«Алатау» дәстүрлі өнер театры бір жасқа толды. Осыдан бір жыл бұрын ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, қала әкімі Бауыржан Байбектің қолдауымен ашылған бұл өнер ордасында шығармашылық кештер мен ұлттық көрмелер үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Кеше театрдың құрылғанына бір жыл толуы мен Қала күні мерекесіне орай «Алатау алабында» аталатын дәстүрлі өнер кеші өтті. Бұл туралы juldyz.kz хабарлайды.
Бұл мерекелік кешке қазақ дәстүрлі өнерінің майталмандары – Сәуле Жанпейісова, Жәкен Омаров, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Үлкенбаева, Ұлжан Байбосынова, Батыржан Мықтыбаев, Айгүл Қосанова, қобызшы Саян Ақмолда, Ербол Айтбаев, шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбаев, Эльмира Жаңабергенова, Қайрат Кәкімов, Талғат Мұқышев, Ардақ Исатаева, Тілеулес Құрманғалиев, Гүлмира Сарина, Нұркен Әшіров, Клара Төленбаева қатысты.
Астанадан келген дәстүрлі әнші Элмира Жанабергенова «Көрінбес айдың жүзі күн болмаса» әнін шырқап болған соң, «Алатау» дәстүрлі өнер театрына қызыға қарап, елордамызда да осындай өнер ордасы ашылса ғой деп арманын айтып қалды.
Сан ғасырлар бойы аттың белі, атанның қомында жүріп Егемендікті аңсаған асыл бабаларымыздың, байырғы өнер иелерінің арман-аңсарын арқалаған еліміздегі алғашқы өнер ордасы саналатын Алатау дәстүрлі өнер театры кеше ғана құрылса да, тәй-тәй басқан бір жасар бала сияқты емес, қадамы нық, қалалық үлкен шараларды абыроймен атқарып келеді. Себебі, аталмыш театр – еліміздің барлық аймақтарына тән дәстүрлі өнер түрлерін бір арнаға тоғыстырып, көне мен жаңаның әдемі үйлесімін көрсетіп, дәстүрлі әндерімізді заманауи үрдістерге сай дамыта насихаттайтын әзірге жалғыз мәдениет ошағы.