Димаш Құдайбергеннің PR менеджері Алпамыс Шаримов Астанада 27-ші маусымда өтетін концерттің дайындық барысымен бөлісті. Бұл туралы ол «Астана» радиосының «Кеш жарық» хабарында айтып берді, — деп жазады juldyz.kz порталы.
«Қазір концерт дайындығы қызу жүруде. Кеш өтетін «Астана Арена» стадионында сахнаны құру жұмысы да басталып кетті. Кеште Қытай елінің ең жарық жұлдызы Терри Лин, «Евровидение -2012» байқауының бас жүлдегері Лорин атты әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы мен Ұлыбритания елінен арнайы келетін сазгер, әнші Элит-Бекстор Софи өнер көрсетеді. Сонымен қатар, Ресейден келетін Кристина Орбакайте мен Димаш дуэт орындамақ», — дейді Алпамыс Шаримов.
«Бұл концерттен не күтеміз?» деген сауалға Димаштың PR менеджері жан-жақты жауап берді.
«Кеште шоу элементтері әрине, болады. Бірақ, дегенмен шетелден келе жатқан және Қазақстандағы тыңдармандары үшін Димаштың өзін көріп, дауысынан ләззат алудың өзі шоудың нағыз күткен дүниесі дер едім. Себебі, ТМД елдерінен келе жатқан тыңдармандарымыздың көбі Димашты әлі күнге дейін бірде-бір рет болсын көрмеген. Бұл концерт үлкен мүмкіндік», — деді ол.
Айта кетейік, аталмыш концертте Димаш Құдайберген бұрынғы әндерімен қатар жаңа туындыларын да көпшілікке ұсынбақ.