Жаркент қаласының маңында Ермек Тұрсыновтың алтыншы режиссерлік жұмысы «Киномеханик» көркем фильмінің түсірілімі өтуде. Бұл туралы juldyz.kz порталы хабарлайды.
Фильмде ауыл-аймақты аралап, кино көрсететін сарбаз туралы баяндалады.
«Фильм идеясын марқұм Меңтай Өтепбергенов ұсынған еді. Отанына кинопроектормен бірге оралатын сарбаз оқиғасын негізге ала отырып, сценарий жаздым. Меңтай басты рөлді сомдағысы келген еді. Ол көптеген картиналарға түссе де, ешқашан басты кейіпкерлерді сомдамаған. Меңтай түсірілімге қызу дайындық жүргізді. Алайда, денсаулығы күрт нашарлап, қайтыс болып кетті. Біз жобаны әрі қарай жалғастырып түсіріп жатырмыз. Кинокартинаны Өтепбергеновтың естелігіне арнаймыз»,-деді Ермек Тұрсынов.
Алғашқы кадрлар – соғыс көріністері – өткен жылы Будапештте түсірілді. Режиссердің айтуынша, Қазақстанда 10-ға жуық локация пайдаланылмақ. «Киномеханик» түсіріліміне кәсіби топ атсалысып жатыр. Оның құрамына Венгриядан келген екінші режиссер Тамаш Тот және композитор Қуат Шілдебаев бар.
«Фильмді көрерменнің қалай қабылдайтынын әзірге айта алмаймын. Киноның жақсы түсірілгенін тек монтаж, дыбыс қою жұмыстары біткен соң және әріптестерім мен фокус-топтың пікірінен кейін ғана біле аламын. Ал егер де фильм ойдағыдай шықпаса, оны ешкімге көрсетпеймін. Бір ғана нәрсе айта аламын, біз халық үшін, көрермен үшін жұмыс істейміз. Бір кездері топпен ауыл-ауылдарды аралып, көрсетілім қойған едік. Бір ауылда «Шал» фильмін көрсеттік, ауыл тұрғындарының барлығы жиналды. Олар кино көрсе, мен көрерменге қарап отырдым. Көрсетілімнен соң ортаға Тоғызақов шықты. Барлығы «Тірі екен ғой!» деп, қуанып кетті. Міне, біз осындай көңіл-күй үшін жұмыс істейміз әрі өз қызметімізді адал атқаруға тырысамыз»,-деп қосты режиссер.
Айта кетейік, бас продюсер Қанат Төребайдың айтуынша, фильм түсірілімі 1 шілдеде аяқталады. Ал «Киномеханик» таспасы экрандардан биылғы жылдың күзінде немесе қыс мезгілінде көрсетіледі.