23-24 тамызда Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы театрда ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Зере» атты пьеса сахналанды. Спектакльдің режиссері Н. Жақыпбай. Негізі біздің драматургтер бүгінгі заманды көрсетуге әуес емес. Қауіпсіз һәм ыңғайлы тақырыптарға барамыз. Гогольдың бір «Ревизоры» сынды өзектілігін жоғалтпайтын шығармаларды күтумен келеміз. Премьерасы кеше ғана өткен спекталь туралы әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбай өз пікірін білдірген екен. Соны назарларыңызға ұсынамыз.
Елдос Тоқтарбай, әдебиеттанушы: Жарнамасы алты қырдан асқан «Зерені» де көрдік. Зередей данагөй бәйбішенің рөлін сомдауды арман еткен Г.Әспетова Д.Жолжақсыновтың «Құнанбайындағы» Зере образын сомдаған театр әртісі Нұрсифат Салықованың тізесі тұрмақ, тобығына да жете алмады. Зередей кесек тұлғаның рөлін ашу үшін әуелі психологиялық дайындық, ірілік қажет еді, ал Халық әртісі Әспетованың бойынан денеңді тітіркетіп, рух беретін күшті сезіне алмадық. Басты пландағы Зере емес, керісінше, Құнанбай мен Абай сықылды. Спектакль Зереге арналған соң, Зеренің өз заманындағы дау-дамайға қалай араласқанын Өскенбайына тоқалды қалай айттырғаны, тұтас ауыл-аймақты қалай уысына ұстағаны сықылды қақтығыстарды көруіміз керек еді. Драматургияға бағын сынап келген стажер Ұлықбек Есдәулет спектакль жазған осы екен деп тек мәнді де мағыналы сөздерді, мақал біткен жақсы сөздерді жиып алып жаза берсе керек-ті. Жақсы делік, тіл болғаны дұрыс ау, бірақ, драманың негізгі критерийі тіл ғана емес, қимыл, қақтығыс емес пе! Стажердің тәлімгері болатын режиссерге не көрінді екен? Құр сөзге құрылған дүние — жасанды сүт секілді нәрсіз болады. Тамырына нәр түспеген ағаштың жеміс беруі неғайбыл өзі? Бұл да сол сықылды… Ұзынқұлақтардан естуімізше, Ұлағамыз тағы да бір пьеса жазып жатқан сықылды. Екі күннен бері өзі де көппен бірге тамашалап отырғанда іші қылп еткен болар жансыз дүниеге, драмаға тек көркем тіл ғана емес, ситуация керек екенін ескерер…
Мынау өзі толғағы жетіп тумаған шала-жансар балаға ұқсас туынды екен. Шала туылған баланы ыстыққа қойып, жылытып ұстап, өсіруші еді ғой, сол сияқты мұны әлі де бір пысықтап, қайта қарап шығуы керек екен авторлар ұжымы. Әртістердің сахнада қобалжуы, сөздерін ұмытып қалуы немесе сөздердің мағынасын басқаша айтуы өз алдына бір бөлек мәселе. Оны — театр сынының мамандары айта жатар.
Ал, Абайдың «Сегізаяғы» қашан жазылды? Ол уақытта жарықтық Зере тұрмақ, Құнанбайдың да дәмі таусылып еді ғой. Ұлағаңның Құнашы 13-15 жас шамасындағы Абайының өлеңін ән қылып шырқап жүр! Сосын тағы бір жайт: Абайды қырқынан шыққанға дейін-ақ «Телғара» деп еркелетіп жүрген Ұлжанның жанына сүт анасы Айғыздың да бейнесін көрсетуі керек еді. «Телғара» деп неге атады? Осы жағын ескеру керек еді. Абайдың жеңгелері атаған «Телғарамыз» қайда?
Спектакльден бір сюжет. Зеренің Құнанбайдың билігіне деген көзқарасын айту барысы. «Құнанбай» көркем фильміндегі Құнаштың ағайын-туыс туралы айтқанын яғни, марқұм Таласбектей сөз шеберінің бояуын Ұлағамыз оп-оңай «перефразировать» етіпті. «Бәрекелді!» дедік де қойдық, басқа не дейік! Таласбектей болу қайда бірақ….
Қысқасы — осы. «Заказбен» пьеса жаздыру дегенді қою керек! Мүлде қажет емес! Театрдағы қазақ әйелдер галереясына Зере образы қосылған жоқ! Өмірінің 50 жылын сахнаға арнаған Гүлжан апамызға Зеренің рөлін сомдауына арман емес, сенім керек еді. СЕНІМ!!! Бұл спектакльдегі Зере образы — қатардағы көп әйелдің бірі ғана. Өкініштісі — осы.