2-қыркүйек күні қазақ елінің қоржынына алтын салған боксшымыз, әлем чемпионы Қайрат Ералиевпен аз-кем сұхбаттасудың реті келген-ді. Juldyz.kz сайты сұхбатты назарларыңызға ұсынады.
Қайрат ЕРАЛИЕВ – әлем чемпионы. 1990 жылдың 8 мамырында дүниеге келген қазақстандық боксер. Азия чемпионатының қола жүлдегері (2015, 2017), 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері және әлем чемпионы (2017).
– Қайрат, Гамбург қаласында өткен Әлем чемпионатында бабың мен бағың сай жанып, чемпион атандың. Құтты болсын! Бұл сенің халықаралық аренадағы ең биік жетістігің екенін білеміз. Бір сәт 2-қыркүйектегі көңіл-күйіңді, жағдайыңды есіңе түсіріп, бізге баяндап берші…
– Құттықтауларыңызға үлкен рахмет. Әлем чемпионатының ақтық сынында жеңіске жеттім. 2-қыркүйек – менің ғана емес, еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын күн. Сол бір сәтті ешқашан ұмытпаймын. Аз уақыт чемпион екеніме сенбей, сезіне алмай жүрдім. Бапкерлер, спорттағы жолдастарым құттықтап жатқанда ғана есімді жиғандай болдым.
– 2013 жылы Алматыда өткен Әлем чемпионатында 3-орын алғаныңды білеміз. Содан бері үлкен жеңістерге жетпеген едің. Бұл жолы бапкерлер штабы, өзің осындай жеңісті күттің бе?
– 2013 жылғы жеңісім – мен үшін спорттық өмірімдегі үлкен жетістіктің бірі болды. Қола жүлде ғана ғой деп айтып қалатын адамдар бар, бірақ сол кезде мен алтын алғандай қуанып едім. Үнемі еңбектеніп, шынығып жүрдім. Чемпиондық атақты алу үшін емес, чемпион болу үшін жұмыс істедім. Мен үшін бапкерлерімнің, қазақ елінің сенімін ақтау, өзімнің мықтылығымды дәлелдеу – басты мақсат. Осы мақсатымды арқалап барған чемпионаттан чемпион болып оралдық. Еңбек ақталды. Аллаға шүкір.
– Еңбекпен келген жеңістің дәмі қашаннан да тәтті ғой. Ал сенің еңбек жолың қашан басталып еді? Былғары қолғаппен «достасқаныңа» қанша уақыт өтті?
– Сидней олимпиадасының чемпиондары марқұм Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов ағаларымыз менің былғары қолғапты серік етуіме себепші болды. Соларға қызығушылық танытып, 2002 жылы бокс үйірмесіне бардым. Міне, бокспен айналысып жүргеніме содан бері 15 жыл өтіпті. Сол 15 жыл бойғы жаттығуым өз жемісін бере бастаған сияқты.
– Қазір Ұлттық құраманың дені – жастар. Әлеуметтік желіде әріптестеріңізді сынағандар көп болды. «Қазақ боксшыларының бойында жеңіске деген жігер байқалмайды» деген пікірмен келісесің бе? Өзге әріптестеріңнің жеңіске жетпеуіне не себеп болды?
– Спорт жеңіс пен жеңілістен тұрады. Бұйрық деген тылсым дүние ғой. Әріптестеріме жеңіс бұйырмай тұрған шығар. Әйтпесе барлығы жақсы өнер көрсетті, бапкерлер де, жанкүйерлер де көріп, қуанып отырды.
– Токио-2020 Олимпиада ойындарына бару жоспарда бар ма? Жалпы алдағы жоспарың қандай?
– Алдағы жоспарды уақыт көрсетер. Қазір демалып, ем-домдарымызды қабылдап, қайта күш жинап жатырмыз. 2020 жылға дейін біраз уақыт бар. Оны бапкермен ақылдасып көре жатармыз.
– Бір күндік графигіңмен бөліссең. Күніне неше сағат (немесе аптасына неше уақыт) дайындаласың?
– Таңғы сағат 7.30 бен 9.00 аралағында сапқа тұрып, әнұран айтып, прогулка жасаймыз. Одан кейін 11-де бір жарым сағат, кешкі 4-терде екі сағаттай тағы жаттығу жасаймыз. Осылайша оқу-жаттығу жиынында күніне үш мезгіл жаттығамыз. Ал демалыс уақыттарында үйде спорттық бабымыздан шығып кетпеу үшін бір мезгіл дайындалып қоямыз.
