Бісмілләсіз сахнаға шыққан емес

– Жақында, көрерменмен болған үлкен кездесуде Димаш Құдайбергенов сахнадан залға жымия қарап: «Менің сіздерден бір артықшылығым бар», – деді. Зал сілтідей тынды. Әркімнің «Әнші мұнымен не айтқысы келді екен?» деп ойлап отырғаны анық. Димаш болса: «Енді сол артықшылығым жөнінде айтайын. Менің Алпамыс деген досым бар – Алпамыс Шаримов. Және мұндай адал, қамқор, шынайы дос ешкімде жоқ деп ойлаймын. Қазіргі күні шетелдерге шығып, табыстан табысқа жетіп жатсам, ол да ең алдымен осы досымның арқасы!» – деп, өзіңізді орныңыздан тұрғызып, көпшілікпен таныстырды…

– Сонан кейін менен сұхбат алайын деп шешкен екенсіздер ғой (күлді)… Ең алдымен айтарым, «Жұлдыздар отбасы» секілді еліміздегі ең танымал әрі аса беделді журналға сұхбат беру – мен үшін үлкен абырой. Бұл үшін «Жұлдыздар отбасы» журналының шығармашылық ұжымына алғысымды айтамын. Екінші айтарым, Димашты әлемге танымал еткен, оны табыстан табысқа жеткізген – Димаштың өзі. Иә, иә, Димаштың өзі! Асырып айтқаным емес, Димаш Құдайбергенов – Тәңірдің қазақ халқына бере салған үлкен сыйы. Димаштың жасы қазір қаншада? 22-де. Яғни, ауытқымалы, толқымалы шақ. Мұнан да нақтырақ айтсақ, қыз қуатын, қызық қуатын, жастықтың буына елітіп, жас өмірдің елтең-селтеңіне елігетін кезі. Бірақ Димаш мұның бәрінен де аулақ. Дәтіне де, дініне де берік. Димаштың өнерге деген махаббаты мен адалдығына еріксіз таңғаласыз. Оның бүкіл мақсат-мүддесі – өзінің өнерін жетілдіру. Одан басқа жаққа бұрылмайды да, одан өзгеге алаңдамайды да. Ақшаға да, алтын бұйымға да, өзгедей жылтырақтарға да қызықпайды. Өзінің өнерін жетілдіру жолында 48 сағат бойы ұйықтамауға әзір. Қазақ халқының көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ зиялыларының ұлтқа қызмет етуі – білімнен емес, мінезден!» дейтіні бар ғой. Сол сияқты, Димаштың өнерге деген риясыз адалдығы, өнерге құлай берілуі де мінезден ғой деп ойлаймын. Ә.Бөкейхановтың «мінез» деп адамның шыққан ортасын, тегін меңзеп отырғаны да аян. Димаш Құдайбергеновтің де мінезіне қарап отырып, оның текті ортадан, текті әулеттен шыққандығын айқын сезінесіз.

– Қытайдағы «I am а singer» байқауында Димаш ән айтқан кезде қытай қыздарының жылап отырғанын теледидардан бір емес, бірнеше рет көрдік. Осының сырын…

– Әнші ретінде Димаштың энергетикасы айрықша күшті. Ересен қуатты. Мұны да өз басым сирек құбылыс деп білемін. Көрерменнің әнге арбалып, тап бір сиқырланғандай демін ішіне тартып, тыпыр етпей тыңдағаны өз алдына, еңіреп жылағандарын көргенде… «Еңіреп» дегеннен шығады, «I am а singer» байқауында қытай қыздарының Димаштың әнін тыңдап отырып, бір уақытта бетін басып, залдан шығып кеткенін екі-үш рет байқап қалдым. «Бұлар не істеп жүр, білейінші…» деген оймен бірде әлгіндей қыздармен сыртқа мен де ілесе шықтым. Сөйтсем… еңіреп жылап жүр. Арасында әлдене деп сөйлеп қояды. Өзінің еңіреп, дауыс­тап жылағанын ыңғайсыз көріп, сыртқа шығып кететіні де содан екен.

