Дарвин, Уалес [?], Спенсерлерден бері ғылым жолы адамзат барша «туатын, өлетін» затпен бір тұқымдас дейді. Адамзат екі аяқты, сөйлейтін сөзді, ұятты болып өзге хайуаннан айрылады.

Осы ХХ ғасыр басында үкімет мұжыққа дүре салуды жол қылып шығармақ болғанда, адам баласынан озған, күн жоғалмаса аты жоғалмайтын Лев Николаевиш Толстой «Русские ведомости» газетасына хат жазып жария қылды. Сол Толстой жазған хаттың аты «Ұят» еді. Осы хат атын өзге сөзге аударсақ, мағынасы мынау: «біз адам емес пе едік, ұят біздің белгіміз емес пе еді? Осы жалғыз белгіден айрылып, ана төрт аяғына сиынған аталарымыздың аулына қайтқанымыз ба?» болады.

ХІХ ғасырдың аяғында бірнеше адамдарды үкімет асып өлтірмек болғанда, орыс философы Владимир Соловьев жұрт жиып сөйледі: «адам баласын асып өлтіру христиан жолынан тысқары», -деп. Осыны шаруа қылып айттың деп үкімет В.Соловьевты Петербордан айдады. В.Соловьевтың қылған ісі, ғұмырындағы мінезі, Л.Н.Толстой мен Г.Н.Потанинде ғана бар.

Осы Соловьев философия жолында Дарвин, Спенсерге қарсы еді. Бұларға айтатын дәлелі: «хайуанда ұят жоқ, адам ұятты» деп. Франция жазушысы Зөлә [Золя] «Адам хайуан» деп роман жазды.

Адам баласының сөлекет ісін хайуандықпен қылды не мысал қылып. Міні көзіміз көрді Балқан соғысын, мұнда болған істерді хайуандыққа қайтармай ұғынып білу қиын емес пе? Толстой, Потанин, Соловьев бізді қанша жоғары тартса да, біз тырысып ашыға қашқан түйедей төрт аяқтының ауылына қайтып жатырмыз-ау деймін.

Орысқа газета, журнал шығарып жол ашқан А.Н.Радишов [А.Н.Радищев -1749-1802 жылдары] абақтыға жабылып, 10 жыл Сібірге айдалған. Осы Радишов замандасы, тағы орысқа газета, журнал шығарып Еуропа жолын ашқан Н.И.Новиков Шлиссельбург деген зор қиын абақтыда 15 жыл отырған.

Бауырым, Ахмет, Миряқуб!! Сен екеуіңнің абақтың Радишев пен Новиков абақтысы.

Орыс жазушысы М.И.Салтыковтың «Түзулік пен шошқа» атты мақаласы бар. «Түзулік! Сен күн бар дейсін, рас. Ия, мен көрмеген күнді сен қайдан көрдің?!» -деп, шошқа түзулікті балтырдан алған. Сонда түзулік айтқан: — шошқа, сені құдай жаратқанда, жоғары қаратпай жаратқан, сен күнді осы себеппен көрмейсін, -деп.

Сен екеуің істі күнді көретін жұртқа атқарып тұрсыңдар ғой, балтырды басқаға беріңдер!

ХVIIIғасырда «ақыл патшасы» атанған француз Вольтер еді. Осы Вольтер замандасы, Толстойға неше жол көрсеткен француз Руссо, тағы осы екеуінің замандасы философ Дидро абақтыда жатқан. Осы Дидро қатын патша Екінші Екатеринамен хат алысып, патша Дидродан көп ақыл алған.

Біздің Ресейде абақтыға жатпаған жақсы адам кем. Жазушы Достоевский, Потанин, Короленко, Чернышевский, Морозов абақтыда жатқан. Бәрін жазып болмайды. Салтыков, Герцен, Пушкин, Лермонтов, Тургеневтер айдалған.

Түркияда халықты қатарға қосамын деп сан сабаздар абақтыға жабылған, айдалған. Бұрынғы Медхат [?] пашалар 1883-інші жылы айдауда жүргенде өлген. Осы күнгі Ахмед Риза һәм басқалары да абақтыда жатқан.

Шырақтарым, сендерді мінегенде осылармен бір салып мінесе, не армандарың бар!

1910-ыншы жылы опат болды Гос.Дума шлені В.А.Караулов. Бұл төрт жыл Шлиссельбург абақтысында отырып, ғұмырынша Сібірге айдалған еді. 1910-ыншы жылы жазғы тұры 3-інші Гос.Думада дін құрдастығы туралы закон жобасы қаралды. Сонда Караулов докладшик: «дін бәрі құрдас, дінге бостандық, құдай жолы адам көкірегінде, бұған ешкімнің таласы жоқ» деп жүріске салғанда, Думаның оң жағынан бір депутат «каторжник!» деп хайуандық қылып, Карауловтың бетінен алды. Осы надандық, әдепсіздік қылған депутат бір поп еді, қазақшаға тәржіме қылсам, қажы Д.-ға зор ұқсайды. Сонда Караулов айтты: — Рас, мен абақтыда отырдым, айдалдым да. Міні сендердің Гос.Думада отырғандарың – осы мен атқарған істің аяғы. Мен бұған мақтанамын, -деп.

Осы Карауловтың попқа берген жауабы бейітінде тасқа жазулы. Караулов өлгенде 3-інші Думада Уфа губернесінен депутат молла … … … жас әйел баласына ұстатып гүл әкелді. Досекең бұған не айтар?

Қажы Д.-ай! Осы Караулов, Потанинмен бір қос болмай, сенімен бір жүріп дозаққа кетейін бе? Жақынға қас қылған Қабыл мен Йуданың қайда екені белгілі еді, бұларға да бір атшы керек қой, жолың болсын!

ҚЫР БАЛАСЫ

Ж.А. Жақсы Наполеон жауынгер патша болған соң, соғыста дұшпандарының сырын білуге Шөлман [Шульман] атты бір атақты ышпион (тыңшы) ұстап еді. Наполеон берген қазынаға әбден тойып, Шөлман жақсы адам сатына кірмек болды. Наполеоннан ақсүйектікке жол ашатын «пошотни легион» [«почетный легион»] орденін (медалін) сұрайды. Сонда Наполеон айтқан: «Сендей кісілігі жоқ оңбағанға қазына берсем де, орден бермеймін», -деп. Мұны Шөлман балаларының құлағына салғаным.

Қ.Б. «Қазақ» газ., № 54, 1914 ж. Самар қаласы.

Пікір қосу