Оқуды бітіріп, бір үйдің балаларындай болған курстастар жан-жаққа бытырай бастаған кез болатын…
Бізді үнемі дінге тартып уағыз айтатын қайсыбір курстастарым бірде мені Мұхамеджан Тазабекпен кездесуге алып барды… «Біздің сөзімізге нанбасаң, бізден де мықтылардың уағызын тыңдап көр» дейді. Келістім. Алматыдағы «Байқоңыр» кинотеатрының қасындағы халал кафенің вип бөліміне бардық. Аста-төк дастархан жайылған. Ол кезде телевизияға бейім курстастарымның Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабек туралы ауыздарынан суы құрып, жер-көкке сыйғызбай мақтау-мадақтауын талай естіп жүрген кезіміз. Өзіміз де әлгі «көсемдердің» дін туралы уағыздарын талай естіп, телефонға көшіріп алып қайта-қайта тыңдайтынбыз. Тіпті туған-туыс, көршілерге де қосып беріп, Мұхамеджан Тазабектің «Дін-діңгегімді» талай естіткенім есімде.
Әлгі курстастастарымызбен, бір нанды бөлісіп жеген достармен бара-бара қарым-қатынасымыз бұрынғыдай болмай бара жатты. Олардың уағыздары бір сарынды. Қуалап келгенде сол достарымыз салт-дәстүрді надандық деп танитындықтарын аңғартады. Содан қызылкеңірдек болып айтысып жатқанымыз…
Сонда атағынан ат үркетін, үнемі жастарды имандылыққа тартып жүретін Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабекті жамандыққа қимайтынмын. Шәкірттері олардың тағылымдарын дұрыс түсінбегендіктен қазақтың дәстүрін, төл мәдениетін жоққа шығаратын болар деп үнемі оларды ақтап алуға балаң көңіліміз дайын тұратын.
Әлгі кафенің вип залында бір топ жастар жиналдық. Бір кезде Мұхамеджан ағамыз кірді. Амандық-саулықтан кейін ол кісі уағыз айтуды бастамастан бұрын «Мұнда бәрі өзіміз бе?» деп сұрады. Бір-біріне қараған жастар «Өзіміз-өзіміз…» бас шұлғысты. Ешкім «мұнда артық адам бар еді» айтпасы түсінікті ғой. Әрмен қарай белгілі уағыз айту жұмысы басталып кетті. Ұзаққа созылған уағыздан жалғыз ұққаным «ақиданы оқуымыз керек» екен. Содан біз «адасып» жүр екенбіз.
Мен түк білмейтін кейіпте «Келіннің иіліп сәлем салуы дұрыс па?» деп сұрадым. Мұхамеджан ағамыз «Адам Құдайға ғана иілу керек, қалғанының бәрі ширк, серік қосу, ең үлкен күнәнің бірі — Құдайға серік қосу» деп төтесінен соқты.
Одан кейін қазақтың ұлттық аспаптары туралы сұрадым. Бір кезде бақсылардың құралы болған музыкалық аспаптарымыз да «надандықтың», «білімсіздіктің» белгісі екен. Баяғы ахиданы оқымағанның «салдары».
Қысқасы, сол кездесуде көзіміз ашылды. Уағызшыл курстастарыма «вирустың» қайдан келіп жатқанын сонда анық көз жеткізіп қайттым…
Арман Әубәкірдің
Facebook-тегі парақшасынан алынды