– Әбден еңіреп жылап, солығын басқаннан кейін залға қайтадан кіретін шығар?

– Әрине. Оны айтасыз, концерт біткеннен кейін Димашты көру үшін кетпей, сол жерді айналшықтап жүріп алатын көрермендер қаншама десеңізші.

– Димаштың мұндай қасиеті барын сіз Қытайда ғана білдіңіз бе?

– Жоқ, бұрыннан білетінмін. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 концерт» деген атпен Димаш Құдайбергеновтің арнайы концертін ұйымдастырдым. Димаштың концерті еліміздің 25 қаласында өтті. Оның ішінде өзімнің туған ауылым – Аралтөбеде де (Батыс Қазақстан облысы) өтті. Әншінің Аралтөбедегі концерті тегін өтті. Ауылдастарым, ағайын-туысым Димашты көріп, әнін тыңдап, көңілдері бір өсіп қалды. Ауылдастарым концерттен кейін Димашқа ақбоз ат мінгізді. Бұл кез – Димаштың атағының дәл қазіргідей әуелеп, аспандап тұрмаған кезі. Әйтсе де, жұртшылықтың Димашқа деген, Димаштың өнеріне деген ықыласы ерекше болды. Егер жаңылыспасам, Ақтау қаласында Димаштың әніне елтігені соншалық, бір көрермен Димашқа ықыласын білдіріп, алғысын айту үшін сахнаға шығып кетті. Концерттің аяқталуын күтуіне де болатын еді ғой. Ол күте алмады. «Әннің құдіреті» дегеніміз де осы шығар.

Өнердің арқасы ғой, өнердің құдіреті ғой, Қытайдағы эфирге алғаш рет шыққан күннен бастап-ақ Димаш қытай жұртшылығына кеңінен танылып, атағы аспандап-ақ кетті. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, шындық – осы.

«I am а singer» байқауы туралы Димашты хабардар етіп, осы байқауға қатысу туралы ұсынысты да оған өзім айтқан болатынмын. Содан екеуміз Қытайға тартып кеттік. Мейманханадан орын алдық. Байқаудың шарты бойынша Димаш эфирге шығып, алғашқы әнін де айтты (Димаш сахнаға бісмілләсіз шыққан емес, сахнаға шығарда Құраннан арнайы дұға оқиды). Енді эфирге екінші рет шығуға дайындалып жатқанбыз. Есік қағылды. Мейманхананың әкімшілігінен бір қызметкер келіп тұр. «Біз сіздерге арнайы күзетші бөлдік», – дейді. Димаш екеуміз «Біз – қарапайым адамдармыз. Ешқандай күзетшінің де, оққағардың да қажеті жоқ!» дейміз шыр-пыр болып. Содан бір уақытта далаға шықсақ, мейманхананың алды ығы-жығы адам. Екі көзі төрт болып, бәрі де Димашты күтіп тұр. Димашты көргенде естері кетіп «Димаси!», «Димаси!» деп шулап қоя берді.

Мейманхана әкімшілігі бізге бір емес, төрт күзетші бөліпті. Байқаудың алғашқы күні эфирге екеуден екеу елеусіз ғана барсақ, екінші күні «Димасиді» төрт күзетші қорғаштап барды. 

– Қытай – қулығына құрық бойламайтын ел. Оның үстіне «қырық қалталы Қытай саясаты» дейтін қалыптасқан тіркес те бар. Бұл да бекерге айтылмаған. Қытай нені істесе де, нені ойласа да, тым әріден орағытып, әріден ойластырады. Бұл тұрғыдағы саясаты да өте жіңішке, нәзік болып келеді. Димаш Құдайбергеновке, яғни қазақ халқы айрықша жақсы көретін және ертеңінен зор үміт күтетін дарынды өнерпазға қолдау көрсету арқылы, қолпаштау арқылы қазақтармен бұдан да әрі жақындаса түсуді, әмпейлесуді көздеп отырған жоқ па бұл Қытай? Осыған қалай қарайсыз? Бұл – менің ғана пікірім емес, мұндай жорамалды ел айтып та жүр…

