Бүгін Астанада QAZAQSTAN теле-радио корпорациясының 2017-2018 жылдарға арналған телемаусымының тұсаукесер рәсімі болды. Енді ұлттық арна Qazaqstan деген атаумен эфирге шығады. Бұл туралы juldyz.kz сайтының Астанадағы тілшісі хабарлайды.
Басты арнаның атымен қатар заты да өзгереді. Ұлттық классикалық әндерімізді насихаттайтын «Мен қазақпын» мега жобасы көрерменге жол тартады. Эстраданы дәріптейтін Nit Qazaqstan бағдарламасы да көпшілік назарына ұсынылады. «Киелі Қазақстан», «Ұлы дала ұлағаты», «Ене мен келін», «Үміткер» ( кәсіпкерлерге арналған шоу) т.б телеөнімдер экранға шығады. Сонымен қатар, «Алаң», «Алашнама» саяси-ток-шоулары мен «Үй тапсырмасы», «Ақ отау», «Жан жылуы» қайырымдылық бағдарламасының тағы бір маусымы басталмақ.
Сондай-ақ, отандық жаңа сериалдардың да тұсауы кесіледі. Олар: Өмір-дастан, Іңкәр жүрек, Иірім: Ана қадірі, Туған жер, Жаңа қоныс (2 маусым), Саған сенемін.
Айта кетейік, 2009 жылдан бері арна 77 сериал түсірген.
Qazsport деген жазумен спорттық арна әлемдегі ең негізгі спорттық бәсекелерді көрсететін болады. Balapan болса «Қалқан құлақ» сериалын, «Саяхат» реалити шоуын, «Алаң мен Қозықа» мультфилімін, » Күлдір-бүлдір» отбасылық жобасы мен әлемдік анимациялар мемлекеттік тілде көрсетіледі екен.
«Қазақ радиосында» берілетін бағдарламалар: Кезең, Сүйінші, Сарбаз, Әлем әдебиеті», т.б.
Аймақтағы басқа арналардың да аты Akjaik, Qiziljar сияқты өзгертіліп, латын графикасында жазылады. Басты арнаның басты тартуы Алаш қайраткерлеріне арналған сериал. Ребрендинг корпорация құрамындағы радиоларды да қамтыған. Шараға ақпарат министрі Дәурен Абаев Qazaqstan республикалық теле-радиокорпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин қатысты. Сонымен қатар, бірқатар қоғам қайраткерлері, БАҚ-тың басшылары мен журналистер болды.