Мақсат мырза,  «Алаш жолы» жалпыхалықтық қозғалысы» РҚБ тіркеуде қиындықтар болмады ма? Оны сұрауымның себебі бізде соңғы кездерде саяси ұйымдарды ашу қиындап кетті емес пе.

Біздің елде, біздің қоғамда қай дүние оңай шешіле салушы еді? Оның үстіне «Алаш жолы» қозғалысы билік саясатына қарсы ұйым болса. Сондықтан, түрлі-түрлі қиындықтар болды, тіркелмесе министрлікті сотқа береміз, сол үшін митинг ұйымдастырамыз деген де сөздер айтылды. Нәтижесінде қоғамдық бірлестік тіркелді.

БАҚ-нан сіздердің тіл, жер мәселесі және қытай экспансиясына қарсы жұмыс жасуды жоспарлап отырғандарыңызды оқыдым. Нақты қандай тетіктер арқылы жұмыс жасайсыздар? Біздің мемлекетте қоғамдық ұйымдардың билікке әсер етуі мүмкін емес жағдай емес пе?

Қоғамдық ұйымдардың әрекеті билікке әсер ете алмайды деген жаңсақ, керітартпа, әрі қауіпті пікір. Тіркелген республикалық қоғамдық бірлестік түгілі кейбір қозғалыстардың да, тіпті кейде жекелеген белсенділердің де әрекеті билікке, биліктің белгілі бір шешімдер қабылдауына зор әсерін тигізіп жатады. Мысал ретінде айтайын, 2013 жылы шілдеде құрылған «Антигептил» азаматтық қозғалысы аз уақыттың ішінде гептил деген нәрсенің аса улы екеніне бүкіл қоғамның назарын аудартты және «Протон» зымыранының ұшу санының едәуір қысқаруына белгілі бір дәрежеде әсерін тигізді.

Ал, «Алаш жолы» жалпыхалықтық қозғалысы өткен жылы жер дауына бүкіл халықты жұмылдыра алды деуге болады. Соның арқасында билік, Президент «Алаш жолы» қозғалысының бес талабының үшеуін  орындауға мәжбүр болды. Соның арқасында билік 1,7  млн. гектар ауылшаруашылық жерін сату жөніндегі жоспарынан бас тартты. Бұл барша ел білетін ақпарат. Енді мен сізге жалпы жұртшылық онша біле бермейтін, естісе де, оқыса да аса мән бермеген, бірақ аса маңызды бір мәселеге назар аудартайын. Ол негізгі мәселе, 2016-жылдың 16-мауысымында Forbes.kz сайтында «Как зерновые компании РК теряли финансовую независимость»  (https://forbes.kz/process/kreditnyie_istorii_1)  атты мақала шықты. Онда Қазақстанның ең ірі үш аграрлық «Алиби», «Иволга», «Қазэкспортастық» атты  үш компаниясының  құрдымға кетіп бара жатқанын жазады. Кейін tobolinfo.kz сайтындағы  2017 жылдың 27 қаңтарында шыққан «Казахстан перестанет быть экспортером зерна» атты http://tobolinfo.kz/news/kz/1802911/ мақалаға сенсек  аталған «Алиби», «Иволга», «Қазэкспортастық» компанияның иелігінде 16 млн. гектар ауылшаруашылық жері бар екен. Мақалада «Три крупнейших агрохолдинга контролируют в общей сложности более  5  млн. гектаров посевных из 11 млн. гектаров по стране,  включая привязанные к ним крестьянские хозяйства» деп жазады. Енді олардың қытаймен қандай байланысы бар екенін айтайын. Бұл үш компанияның өткені мен қазіргі жағдайын толықтай баяндасақ ұзаққа кетуіміз мүмкін. Мен бүгін тек миллионер Руслан Молдабековтың «Қазэкспортастық» АҚ туралы қысқаша баяндайын. Бірнеше орыс тілді сайттар жариялаған ақпаратқа сүйенсек «Қазэкспортастық» АҚ құрамына «Агрофирма Эксимнан» ЖШС,  «АгрофирмаТайынша-Астык» ЖШС, «Агрофирма Кзылту-Нан» ЖШС, «Кокшетау Мельинвест» ЖШС, «Кзылтуский Мукомольный Комбинат» ЖШС, Зерновой терминал «УкрКазэкспортастык» ААҚ астық терминалы,  «Астык-Сервис-КЭА» ЖШС кіреді. Бұған қоса 1-3 млн.  гектар жер иеленіп отырған  ірі шаруашылықтар бар дейді кейбір ақпарат көздері. Ең қызығы «Холдинг «Казэкспортастык» АҚ  2012 жылы өзінің активін $916 млн. көбейткен. Ал 2013 жылы компания активі $150 млн. артқан. Кейбір ақпаратқа қарағанда компания 2013 жылды 3,7 млрд. теңге таза пайдамен аяқтаған сияқты. Ал 2014-жылдан бастап компания банкротқа бет алған. Оның нақты себебін  Руслан Молдабековтың өзі айтпаса, қазірше белгісіз.  Біздің білетініміз, банкротқа бет алған «Казэкспортастык» акционерлік қоғамға  2016-жылы  қытайдың аты шулы «Oriental Patron»  компаниясы (2010 жылы Қазақстанның 1млн. гектар жерін алғысы келген, ШҚО Үржар ауданынан 91 мың гектар жер алған компания) $500млн. инвестиция құю туралы келісімге қол қояды.  Енді жазатайым  «Казэкспортастык» АҚ банкрот болса, оның бар мүлкі, яғни жер де, серіктестіктері де, шаруа қожалықтары да кредитордың, яғни «Oriental Patron»  компаниясының иелігіне өтуі тиіс еді. Өткен жылғы жер митингісінен кейін Президент мораторий жариялағанын білесіз. Сол мораторийдің арқасында   «Oriental Patron»  компаниясы «Казэкспортастык» АҚ $500млн. инвестиция салудан бас тартыпты дейді. Бұған тағы екі агрохолдингті қосыңыз, банкрот болайын деп жатқан. Василий Розиновтың  «Иволга Холдингі» мен  Нұрлан Тілеубаевтың «Корпорация «АПК-Инвест» ЖШС, «Зерновая страховая компания» АҚ, «Алиби Холдинг» АҚ банкрот болса үш гиганттың 16 млн. гектар жер кімнің иелігіне тиеді, мемлекетке қайта ма, қытай компанияларына өте ме? Менің ойымша ол жердің бәрі түрлі жолмен шетелдіктердің жеке меншігіне өтуі мүмкін еді. Осыған қарап отырып бір қозғалыстың қандай ауқымды мәселеге, аса маңызды жағдайға әсер еткенін көріп отырсыз. Сондықтан, әрбір қозғалыс, ұйым, тіпті жекелеген адам нақты бір мақсатқа жұмыс жасаса оның нәтижесі болмай қоймайды.

