Қазақстан президенті Н. Назарбаевтың туған күніне жарты ай қалғанда мемлекет басшысының есімі  Астана халықаралық аэропортына берілді. Премьер-министр Б. Сағынтаевтың қолы қойылған үкімет  қаулысы БАҚ-ры бетіне де жарияланды. Осыған қатысты  juldyz.kz тілшісі саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлерінің пікірін білген еді.

Әзімбай Ғали

Әзімбай Ғали, саясаттанушы: АҚШ-та көзі тірі кезінде Рейган атына бірнеше аэропорт берілген. Ол кезде АҚШ-тың 40-шы  президенті алжып жатты. Рейганға кісі кіргізбейді екен. Соған қарамастан Рейганға осындай құрметтер жасалды. Ал  Н. Назарбаев атына аэропорт берілгенін өз басым қолдаймын.Дұрыс деп есептеймін.  Елбасының  еңбегі бар. Бұл жеке басқа табынушылық емес.

Ермек Нарымбай

Ермек Нарымбай, қоғам қайраткері: Диктатор тіптен баланың қылығын жасайтын болыпты. Өйткені бұдан асқан ақымақтықты ойлап табу мүмкін емес. Өзін-өзін марапаттайды, өзін-өзі мақтайды. Қарттық маразмның тереңдей түскені дұрыс. Халықты одан сайын ашындырып, тақты босатар сәтті жақындата түседі.

Толғанай Үмбетәлиева

Толғанай Үмбетәлиева, Орталық Азия демократияны дамыту қорының директоры: Бұл совет заманынан қалған үрдіс. Себебі совет кезінде жоғарыда отырған саяси тұлғаға көп көңіл бөлінетін. Үкіметтің мына шешімінде бүгінгі заманға сай элементтерді де көріп отырмыз. Мақтау, жағымпаздану сияқты. Бірақ та совет кезінің өзінде дәл бұндай көкке көтеріп ұлықтау деген болған жоқ. Тек, Елбасы бастаған астаналықтардың асығыстықтары таңқалдырады. Күнде өзі айтатын   зор еңбегі мен саяси серіктеріне сенбейді ме?! Елбасы көзі тірісінде өз даңқына масаттанып алғысы келеді. Ертеңгі күні көп нәрсенің өзгеретінін біледі.

30-жылға жуық Қазақстанды басқарып келе жатқан Н. Назарбаев атында мектеп, университет, қор мен бақтар  бар. 2010 жылы Астанада алғаш рет Н. Назарбаев атындағы зияткерлік мектеп ашылған. Сол жылы 70 жасқа толған мемлекет басшысының құрметіне Н. Назарбаев университеті алғаш рет студенттерді қабылдады. Ақтөбедегі Абай атындағы парк Н. Назарбаев атына беріледі. Сол жылы Алматыда мемлекет басшысының атындағы дендропакрк өз жұмысын бастады. 2011 жылы болса сол жерге Елбасының ескерткіші орнатылады. Айтпақшы, Н. Әбішұлының 70 жылдық мерейтойында «Елбасы» деген атағы ресми заңдастырылған. Саясаттанушы Т. Үмбеталиваның сөзінде жан бар. Бір кездері көршілес Түркменстанда «ұлт әкесі» дәрежесіне көтерілген Сапармұрат Ниязов есімі қазір  еміс-еміс естіледі.  Бұл күнде   Түркіменбасшы Арқадағ (қорғаушы) деген ат алған Гурбангулы Бердімұхамедовтың көлеңкесінде қалып қойған.

Президент Н. Назарбаевтың ескерткіші. Алматы

 

 

Пікір қосу