«Журналситтерге шенеуніктердің қымбат көлігі немесе қымбат үйі туралы жариялауға тиым салынбайды. Ол азаматтардың жеке құпияларына жатпайды. Кейбіреулер отбасылық құпия деп шенеуніктер өздерінің басқада табыстарын жасырып қалады деп ойлайды. Жоқ. Олай емес». Бұл туралы ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев айтты. Министр Парламентте жатқан ақпараттар және коммуникациялар саласына қатысты заң жобасының ең көп талқыланған нормаларына тоқталды. juldyz.kz тілшісі осыған орай әріптестеріміздің де пікірлерін біліп көрген еді.
Дәурен Абаев, Ақпарат және коммуникация министрі: Журналситтерге шенеуніктердің қымбат көлігі немесе қымбат үйі туралы жариялауға тиым салған жоқпыз
Қазір ақпараттар және коммуникациялар саласына қатысты заң жобасы парламентте қаралып жатыр. Заң жобасын дайындау кезінде қызу пікір талас болды. Талқылау әлі де тоқтаған жоқ. Соның ішінде адамның жеке құпиясын жариялауға қатысты. Атап айтқанда: адамның жеке құпиясын, отбасылық, дәрігерлік, банктік және комерциялық құпияларын заңмен қорғалған басқада құпияларын ақпарат құралдарындау жариялау үшін келісім алу. Кейбір БАҚ өкілдері осы норманы журналисттік зерттеуге кедергі келтіреді деп санайды. Жемқорлыққа қатысты зерттеу жүргізген кезде комерциялық немесе банктік құпияларды алу қиын болады дейді. Алайда бұл сөзсіз қате пікір. Енді осы туралы айтып өтейін. Негізі банктік, комерциялық, дәрігерлік, отбасылық құпияларды рұқсатсыз жарияламау нормасы еліміздің заңдарында бұрынан бері бар. Біз тек соларды біріктіріп бір нормаға еңгізіп отырмыз. Яғни оларды адамның келісімін алмай таратуға бұрыннан тиым салынған. Әлемнің көптеген елдерінің заңдарында да тура осылай жазылған. Бірақ мәселені дұрыс түсіну керек. Біз журналситтерге шенеуніктердің қымбат көлігі немесе қымбат үйі туралы жариялауға тиым салған жоқпыз. Ол жоғарыда атап айтқан құпияларға жатпайды. Кейбіреулер отбасылық құпия деп шенеуніктер өздерінің басқада табыстарын жасырып қалады деп ойлайды. Жоқ. Олай жасай алмайды.
Д.Абаевтың ФБ парақшасындағы бейне таспадан үзінді
Асылхан Мамашұлы, журналсит: Коммерциялық құпия дегенді түсіне алмадым
Бұл заңмен түбегейлі танысқаным жоқ. Талқылауға қатыспадым.Алайда осы заң төңрегінде аз әңгіме айтылмады. Күдік тудыратын нәрсе болмаса шу болмас еді. Неге шу болды? Өйткені өте маңызды нәрсе ғой. Журналситтік зерттеу кезінде қиындық тудырады. Бұл заңда нақтылық жоқ. Жеке басқа қатысты мәліметті жарияламау керек дейді. Ешкім оны жариялайын деп отырған да жоқ. Мәселе коммерциялық құпия дегенге тіреліп тұр. Ол не? Оны қалай түсінеміз? Шенеуніктердің шетелдік офшорлардағы қаражаттары жайлы жазбау керек пе? Яғни коммерциялық құпия деген не екені белгісіз. Менің түсінігімде заңда нақтылық болу керек. Неше түрлі ғылып тәпсірлеуге болатын екі ұшты болмау тиіс. Біздің заңда сондай түсініксіз баптар бар. Өткен жылы С. Мәмбеталин мен Ермек Нармыбай күмәнді баптармен сотталды емес пе. Кеше Алматы қаласының әкімі Б. Байбектің әкесінің серіктесі қаладағы паркингтің ақшасын жинайды деген ақпараттық оқып қалдық. Бұл коммерциялық құпияға жата ма? Қысқасы, ертеңгі күні бұл заң арқылы кез-келген журналситті сотқа тартуға болады деп ойлаймын.