– Дәл осы жерде өнерді ұйымдасты­рушы, өнерді зерттеуші ретінде айтарым, Қытайда Димашқа қошемет, қолдау көрсеткендер – өнерді бағалай білетін, өнерді өлердей сүйетін елгезек қауым. Рас, бұлардың дені – жас­тар. Олардың Димаштың өнеріне тәнті болғаны әрбір қимыл-қозғалысынан, жүріс-тұрысынан, көзінен, сөзінен, өзінен де айқын байқалып тұрды. Мұның астарынан саясат іздеудің ешбір қажеті жоқ деп есептеймін.

Өзім зерттеп те көрдім, Қытайда шоу-бизнес өте дамыған. Мәселен, біздің елімізде өнер адамдары екеуара кездесіп, бір-бірімен еркін амандасып, жайбарақат тұра береді ғой. Бұл ешкімге таң да, таңсық та емес. Ал Қытайда басқаша. Олардың әншілері екеуара кездесе алмайды. Бір топ болып, үлкен шоғыр болып кездеседі. Өйткені олардың әншілерінің әрқайсысының қасында он шақты адам еріп жүреді. Бірі – әншінің концертін ұйымдастырушы, екіншісі – әнін өңдеуші, үшіншісі – жарнама жасаушы, төртіншісі – кеңесші, бесіншісі – массажист… Осылай кете береді. Бұл бізге де келеді. Бұл жағдайға әлі-ақ біз де жетеміз. Қытай – ежелден өнерді тудыра білетін және оны бағалай білетін жасампаз ел. Ұлы ел. Ал енді бұл елде шоу-бизнестің дамуы өнерді бағалауды, өнер адамын бағалауды онан әрі тездете түскен. Шоу-бизнестің бір ерекшелігі, ол өнер мен өнер адамын тап басып тануды және оны дер кезінде тануды талап етеді. Өнерсүйер қауымды да осыған тәрбиелейді, қалыптастырады. Қытайдың өнерсүйер қауымының Димаш Құдайбергеновтің феномен екендігін өте тез, шұғыл, бір көргеннен-ақ тануының сыры да осында жатыр.

Исатай мен Махамбеттің достығындай

– Құдайбергенов екеуіңіздің араңыздағы достықты «Исатай мен Махамбеттің достығындай» деп жүргендерді де кездестірдік. Димашпен қалай дос боп жүрсіз. Және қашаннан бері?

– Мені жұртшылық Димаш Құдайбер­генов­тің продюсері, менеджері деп түсінеді. Ал шын мәнінде Димаш екеуміздің арамызда бұл жөнінде ешқандай шарт жасалмаған. Ресми түрде рәсімделген құжат жоқ болғандықтан мен де «Димаштың продюсерімін немесе менеджері едім» деп айта қоймаймын. Қытайдағы «I am singer» байқауы кезінде бастан-аяқ Димаштың жанында болдым. Бес ай бойы! Айлық алып отырған жұмысымды тастап. Өзге шаруаларымның бәрін жинастырып қойып. Шынында да, менікі не? «Есепті дос» дегенді мен де білемін. Ал енді мен Димаштың жетістігін дәл өзімнің жетістігімдей, Димаштың табысын нақ бір өзімнің табысымдай көретін риясыз достыққа қалай қол жеткіздім? Тіпті оны айтасыз, Димаштың қуанышы тұрмақ, оның ренішін де дәл өзімдікіндей қабылдайтыным несі? Дәл қазір осы жөнінде жазып жатырмын. Және мұны жазуға тиіспін деп шештім. Өйткені достық оңай-оспақ шаруа емес. Бұл – аса нәзік әрі өте күрделі мәселе. Бірін-бірі түсінетін, біріне-бірі сенетін, бірін-бірі жақсы көретін, талғамы да ортақ, танымы да ортақ адамдардың бәрі бірдей дос бола бермейді. Солардың ілуде біреуі ғана дос бола алады. Шынайы достық айнымайды. Ал айнымас достық өмірде өте сирек кездеседі. Мұның сыры, себебі неде? Бұл жөнінде де ой қозғап жатырмын. «Жұлдыздар отбасының» оқырмандары да Димаш екеуміздің достығымыз жөнінде менің осы жазылып жатқан кітабымнан оқыса екен деп тілеймін.

