Сайлау қоғам үшін аса маңызды саяси науқан. Сайлауда мемлекеттің негізгі салалары жасақталады. Елдегі саяси жүйе мен бағыт анықталады. Сайлау демократияның, азаматтық қоғамның қалыптасуына зор үлес қосатын процедура. Алайда, бізде сенат сайлауы қашанда елеусіз өтіп жатады. Президент кеткен жағдайда орнына төрағасы жайғасатын сенаттың конституция бойынша әлеуеті зор болғанымен оның құзіретін, азуын байқай бермейміз. Бүгін мәселен сенаттың 16 депутаттық мандатына 38 үміткер таласуды бастады. 14 облыс пен Алматы және Астана қаласының 3291 депутаты дауыс береді. Осыған орай біз экс-сенаторлар Зәуреш Батталова мен Ғани Қасымовқа біздің елде сенат сайлауы неге елеусіз өтеді, бізге қос палаталы парламент қаншалықты керек деген сауал қойған едік.

Сенат Ақорданың жеке конторасы

Зәуреш Батталова, экс-сенатор: Біздегі сенат сайлауына  қоғам, БАҚ-ры, халықаралық ұйымдар тарапынан ешқашанда қызығушылық болмаған. Неге дейсіз ғой. Өйткені, сенатты халық сайламайды. Мәселен қалай болғанда да мәжілісті халық сайлайды. Сайлаулардың қалай өтетіні, дауыстардың қалай саналатыны әрине бөлек әңгіме. Ал сенатқа халық дауыс бермейді. Оларды мәслихат депутаттары сайлайды. Мәслихаттағылар әкімшіліктің құзіретімен сайланғасын сенатқа өтетіндер жоғарғы жақпен реттелетіні де ап-айқын. 15 сенаторды  президент өзі тағайындайды. Қысқасы, сенат Ақорданың көңілінен шықпаған заңдарды тоқтату үшін керек. Президент әкімшілігіне қарайтын құрылым десе де болады. Сенаторға үміткерлер ешқашанда халықпен кездеспейді. Бар жоғы өңірлердегі мәслихат депутаттарымен жолығады. Өз оппоненттерімен ел алдында, БАҚ-да дебатқа түспейді. Саяси науқанның жарысынан көрмейсіз. Телеарналарда пікір- таласқа түсіп жатқанын көзіңіз шалмайды. Қазақстан федеративті емес, унитарлы мемлекет. Сондықтан бізге қос палаталы парламенттің  керегі жоқ.  Мысалы Ресейде жалпы ресейлік заң сосын, әр өңірлер үшін заңдар қабылданады. Ал біздің сенат арнайы облыстар үшін заң қабылдамайды ғой. Сенаттың кейбір өкілдері аймақтан сайланады деген уәждерде айтылып жатады. Олар аймақтың проблемасын көтереді деген түсінік бар.  Бірақ, ол қисынға келмейді. Өйткені, аймақтардың мәселесі мемлекеттен сырт қаралған емес. Бізде неге сенат сайлау қызу өтпейді дейсіз. Себебі, оларды сайлайтын мәслихатқа сенім жоқ. Сондықтан да сенатқа елдің сенімі жоқ. Неге халық елде сайлау болып жатқанынан хабарсыз. Өйткені сенат пен сенаторларды халық жөнді білмейді. Керек те қылмайды. Шыны керек бүгін сенат сайлауы болып жатқаны менің де есімнен шығып кетіпті.

Сенатсыз парламентте дестабилизация болуы мүмкін

Ғани Қасымов, экс-сенатор: Мен сенатта 6 жыл қызмет еттім. Сенат жеке институт ретінде 20 жылдан  аса жұмыс жасап келеді. Жеке институт ретінде қалыптасты деп айта аламын. Бізде сенат жыл он екі ай еңбек етеді. Мысалы, мәжіліс демалыста болғанда, я болмаса сайланып жатқанда парламент жұмысы тоқтап қалмайды. Бұл еш жерде жоқ. Қазір көптеген заңдар қабылданып жатыр. Төменгі палатада сайлау болып қалғанда заңдар уақытылы қабылданбай, одан біздің қоғам зардап шегеді. Көп адамдар заңдардың қабылдануын, толықтырулар мен өзгертулерді күтеді. Осы тұрғыдан парламенттің жоғарғы палатасы тиімді жұмыс жасап отыр. Сенаторларды облыс және қала мәслихатының депутаттары сайлайды. Мәслихатта сайлау арқылы жеңіп шыққан депутаттар отыр. Сондықтан да сенаторларды халық өкілі деп толық айтуға болады. Содан кейін, Сенат саясиланбаған палата. Ол жерде саяси фракциялар жоқ. Сенат депутаттары өз өңірлерінің мүддесін көтереді. Бір кереметі, олардың көбі облыста, қалада мәслихат депутаты болғандар. Парламент қабырғасына келгенде өздері жақсы білетін облыстарының проблемаларын көтереді. Жарайды, бір палатала парламентке көшейік. Ол үшін конституцияны өзгертуіміз керек. Бұл бізге шығын алып келеді. Сосын, бізге кім кепілдік береді мәжілістегі үш саяси партия ауызбірлікте болады деп. Дестабилизация болуы мүмкін. Бұл біздің қоғамға керек пе?  Енді мен бұл жерде нобайлап айтып тұрмын. Қоғам үшін заңдардың уақытылы әрі сапалы қабылданып тұрғаны маңызды. Заң деген 3 жастағы бала мен 93-гі қарияға дейін түсінікті болу керек. Мысалы, Британияда 100 жыл бұрын қабылданған заңдар бар. Соны әлі де өзгертіп, жетілдіріп жатыр. Біздің де сенаттың жұмысы басынан асады. Мәжілістің бітірмей қалған қаншама жұмыстарын жасайды. Қазір парламент есігі барлық адам үшін ашық. Сенаттың отырыстарына да қатысуларыңызға болады. Барып көріңіздер. Қандай дебаттардың болатынын көресіздер. Сенат қоғамның, мемлекеттің дамуына бағытталған қаншама заңдарды қабылдады. Ал біз сенат керек пе, керек емес пе деген ескі әнге әуеспіз. Біздегі сарапшылар әсіресе сондай дилетанттық пікірлерді  айтуға құмар. Қаншама заңдарды сенат мәжіліске қайтарып берді. Қаншауын толықтырды, жетілдірді. Міне, осыны айтуымыз керек. Бізге мәжіліс пен сенат жұмысын жетілдіріп, бірлесе іс атқаруын жолға қою жағын қарастыру керек.

Сайлау қорытындысы 4 шілдеге дейін шығатын болады. ОСК-ның мәліметінше сенат сайлауын бақылауға  ТМД, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Түркі тілдес елдері ынтымақтастық кеңесі және Түркі тілдес елдер парламенттік ассамблеясынан және он алты  шет мемлекеттен  отыз тоғыз  бақылаушы тіркеліпті.

 

Пікір қосу