада жүргенімізге 30 жыл толып отыр. Бұған дейін талай ән кештерін бердім. Жылда концерттерім де болып жатыр. Ал осы республика сарайында өнер көрсетпегелі 3-4 жыл болып қалыпты. Бұл кеште жарым Ұлту Қабаева да сахнаға шығады. Жаңа репертуарын ұсынады. Осы уақытқа дейін жиған-терген дүниемді халыққа көрсетсем деймін. Шәкірттерім бар дегендей. Бұған дейінгі концерттерімде хорды да қостым, академиялық оркестрмен де, ансамбльмен де шықтым. Түрлі форматты көрерменге ұсынғам. Осы жолы олардың көбін қоспадым. Қазір барлығын жайып салғым келмейді. Мен өзімді жарнамалауға жоқ адаммын. Алайда өнер деп келген көпшілікке барымды салып, өнер көрсетуге әзірмін.
Сахнада жүргеніңізге 30-жыл болды деп отырсыз. Өмірдің әр сәтінен сабақ алуға болады. Ал өнер мектебі таусыла ма? Әліде, үйрене алмағаным дүниелерім бар деп ойлайсыз ба?
Үйрене алмаған дүниелер көп қой. Баяғыда елуге келген адамды дүниенің барлығын қопарып тастаған шығар деп ойлайшы едік қой. Қазір не істедім деген сұраққа жауап бере алмай қаласың. Әйтеуір қазақтың халық әнін, дәстүрлі әнін айтқаным рас. Қаншалықты орындай алғанымды халық біледі. 30 жылдың ішінде қаншама шәкірт дайындап шықтым. Қаншама қазақ балаларын оқыттым. Қытай, Моңғолия сынды шет елдерден қазақ балаларын алып келіп, білгенімді үйреттім. Соның ішенде қаншама лауреат шықты. Бір қуанатыным: шәкірттерімнің көбісі домбырасын керегеге сүйеп қойған жоқ. Осы өнердің ортасында жүр. 30 жылдың ішінде дүниенің төрт бұрышын аралап келдім. Үлкен-үлкен сахналарды көрдім. АҚШ-тың Вашингтон, Нью-Йорк қалаларында, Мәскеудің үлкен театры мен Санкт-Петербургтегі Мариинский театрда да ән салдық. Осындай үлкен сахналарда қазақтың әнін айтқаныма бақыттымын. Тұрмыс жағыма қарасам, аллаға шүкір бала-шағам өсті. Немере сүйдім. Құда-жекжаттарым бар.
Әрбір өнер адамының мақсаты болады. Мәселен актердың ойнағысы келетін рөлі, жазушының жазғысы келетін шығармасы дегендей. Сахнаға алып шықсам деген әндердің барлығын орындай алдыңыз ба?
Осы соңғы екі жылдың ішінде, бұрынғы орныдап жүрген әндерімді қосқанда, 200-ге тарта әнді таспаға жаздым. Әлі 150-ге тарта жүрексініп, бата алмай жүрген әндер бар. Оларды жай студияға барып жаза салуға болады. Әйтеуір «Стамғазиев орындады» деген атқа бола. Өзімше бір бояулар салып, кейінгі ұрпақ «мынау Рамазанның орындауындағы нұсқа» деп айтып жүретіндей ол әндерге үлкен дайындықпен барғым келеді. Сол 150-ге тарта әндердің ішінде «Қанатталды» мен «Шама» бар. «Шаманы» шамаң келсе айтасың дейді. Бұл әнді шарықтатып өз деңгейіне жеткізіп орындау деген қиын. Әлі күнге дейін «Шаманы» айтуға жүрексінем.
Өз тыңдаушыларыңыз жайлы ойлайсыз ба? Олар қандай адамдар?
Менің тыңдаушыларымның көбісі алдыңғы буын өкілдері. Өмір көрген, өмірден біраз дүние түйген, құлағы бұзылмаған адамдар, даңғаза дүние мен арзанқол театрлардың құлы болып кетпеген жандар, бұрыңғы әншілерді тыңдаған талғампаз көрермендер деп ойлаймын. Концерттік сапарларында сахнаға шығып бір-екі ән салғаннан кейін дайындап барған әндерімді айта алмай қалған жағдайлар болған. Сұраныспен ән айтып кетем. Залдан тапсырыс та беріп жатады. Пәленбайдың әні пәленбай деп жатбайды. Мысалы, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі» десең неше түрлі вариантта орындап берулерін сұрайды. Кейде осылай дайындап барған бағдарламаң жайына қалып, солардың ығымен кетіп қаласың.
Қазір кез-келген мерейтойда ат мінгізу, шапан жабу т.б. құрметтердің түрі көбейіп кетті. Өнерді тамашалаймын деп келген қауымның уақытын мадақ пен марапаттар алып жатады. Бұл тіпті біздің өмір салтымызға айналып кетті.
Әр концерттің өз форматы болады. Көптеген жерде маған сахнаға шығып сізге арнау өлең оқысақ, шапан жауып сыйлық жасасақ дегендей ұсыныстар түседі. Мен оның бірінде жасатқаным жоқ. Көрсетер құрметтің өз орны болады деп жауап берем. Көп әріптестерім формат дегенді білмейді: афишаларында сольный коцерт деп тұрады. Бірақ етегінде алпыс апасы, жетпіс жездесі жүреді. Әнші сольный концерт деген сөзіне жауап беруі тиіс. Кеш деген бар, мерейтойлық деген бар. Оның форматы бөлек. Осы форматты білмегесін осылай болып жатады. Концерт басында бата бергізеді, кейбір жерлерде шашу шашып жатады, тұсауын кестіреді. Осыларды концерттің үстінде жасап жатады. Менің соған жыным келеді.
Осы көп жағдайда 50-ге кеп жатқан аға-апаларымыз өткен жолын қорытындылап жатады. Әрине, ол да дұрыс шығар. Бірақ бұл бір жағынан творчествосы осымен тоқтап қалғандай әсерде қалдырады. Журналисттер не көрдіңіз, не қорыттыңыз деген сыңайдағы сауалдар қойып жатамыз.
Қанат, ойыңды түсіндім. 50 – жас былшылдаған емес, қылшылдаған жас. Нағыз қайралатын кез. Осы уақытқа дейін ойға түйгеніміз бар. Мені осы күнге дейін талай қызметке шақырды. Бастық бол деп креслолар ұсынылды. «Жасың елуге келіп қалды, бұл сенің отыратын орның емес» деген әңгімелердің неше түрін тыңдадық. Егер мәнсап қуған адам болсам, ұсыныстардың бірін қабылдар едім. Мен өнерді жақсы көрем. Өз мамандығымды сүйемін. Кішкентай кезімде өзіме-өзім осы өнерге бар ғұмырымды арнаймын деп ант бергем. Сол сөзден таймаймын. Болашақта Манарбек, Дәнештер сынды ән мектебімді қалыптастырғым келеді. Бар арманым сол. Ұстазым Қайрат Байбосынов айтатын: «Тым құрығанда бір әннің кілтін тапсаң. Соның өзі бақыт», – деп. Шашубай бабамыз бір ғана «Аққайың» әнімен әлі күнге қазақ даласын тербетін тұр емес пе?!. Қазақтың есінде бір ауыз әнім қалса, менен асқан бақытты адам болмас еді.
Сұхбаттасқан Қанат Тілеухан