Жуырда ақын Мақпал Мыса  Ресей Жазушылар Одағы М. Лермонтов атындағы комитеттің шешімімен балқар ақыны Керим Отаров атындағы алтын медаліның иегері атанған. Ақынды шын жүректен құттықтап, аз-кем сұхбаттасқан едік.

Мақпал, сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет. Әңгімені әдебиеттегі старттан  бастасақ. Тырнақалды дүниелеріңіз қалай жазылды?

Мейiрiм мен пейiлге, шапағат пен нұрға толған қазақы ауылдың жан-жүрегiн сезiнiп өстiм. Өзiм әке-шешемнен гөрi ата-әжеме тән болдым десем, қателеспеспiн. Нарынқол өңiрiнде ақ күмiстей сақалын салалап қойып, тереңнен тартып елдiк жайлы толғанатын Бекберген атамды бiлмейтiндер кем де кем. Қазақ үшiн аңызға айналған Шоған абыздың тiкелей ұрпағы деп ұялмай көрсететiн 21 ғасыр табалдырығын аттап бақиға аттанған атамның көкiрегiнен сыр, көңiлiнен жыр төгiлушi едi. Атамның тiзесiне отырған бүлдiршiн кезiмнен ғасырлар үнiн тыңдап отырғандай күй кешушi едiм. Сол ауыл, сол туған үй, сол дария маған алғаш қалам ұстатты. Тырнақалды дегенде туған жер, аспантау жайлы өлеңдер едi ғой. Бүгiнгi көзбен қарағанда көркемдiгi төмен болса да, өзiме сондай ыстық. Кейде ескi дәптердi ақтаратыным бар. Сондағы әр жол ақ қанатты перiште құстар секiлдi.

Ақындар шабыт дегенді аз айтпайды. Өлеңді шабыт келгенде  жазам деген әңгімелерді жиі естіп қаламыз. Алайда,  Лермонтов «шабыт ауру адамның сандырағы» деген ауыр сөз айтқан.  Орыстың тағы бір талантты перзенті композитор Петр Чайковский: «Егерде мен шабыт күткенімде өмір бойы жазбайтын едім»  дейді. Жалпы, шабыт деген бола ма? Сіз өлеңді қалай жазасыз?

Шабыт — көңiлiңнiң күй болып құйқылжуы. Лермонтов айтса, ол өзiнiң пiкiрi. Өз басым шабытсыз қолыма қалам алған емеспiн. Әр жырды бақытымды күткендей күтемiн. Мәселен жақында Қапшағай жайлы жетiген жыр жаздым. Былай қарасаң, жасанды көл. Адамдар арна салған айдынның өз тағдыры, жаны, үнi бар. Тағдырын танып, жанын ұғып, үнiн тыңдау керек. Осы тақырыпқа баруға күндер тiптi айлар өткен шығар. Ұлы сыншыдан ақынның өз дегенi артық. Мен жалпы машықтанудан қорқам. Өлең көңiлдiң толқыны мен жүректiң күмбiрiнен туады. Қаншама қалам ұстаған қазақ ақынының төбесiнен төнiп тұрған Абай тағылымы ел аман, жұрт тыныш болса, әлi талай ғасырға созылары анық. Мен үшiн өлең Абай атамыз айтқан: «Сылдырап өңкей келiсiм».

Өлеңді қайталап жазасыз ба? 

Жоқ. Өлең жазылмайды. Өлең туады.

Былтыр Қарқара көтерілісіне арналған поэмаңыз жарыққа шықты. Бұл 20 ғасырдың басындағы  империяға қарсы күрестердің бірі еді. Сіздің ше бұл қанды оқиғаның қандай тұстарын біз айтпай жүрміз?

Қарқара көтерiлiсiне арнаған туындымның жанры — микропоэма. Ұзақ, Жәмеңке бастаған Ұлт азаттық көтерiлiстiң әр тұсын өлеңге айналдыру поэзияға мiндет емес. Бұл да менiң жан дәптерiмнiң жазылмаған бiр бетi едi. Қазақ тарихындағы елдiктiң, рухтың жыры.

Әдетте ақын жігіттер өздерінің музалары жайлы айтады. Қиялдарында туған я болмаса қолы жетпеген аруларына өлеңдерін арнап жатады. Ал қолына қалам ұстаған қыздарда қалай? Сіздің әлеміңізде өз фантазияңызбен жасап алған ханзадаңыз бар ма?

Менiң ханзадам — поэзияның өзi. Одан сұлу, одан көркем, одан тұңғиық жаратылыс жоқ.

Бір сұхбатыңызда ақындық құдай берген қасиет депсіз. Жалпы, ақындар махаббатты, сұлулықты көп жырлайды. Ал сол бір аяулы дүниелерді қаншалықты қастерлей алып жүр?

Ақындық өнер — табиғаттың сыйы, Құдайдың берген қасиетi. Оған дау жоқ. Поэзия — тiрi гүл. Оны аялау керек. Екiншiден тағдыр. Жауапкершiлiгi ауыр жол. Кейде өлеңге ынтызар жандар поэзияны махаббат, не қуаныш, не мұң деп қарастырады. Ал, мен үшiн өлең — өмiр.

 Т. Айбергенов: «Мен бәлкім жүз қызға ғашық болған шығармын» дейді бір өлеңінде. Өнер адамдары жиі ғашық болады деген сөз бар. Сіз жиі ғашық боласыз ба?

Осы ғасырға дейiн қазақтың қай қызы «мен сенi сүйем» деп айтыпты? Ұлттың ұятын жалаңаштамау керек. Осындай сұрақтардың қойылуының өзi ыңғайсыз. Бүгiнгi қоғамда ажырасқан қыз-келiншектердiң (егер ол өнер адамы болса) тұрмыс құрып үйленiп қайта ажырасып жатқанын жерден жетi қоян тапқандай бұқаралық ақпарат құралдарында жарыса жария етiп жатуы, оларды қаһарман қылу тенденциясы белең алып кеттi. Осыған қапаланам. Ал, махаббат тақырыбы — мәңгiлiк тақырып.

 Сізде лирика басым. Жалпы, лирика сезімталдықты, эмоционалды көңіл күйді білдіреді ғой. Өмірде қандайсыз?

«Лирика — поэзияның жаны мен жүрегi», — дейдi Александр Блок. Иә, лирикалық өлеңдерiм аз емес. Өлең — менi мен менiкiнiң арасындағы көпiр. Менiң қандай екенiмдi өлеңдерiмнiң өзi айтады.

Бойыңыздағы қандай мінезден құтылғыңыз келеді?

Қандай мiнез болса да, ол өзiмдiкi.

Өмірдегі ең ауыр күнә не деп ойлайсыз?  

Ең ауыр күнә — ол сатқындық!

Сұхбаттасқан Қ. Тілеухан

 

   Өмірдерек    

         Мақпал Мыса Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. Мұқағали Мақатаев атындағы степендия иегері. Облыстық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, республикалық Абай, Мұқағали оқуларының лауреаты. «Алақандағы бақыт», «Мен керекпін», «Аспантаудың көктемі» жыр жинақтарының авторы. І. Жансүгіров атындағы республикалық мүшәйраның бірінші орын жүлдегері, қобызшы Молықбай атындағы сыйлықтың иегері, М.Мақатаевтың 80 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының бірінші орын жеңімпазы. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Павлодар қаласында өткен жас қаламгерлер фестивалінің Майра Уәлиқызы атындығы сыйлықтың иегері. Алматы қаласының мың жылдығына арналған республикалық мүшәйраның екінші орын жеңімпазы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.

 

Пікір қосу