«Алаш жолы» қуғындағы оппозициялық саясаткер М. Әблязовтың ҚДТ балама ретінде биліктің қолымен құрылып жатыр деген пікірді естіп қалап жатамыз.

Ондайды біз де естіп жатырмыз. Ондай болжамды біреулер білмей айтып жатса, енді біреулер ҚДТ мен АЖ әдейі бір-біріне қарсы қою үшін де айтып, жазып жатқан болуы мүмкін. Ең негізгі айтарым, бәріне уақыт безбені баға береді. Жұмыс басталмай жатып «Алаш жолы» қозғалысын билік құрды деп айқай салу өте оңай және ол ең алдымен билікке тиімді.

Аз ғана демокартиялық күштің өз ортасында бір-бірін «КНБ» адамы деп айыптау белең алып кетті. Сөздеріне сенсек бәрі ҰҚК «қызмет етеді». Бұл ненің белгісі деп ойлайсыз?

Менің ойымша, бұл жағдай тарихи санадан бастау алса керек. Сонау зобалаң жылдары адамдар бір-бірінен КГБның жансызы екен, ол КГБға жұмыс істейді екен деп үрейленген. Сол санада сара жолын салып кеткен үрей немесе күдік бүгін де жойылған жоқ. Сондықтан да екінің бірі бір-бірінен «КНБ жансызын» көріп, өз-өзінен үрейленіп тұрады. Екінші жағынан, біздің билік басында сол «КГБ-ға жұмыс істеген» адамдардың әлі кетпей отырғаны да белгілі бір дәрежеде осындай «нәтижеге» жеткізуі де мүмкін.

Алаш сөзі әр қазақ үшін қастерлі. Бірақ та біз оның тек атына ғана әуестеніп кеткен сияқтымыз. Оның мұратына, мақсатына адал болуға, алаш қайраткерлерінің күресін жалғастыруға келгенде ісімізден гөрі  сөзіміз көп емес пе? 