– Оқырмандар үшін чемпионның балалық шағы мен өскен ортасы қызық. Өзің туралы, жеке өмірің туралы айтып берші…
– Балалық шағым ауылда өтті. Аллаға шүкір, отбасым – үлкен: алты ағам, бір әпкем, бір қарындасым бар. Сол ағаларымның бәрі менің спорттық бағытты таңдауыма ықпал етті. Барлығы әйтеуір қолдарынан келгенше мені спортқа баулып, бокс үйірмесіне бармай тұрып, мені футбол, т.б. спорттың кез келген түріне қызықтырып, үлкен спорттық шараларға ертіп жүретін. Ауылда жалаң аяқ шаң басып, жүгіріп ойнаған, қара жұмысқа де, спортқа да бейім болып өскен баламыз. Тәуба.
– Жанкүйерлер арасында хабарласып, сезімін білдіретін бойжеткендер бар ма?
– Ондай жоқ (күліп). Ешкім мазаламайды. Өзім үлкен спортта жүргесін, уақытымды өзімді дамытуға арнағым келеді. Әр ай сайын оқу-жаттығуға кетеміз, үйге 1 аптаға ғана келеміз де қайта аттанамыз. Жеке өмірімде әзірге тыныштық болғанын қалаймын.
– Жалпы боксердің жаны қандай, боксерлерде романтика бола ма?
– Әр адамның өзіне байланысты. Боксер халқын қатал деп есептеуге болмас. Әр боксердің адамгершілігі бар, жүрегі бар. Біреулер романтик болады, енді реалист болады.
– Көптеген адамдар сені рингте ғана біледі. Чемпион Қайраттың өмірдегі болмысы қандай?
– Өзім жайлы айта алмайтын шығармын. Себебі, сырттан көре алмаймын ғой. Араласып жүрген достарым, әріптестерім біледі. Қарапайыммын. Сабырлы, ақкөңіл жігіт сияқтымын (күліп).
– Қазақстандағы қандай әншілерді, актерлерді жақсы көресің? Қандай ән ұнайды?
– Жекпе-жекке дайындалып жатқанда намысты оятатын қазақ әндерін тыңдап, өзімізді жігерлендіреміз. Сөздері анық, түсінікті қазақтың халық әндерін тыңдаған ұнайды. Әрине, қазір ән де, әнші де көп. Плейлистімде МұзАРТ тобының, Асқар Жүнісбеков, Қайрат Нұртас сияқты әншілердің репертуарындағы әндер.
– Бос уақытыңда немен айналысасың?
– Бос уақытымда достарыммен футбол ойнап, балық аулап, атқа мініп серуендеуге шығамын. Жора-жолдастармен кездесіп, мектептегі, студенттік өмірдегі қызықтарды айтып, уақыт өткізген ұнайды.
– Жуырда «Қазақстан құрамасына Ресейден 4 зілтемірші қосылды» деген ақпарат шықты. Жалпы спортшы ретінде, сырттан спортшыларды шақыруға қалай қарайсың?
– Бокста біздің құрамаға легионерлер шақыртылмайды. Тек тәжірибе алмасу үшін басқа елдің боксшыларымен оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Ал зілтеміршілер бізде де көп қой, оларды шығарып, мүмкіндіктерін көру керек деп ойлаймын. Мықты спортшыларымыз жоқ болып, басқа жақтан шақыртып алып жатса, түсіністікпен қарауға болатын шығар. Еліміздегі футболдың жағдайы бірден бір мысал. Өзге елден қаншама футболшыларды шақырттық. Содан еліміздегі футболдың дамығаны қайсы?! Өз басым легионерлерді шақыртуға қарсымын. Себебі, қазақ жерінде туып-өспегендер елдің намысы дегенді де түсінбесі, Қазақстан үшін жандары ашымасы анық. Керісінше, біздің елдің спортшыларына қарағанда, сол легионерлерде күш-жігер аз ба деймін. Өйткені олар ақша үшін қызмет етеді. Ал бұл біз үшін жеңіс әкелгенмен, абырой әпермейді.
– Рахмет, Қайрат! Жеңісті күндерің көп болсын!
Сұхбаттасқан Гүлім Рысқұл