Астанада өткен «Әлем барысында» Айбек Нұғымаров пен Мұңғұл ұлысынан келген қандасымыз Серік Бердімұратұлы арасындағы белдесу қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желіде жанкүйерлердің бірі жеңіс Серікке тиесілі десе, енді бірі Айбекті жақтап пікір білдірген еді. juldyz.kz сайтының тілшісі қос қазақ балуаны арасындағы жекпе-жекке қатысты Серіктің бапкері Бақыт Оданайұлының пікірін білген еді.
Бақыт Оданайұлы, бапкер:
Астанадағы екінші «Әлем барысы» жақсы өтті. Жанкүйерлер арасында Айбек пен Серіктің белдесуіне қатысты түрлі пікірдің болуы заңды. Күрес болғасын бәрі болады. Серік – жас балуан. Болашағы алда. Әлі талай жарыстар бар. Біздің еш ренішіміз жоқ. 10-шы айдың 25-де Астанада қазақ күресінен дүниежүзілік жарыс өтеді. Бұйырса соған тағы да Серікті алып келем. Қазақ пен қазақтың араздасқаны болмайды. Атажұртта Серікті қашан да қолдап отырады. Таразда өткен Еуразия барысын еске алайықшы. Серік пен Айбектің белдесуіне қатысты дауды өршелендіруге болмайды. Аз ғана қазақтың баласымыз ғой. Бірлікте болайық!
Серік Бердімұратұлы 1994 жылы дүниеге келген. Күрестің бірнеше түрімен айналысады. Дзюдо, самбо, қазақша күрес және мұңғұлдың ұлттық күресімен де шұғылданады. Мемлекеттік «Начин» атағының иегері.