Серік АБАС-ШАХ:
Дауы мен жауы қазақтың
Озды ма Пәлен, ойбай не?!
Тозды ма Түген, ойбай не?!
Қазақтың дауы – «тост талас»,
Қазақтың жауы – «той бәйге»,
Шындығы ащы сыр да ауыр,
Науат боп кетті, «нұр» дәуір.
Қазақтың дауы – «госязык»,
Қазақтың жауы – жыр, жауыр.
Сенімнен әбден арылып,
Секемшіл болды кәрі ұлық.
Қазақтың дауы – «преемник»,
Қазақтың жауы – кәрілік.
Шекпенді жолы теп-тегіс,
Шенсіздің жолы кептеліс.
Қазақтың дауы – «жемқорлық»,
Қазақтың жауы – шектеліс.
«Тас атса дұшпан, аспен ұр»,
Туған жер үшін тас кемір.
Қазақтың дауы – күншілдік,
Қазақтың жауы – бәсте тұр.
Тұлғаға сырттан түкірдік,
Табанда жатыр, шүкірлік.
Қазақтың дауы – Шыңғыс хан,
Қазақтың жауы – бүкірлік…
«Мінгізер атың ағаш па?»
Үндеме онда, жақ ашпа.
Қазақтың дауы – жершілдік,
Қазақтың жауы –«ағашка».
Күтіп тұр талай алда сын,
Қанатың, халқым, талмасын.
Қазақтың дауы таусылып,
Қазақтың жауы қалмасын!