Инга Иманбай, журналист: Енді журналисттер «пресс релизді» көшірумен айналысады
Меніңше, министрдің сөзі түсініктемеге қарағанда ақталуға көбірек ұқсайды. Себебі, өз сөзіне, заңға қатысты пікіріне еш дәлел жоқ. Толық тыңдасаңыз айтқан уәжіне өзі де сенбейтіні анық сезіледі. Ал заң жобасы осы күйінде қабылданса журналистік зерттеу түгілі өзі қалт-құлт етіп әрең тұрған журналистиканың өзіне анық қатер төнері анық. Қазірдің өзінде тәуелсіз басылымдарды «қит» етсе бір шенді «абыройыма нұқсан келтірді» деп сотқа беріп, миллиондаған сомаға сотқа береді. Жаңа заң бойынша ондай арыздар саны еселене түсері анық. Тіпті қылмыстық жауапкершілік қауіпі де күшейе түскен. Осыдан кейін, қай журналист батылы жетіп шендінің бюджеттен жымқырған ақшасына алған мүлкін жазуға құлшынады дейсіз?! Онсыз да «ішкі цензуразы» мен «сақтығы» басым тұрған әріптестеріміз енді тіпті әкімшіліктердің баспасөз мәлімдемесінен аспай қалары анық. Министр мұны білмейді деймісіз? Әрине, біледі. Бүгінгі түсініктемесі біле тұра қисық заңды ақтап алудың әлегі.
Қанат Әбілқайыр, журналист: Бұл заң министрге абырой әпермейді
Министр мырзаның кешегі видео-таспасын тыңдадым. Ол «адамның жеке құпиясын, отбасылық, дәрігерлік, банктік және комерциялық құпияларын, заңмен қорғалған басқа да құпияларын ақпарат құралдарында жариялау үшін келісім алу» керектігін айтты. Менің түсінбегенім «заңмен қорғалған басқа да құпиялары» деген тіркес. Біздің елде адам құпиясы заңмен қорғала ма? «Құпияны заңмен қорғау» мен «Заңмен қорғалған құпия» деген ұғымдар бір-біріне мүлдем кереғар. Сонда құпияны заңмен қорғау үшін не істемек керек? «Заңмен қорғалған құпия» жасау қажет деген сөз ғой. Демек, азаматтар арнайы органга барып өзінің қорғалуға тиіс құпияларын алын ала жариялай ма? Сосын, сол құпиясын қорғауды заң орындары міндетке ала ма? Осы тұсы маған жаңылтпаш секілді көрінді.
Көп әріптестеріміз бұл тәуелсіз журналистиканы тұсау деп есептейді. «Журналистердің этикасы» қабылданарда да осылай шулағанбыз. Меніңше, бұл тәуелсіз журналистерді, мүйізі қарағайдай қоғамдық белсенділерді тізгіндеу үшін ғана қабылданатын заң секілді. Қажет болған жағдайда іске қосады, қалған кезде ұмытып кетеміз, әлі-ақ…
Асылы заң шыққанда ол халыққа игілік әкелу керек. Мысалы авто жүргізушіге ремень тағу міндеттелсе оның қауіпсіздігіне орай қабылданған заң ғой. Ал біздің елде кейбір заңдар белгілі бір топтың мүддесі үшін қабылданады. Бұл заң сол ат төбеліндей ғана шенеуніктердің құқығын қорғайтын заң болғалы тұр. Бұл мәселеге министрдің ерекше тоқталып, оны қорғауы ол кісінің беделін түсіреді. Себебі қазіргі таңда осы заңның қаншалықты қажеттілігі бар? Министр бұл заң арқылы басқа шенеуніктердің, яки үлкен отбасылардың алдында жақсы атты болар. Ал, өзгелерге көк тиындық құны жоқ. Қазіргі қазақ журналистикасының барлық проблемасы – жеке адамдардың құпиясына келіп тіреліп тұрған жоқ.