– Бұл кітабыңыз қай уақытта жарық көреді?

– Кітап көлемді емес, шағын. Енді көп ұзамас, жарық көріп те қалар.

– «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» дегендей, енді өзіңіз туралы айтсаңыз?

– Өзім туралы айтсам, 1991 жылы Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында тудым. Аралтөбе деп аталатын ауылда. Әкем ерте қайтыс болды. Анам Ақұштаптың тәрбиесінде өстім.

Бала күнімнен арманшыл едім. Бір ғажабы, мен нені армандасам, өмірде сол арманым көп ұзамай іске асады. Мысал келтіре кетейін. 5-сыныпта оқып жүргенімде картадан Италияны көрдім. Италия картаға дәл етік сияқты бейнеленіпті. Етік болғанда да, қонышы ұзын саптама етік сияқты. «Шіркін, осы елге саяхаттап барып қайтар ма едім?!» деп армандадым. Алты айдан кейін біздің мектеп бір топ баланы саяхаттап қайтуға Италияға жіберді. Мектеп директоры тізімнің ішіне мені де енгізіпті. «Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасының мүшесі» ретінде. Қуанышым қойныма сыймай, үйге ентігіп келіп, Италияға баратынымды айтсам, анам: «Қайдағы Италия?! Ертең қойдың кезегі», – деп қарап тұр.

Қойшы, не керек, Италияға барып қайттым. Ал әнші Витастың атағы дүркіреп шыққанда «Витаспен дос болар ма едім?!» деп армандадым. Қазір қарап отырсам, өнері Витастан да асып түсетін Димаш Құдайбергеновпен дос болыппын. Демек, бұл арманым да орындалды деп есептеуге әбден болатын сияқты.

– Қазіргі жастардың, яғни өз замандастарыңыздың бойындағы қандай қасиетті ұнатасыз, нені ұнатпайсыз?

– Ұнатпайтыным – біржақтылық. Ұнататыным – жан-жақтылық. Ауылда мектепте оқып жүрген кезімізде бізге тарихтан Жолдығали Өтеев деген ұстаз сабақ берді. Тарихты қадағалап, қадалып, тереңдетіп оқытуға мейлінше күш салатын. «Сендер қазақтың арғы-бергі тарихын ғана емес, халқымыздың әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ән-күйін де жетік білуге тиіссіңдер!» деуші еді. Қазіргі күні қалай? Мұнай-газ саласының маманы ма, осы саланы білсе болды, өзге салаларға мойын бұрмайды, көңіл де аудармайды. Физик пе, физика саласын игергенін қанағат тұтады. Саясаттан, тарихтан, әдебиеттен, өнерден мүлдем мақұрым екенін ар көрмейді және бұған намыстанбайды да. Біржақтылық деген осы!

Ал енді өз мамандығын жетік білетін, ана тілімен қатар ағылшын тілінде сөйлей алатын, саясатқа жүйрік, тарихты жаңғақша шағатын, әдебиет пен өнерден де хабары мол, білімді құрбы-құрдастарымды көрсем, көңілім де өсіп, мерейім де көтеріліп қалады. Түптеп келгенде, еліміздің көсегесін көгертетін де – осылар, осындай жан-жақтылық.

Сұхбаттасқан Әмір НҰРТАЙҰЛЫ

Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!

(«Жұлдыздар отбасы» журналының

2017 жыл, №18 (252) санынан қысқартылып алынды)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

 

Пікір қосу