Ия, дұрыс айтасыз, қазақ үшін «Алаш» сөзінің қастерлі екені анық. Бірақ, біздің қоғам, біздің адамдар көп нәрсеге ұраншылдық, біреу айтса өре қосылу әдетінен арыла алмай келеді. Олай дейтінім, ҚР Әділет министрлігінің тіркелген заңды тұлғалар базасында «Алаш» сөзін пайдаланған 83 заңды тұлға бар екен. Оған мен «Алаш жолы» жалпыхалықтық қозғалысы» РҚБ тіркеу кезінде көз жеткіздім. Олардың ішінде тіпті «Алаш-Брокер», «Алаш-Финанс», «Алаш-фильм» деген сияқтылары да бар. Енді сол 80-нен аса заңды тұлғаның бәрі «Алаш» атауын ардақтап, сіз айтқандай Алаш мұрасын дәріптеушілер ме? Егер олай болмаса халық олар туралы неге шулаған жоқ, олардан неге «Алаш» сөзін пайдаланудан бас тартуды талап етпеді? Екінші жағынан, Алаш ордашылардың негізгі мақсаты жерді сақтау болды емес пе? Белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай  Алаш идеясының бес ұстанымы болғанын айта келе былай деп жазады:  Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын»,-дейді.

Олай болса, «Алаш жолы» қозғалысы дәл Алаш идеясын жалғастырушы болып шығады емес пе?

Ең бірінші боп жер мәселесін сіз көтердіңіз. Содан кейін көрінбей кеткен сияқты болдыңыз.

Ия, өткен жылы, егер нақтырақ айтсақ 2016-жылдың 30-наурызы күні ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру мақсатында 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, жергілікті атқарушы органдар 1,7 млн. гектар жерді аукцион арқылы саудалайтыны және оның Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам ұлттық жоспарының» ІІІ.«Индустрияландыру жəне экономикалық өсім» бағытын жүзеге асыру мақсатында жүзеге асып жатқандығы туралы сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев ресми мәлімдеме жасады.

Ал, үш күннен кейін, яғни 04 сәуір күні менің «Жер сату ісі екі-үш адамның ойындағысымен шешіле салатын мәселе емес» атты мақалам жарияланды. Сөйтіп, сол мақаладан жер дауы басталып кетті.

Одан кейін республика бойынша 41 адам 15 тәулікке қамалды, артынан Макс Бокаев пен Талғат Аянның үстінен іс қозғалды. Содан бастап жер дауын ұйымдастырған белсенділерді қудалау, қорқыту, бопсалау кең етек алды. Сол уақытта менің әлеуметтік желілердегі парақшам жойылып, интернетке кіру мүмкіндігім шектелді. Бірақ, күрес бір сәт те тоқтаған жоқ. Біз жұмысымызды, яғни жер үшін күресті одан әрі жалғастыра бердік, бірлестікті тіркеуге әрекеттендік.

Бір жыл бойы сан түрлі мемлекеттік органдарға хат жазып, есігін тоздырып, талмай, шаршамай жұмыс жасауымыздың арқасында қытай компанияларымен сыбайлас  «Бәтуа» серіктестігінің бір ғана Шығыс Қазақстан облысының  Үржар ауданында 91 432,5га жерді заңсыз иеленіп алғанын дәлелдеп, соңында ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің қолдауымен барлық жердің мемлекетке қайтуына қол жеткіздік.

Мұның бәрі оңайдан оңай бола салған жоқ. Ол туралы арасында әлеуметтік желілерде жазып, сайттарда мақала шығарып тұрдық. Бұл істе «Алаш жолы» қозғалысының мүшесі Айдын Егеубаевтың еңбегінің орасан зор екенін айта кету керек. Сол жанкештілік, жерге жанашырлық әрекеті үшін аталған  «Бəтуа» ЖШС мен оның басшысы Нұрлан Биядилов   Айдын Егеубаевты осымен төртінші рет сотқа берді. Сондықтан, біз жұмысты, күресті тоқтатқан да жоқпыз, тіпті бәсеңдеткен де жоқпыз. Жариялап та, жарияламай да істеген әрекеттеріміз нәтижесіз емес. Жалпы, саясатта, қоғамдық жұмыста айқайлап айтатын, сыбырлап айтатын, тіпті іште ғана сақтайтын мәселелер болады. Оған көпшілік мән бере бермейді. Сөйтеді де жөн-жосықсыз сын айтып, өзі түк бітірмесе де айыптап жатады. Бірақ, ондайға біздің етіміз де үйренген және біз өз ісіміздің дұрыс екеніне сенімдіміз.

