3-0. Кеше ғана Қазақстан ұлттық құрамасы Польшадан 3-0 есебімен ұтылды. Бұның алдында Черногория құрамасынан осындай есеппен жеңілген болатын. 2018 жылы Ресейде өтетін әлем біріншілігіне қатысу үміті үзілді. Варшава төрінде өткен ойын жайлы һәм қазақ футболының проблемаларын белгілі спорт журналисті Амангелді Сейітхан жазыпты. Назардарыңызға ұсынамыз.

Жас кезімізде санада қалған әннің сөзі: «Жарылыстан көз ашпаған далам-ай», Есейгенде естіп жүрміз: «Жеңілістен көз ашпаған команда-ай». Жарылыс тоқтады. Жеңіліс әлі бар. Жақын маңда жеңіске жететін түріміз тағы жоқ. Неге?
Ел футболының еңсе тіктеуі екіталай. Қайнекемнің сөзі құлақта. «Метро қашан бітеді дейді, Метроның бітпеуіне метро салушылардың өздері мүдделі ғой». Аршып алып айтсақ. Футболдың дамымауына футболды дамытуы тиістілердің өзі мүдделі.
2013 жылы Алматы облысының футболына «оқ» тиді. Атқан облыс әкімінің өзі. Атқанда да жақсы атты. Өңір аяқдобын бірден ақсатты. «Ақбұлақ» пен «Сұңқар» және «Іле-Сәулет» жанкүйерге қош айтты. Жанкүйерлердің асылы күресінге лақтырылды. Өтеген батыр ауылының атынан сынға түсетін команданы жақсы білетін едік. Шеберлер командасы өз алдына, екінші лигада ойнайтын тобы тағы болды. Ол аз. Балалар футболы керемет еді. Алды Испания барып, «Барселонаның» балаларымен күш сынасты. 2010 -2012 жылдар Іле ауданы футболының ілгерілеген жылдары еді ғой. Сәулетші Бауыржан Сәлімбаев стадионға шейін түгендеп үлгерді. Стадион болғанда да майсасы жұмсақ, жасылы жайқалған әдемі стадион еді. Көрермені көп. Фанаттары да баршылық еді. Өтеген батыр ауылының бақыттан басы айналып тұрды. Командасы бірінші лигада топ жарып, жоғарғы топқа да қосылды. Әттең, қаржы тапшылығы премьер-лигаға жібермеді. Оған жабырқаған жігіттер жоқ. Келесі жылы да қарсыластарының апшысын қуырды. Айтпақщы, футбол үйірмелері көбейді, көрші ауылдың балалары да жазылып жатты. Ойыншылары қандай! Жандос Оразалиев, Айдар Арғымбаев! Андрей Травин мен Сергей Киров бар. Әуесқой футболдан қосыла салған Александр Марочкин. Асқар Абутов пен Еркін Нұржанов, Ерлен Баймұхаев пен Дания Нүкебай, Алексей Шапурин мен Сабит Тұрабай, Руслан Жаханов пен Денис Леденов. Бүкіл құрамды тізіп шығуға болады. Ойындарын көріп пе едіңіз? Әттең!
Әттең, немқұрайдылық-ай. Осы команданы да жауып тастадық-ау. Жылдық бюджеті 1 миллион доллар болатын. Байлардың қалтасында жүре беретін ақша ғой. Баталов келді, өтініш айтылды. Хат жазылды. Әне, уәде. Міне, үміт. Әй, ол бір команда ғана емес. Жеті жүз жас жеткіншектің панасы еді ғой. Ондаған бапкер-мамандардың жұмыс орны болатын. Премьер-лигаға лайықты командаң тағы бар. Екінші лигадағасын тағы қосып қояйық. Не болды? Не болушы еді. Команда жабылды. Өтеген батыр ауылының тұрғындарына обал. Футболға тәп бір мерекеге дайындалғандай дайындалып, мерекеге баратындай баратын. Міне, ел футболының еңсесін түсірген, екпінін басқан, дамуына тежеген шешім. Үш бірдей команданың жабылуы. Бір Алматы облысында ғана емес. Жамбыл мен Ақтөбе облысында да жабылды. Қарағанды да қалт-құлт етіп тұр әлі. Шымкентің мықты екен. Ұстап тұр әзірше. «Қыран» мен «Мақтааралды». Қызылордаң қайратты екен. Таза қазақ балаларынан құралған «Байқоңырды» ашты. Таза қазақ балалары дегенде… Ұстазым Несіп Жүнісбаев «Намысты» ашты. Жай ғана адам. Ақшасы жоқ, қолдаушыдан ада. Не болды дейсіз ғой. «Қырып» кете жаздады. Футболыңды бір сәтте тік тұрғызды. «Намыстың» ойыншылары өрелі екен, алды ұлттық құрамадан бір-ақ шықты. Бізден түсінігі кемшін тартатындар доп ойнап жүр ғой. Бізден де ойлау қабылеті кемшіндер пас береді, гол соғады. Демек, біздің балалар да ешкімнен кем емес. Бірақ…
Бірақ олардың дамуына тұсау салатын «қара күш» бар. Футбол үлкен бизнес. Оған сырттан ешкімді жолатпайды. Сосын елдегі дарындылардың команда сапында жүргені де қауіпті. Таланттының тірсегін жас кезінде тілуге тырысады. Мінезі барын бірден құртады. Құдай-ау жасөспірімдер футболына дейін маманды сырттан тасимыз ғой. Бір мысалы.
Кезінде 1996 жылғы балалар жақсы ойнады. Әсіресе, «ЦСКА» командасында. Сергей Игнатченко мен Болат Төлегенов баптаған. Өз тұстастарының бәрін ұтты. Ойыншылары шетінен мықты. Қазір екі-үшеуі премьер-лигада жүр. Ян Ворговский, Юрий Перцух. Павел Пермяков бар еді, ешкім жолатқысы келмеді-ау деймін, футболды тастап оқуға бет бұрыпты. Имаштың да қарымы жақсы болатын. Оны тұсауға тырысқандар бар болар. Қысқасы шәкірттерінің бәрі мықты. Бірақ сол жылы жасөспірімдер құрамасына Павел Травник дегенді әкелді. Чехиядан. Команданың дал-дұлын шығарды. Неге? Себебі Игнатченкоға өріс ашылып кететін болды. Қайтпек керек? Оны «тұсаған» дұрыс. Бапкер сезімнің адамы. Еңсесін түсіріп, екпінін бассаң, талайға дейін бас көтере алмайды.
Осы бертіндегі оқиғаны алайықшы. Талғат Байсуфинов ұлттық құрама тізгінін ұстады. Польшамен тең түсті. Румынияны жеңіп кете жаздады. Сырт алаңда Армениядан ұпай ұстанатын еді. Онда не болады? Тағы да сол. Бапкер ретінде күш алып кетеді. Жолы ашылады, бағы асады. Тоқтату керек. Енді Талғаттың ес жинауы қалай болады..
Кінәні Бородюкке аудара салу оңай. Әлгі қара күштің де күткені сол. Міне, «қылмыскер». Ұста, жазала! Жаз, әкесін таныт. Бородюк не, өзінше баптап көрді. Кілең легионер толы командаларда көк паспорты барларды тануың керек. Олардың саны тым аз. Негізгі құрамда жүретіндерін айтамыз. Көбі қосалқы құрамда отырады. Және орталық қорғаныста немесе орта тұста ойнайтындар біреу-екеу. Шабуылшының көбі сырттан келгендер. Не істейді? Барымен, базар.
Мойындайықщы! Біз футболдан қашық елміз. «Қыран» — «Екібастұз» матчына кім барады. Тіпті «Оқжетпес» — «Атырау» матчында да жұрт бықып отырмайды ғой. Біздегі жанкүйерлік қасиет немесе қабілет сол шет жақтан дұрыс команда немесе белгілі ойыншылар келсе ашылады. Кейде ойлаймыз, Левандовскийлерді көргенде ғана патриоттық сезіміміз қозатын секілді. Біздегі жанкүйерлік — маусымдық машық. Мысалы, Еуропа лигасында бәріміз футболшымыз. «Астана» — «Ақжайықпен» ойнаған күні өзге шаруаларды түгендеп кетеміз.
«Ой жүреді келіп, кетіп» — деуші еді Жұматай ағам. Келіп, кеткен ойлар ғой. Ешкім ештеңе ұстай алмай қалса, ойымның шымырлығы… кім не түсінгені бізге маңызды емес…

 

Амангелді Сейітхан ФБ жеке парақшасынан

Пікір қосу