Эстрада әншілерін тіпті әнші деп санамаймын. Мен оларға: «Әнші емессіздер, орындаушысыздар. Сіздің орындағаныңызды кім болса да орындайды. Тойда аста-төк тамақ ішіп, қарны тойып отырған адамға бойындағы асын қорыту үшін даңғыр-дұңғыр музыка қоясыңдар» деймін. Эстрада әншісі деп Димашты айтсақ болады. Міне, нағыз әнші! Қандай әнші ол! Жер жүзіне аты мәлім. Ең өкініштісі, екінің бірі айтатын әнді айтып жүрген, көптің бірі болатын әншілер көп. Ал оның ішінен іріктеп алатыны аз. Мысалы, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова даусы бар әншілер еді, олар да эстраданың жолына түсіп кетті. Ал қазіргілерге қарасаң, не істеп тұрғаны түсініксіз, даңғыр-дұңғыр, не айтып тұрғанын да естімейсің. «Ана музыканың дауысын бассаңдаршы, әншінің үнін естиік те» десең, «Апай, сіз білмейсіз ғой, олар «Даусын көтер» деп өздері сұрап алады» дейді. Сонда олар өз дауысының жетіспеген тұсын білдіртпес үшін музыканы неғұрлым даңғырлатып қояды екен. Ал опера әншілеріне сүйемелдеудің қажеті жоқ, кез келген уақытта музыкасыз да ән шырқай береді. Менің өзім де әлі күнге дейін «Ән сал» десе, кез келген халық әнін өз даусыммен айта берем. Әнші деген сондай болуы керек.