Жуырда бұрыңғы үкімет басшысы Серік Ахметов бостандыққа шықты. Әлеуметтік желіде қуанғандарды байқадым. Экс-премьер қамалғанда  оны ақтағандар аз болған жоқ. Сіздің ше С. Ахметовтың мерзімінен бұрын босатылуының себебі неде? Және билікте болып қылмыс жасамау мүмкін бе? Өз басым С. Ахметовты ақтаушыларды түсінбеймін.

Біздің елде $1млн. пара алып жатқан үстінде қолға түсіп, соған қарамастан жазасыз  кеткен адамның да, 1 адам өлтіріп, бірнеше адамды жарақаттап, одан кейін де үздіксіз заң бұзған адамның да жауапкершілікке тартылмай кетуі немесе бірнеше млрд. теңгені жымқырды деп айыпталып, бірақ артынан сотталмай кеткендері де бар ғой. Сондықтан, бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтың мерзімінен босатылуы соның бір жалғасы немесе көрінісі ғана деп ойлаймын.

Ал оның есесіне қылмысы нақты дәлелденбесе де ұзақ жылға сотталып, қамауда отырған Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев ондай «кешірімге» іліне алмайды. Қазақтың жер қорғаған батыр ұлдары  Макс Бокаев пен Талғат Аянды билік уақытынан бұрын шығара қоймас. Себебі, олар бүгінгі әділетсіз билікке қауіп төндіруі мүмкін.

Қорыта айтсақ, кім де кім Президенттен кешірім сұрап, жалынып, оған қарсы әрекет етпейтінін айтып ант су ішсе, ол адам бостандыққа шығады да, оны істемеген, өз шындығының биігінен түспеген, әділетсіздік алдында тізе бүгіп, әлсіздігін көрсетпеген адам қамауда қала береді. Бұл біздің мемлекетіміздегі, қоғамымыздағы заңның, әділдіктің жоқтығының, жемқорлықтың, қала берді биліктің тоқырауының айқын көрінісі деуге болады. Серік Ахметовтың сот кезіндегі әңгімесінен кейін-ақ Президенттің оған деген көзқарасының қатал болмайтынын ішіміз сезген. Сондықтан, оның ерте бостандыққа шыққаны мен үшін күтпеген жаңалық болған жоқ.

Қазір латын әліпбиі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Латынға өтуді қолдаушылар өте көп. Ол заңды да. 2025 жыл ұзақ меже емес пе? Латын әліпбиі  назарды қазіргі проблемалардан бұру емес пе? Мәселен қазір экономикалық жағдаймыз күнен-күнге қиындап барады.

Латын әліпбиіне көшуге байланысты осыған дейін де өз көзқарасымды айтпаған едім, әлі де нақты пікір білдіргім келіп отырған жоқ. Себебі, латынға көшу мәселесі туралы  ең алдымен сол саланың ғалымдары, тіл мамандары айтуы керек деп ойлаймын.

Екінші жағынан, ол әрине үлкен саяси да мәселе. Бірақ, оның қандай мақсатта жасалып жатқаны туралы да нақты пікір білдіру қиын. Себебі, латынға көшу арқылы Ресейдің ықпалынан шығып кетеміз деу ақымақтық болар еді. Деколонизацияның басқа тетіктері мен талаптарын орындамастан, экономикалық тәуелділіктен, яғни Еуразиялық одақтан шықпай тұрып, тек әріпті өзгерту арқылы Ресей ықпалынан құтылу мүмкін емес. Бәлкім, ол билікке, Президентке белгілі бір саяси ойындар үшін керек те шығар, ал қарапайым халық үшін дәл қазір оның пайдасынан зияны көп бола ма деген күдігім бар. Себебі, жақында тіл саласының ғалымдарының айтуына қарағанда Парламент латын әріпіне көшудің ең нашар, ең зиянды жолын таңдап алды дейді. Қорыта келсек, бүгінгі билік жүйесінің қай саладағы болсын бастамалары мен бағыттарына, әрекеттеріне күдікпен, сенімсіздікпен қараймын.

Сұхбаттасқан Қанат Тілеухан 

 

 

 

Пікір қосу