Журналист Жанболат Мамайдың ісі бойынша сот процесіне БТА Банктің бұрынғы топ-менеджері Жақсылық Жәрімбетов қайта шақыртылды. Ол Мамаймен 2011 жылы банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов арқылы танысқанын мәлімдеді.
Жәрімбетовтың сөзіне қарағанда, Мамайды ол 2011 жылы Лондонда Мұхтар Әблязовтің кеңсесіне барғанда Skype видеоконференция арқылы танысқан. Бұрынғы банкир оған Мамайды «байланыс орнату керек» журналист ретінде таныстырған. Әблязовтың сұрау бойынша, Жәрімбетов 2011 жылы Мамайға Қазақстанда тұратын әпкесі арқылы қолма-қол ақша берген. Әблязовпен байланыс үзілгеннен кейін, Жәрімбетов Мамайға 2012-2015 жылдар аралығында қаржылай көмек бергенін айтқан.
Жанболат Мамай сотта Әблязовпен таныс еместігін, онымен ешқашан кездеспегенін айтты. Журналистің сөзіне қарағанда, Жәрімбетовпен ол 2013 жылы ешкімнің араласуынсыз Интернет арқылы танысқан, кейін Венада кездескен, Skype арқылы байланыс орнатқан.
Мамай сотта Жәрімбетовтен қаржылай көмек алғанын жоққа шығармады, бірақ ол үнемі беріліп тұрмағанын айтты. Мамай бұл ақшаны 2013 жылы газет қиыншылыққа ұшыраған уақытта алғанын мәлімдеді. Бұған дейін Мамай бұл көмекті «ақшаны заңдастыру» деп есептемейтінін айтқан.
Журналист өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар екенін мәлімдеп келеді. Ол биылғы ақпан айынан бері абақтыда отыр. Ол шығаратын «Саяси қалам. Трибуна» газеті Мамай ұсталған соң жабылып қалды.
Дереккөз: centralasian