Өнерпаз болуға талаптанған әрбір адам өз қазанында ғана қайнап қалу керек пе?! Өзге елді талантыңмен таңқалдыру нағыз өнерпаз деген атқа өлшем болса керек-ті. Музыка өнері басқалардан еш кем емес қазақ Әміре Парижді әнмен бағындырды деген сөзді бүгінге дейін айтып келе жатыр. Өйткені, өнерде шекара болмайды деген ұғым бар. Бүгінде қазақ эстрадасы жайлы сөз қозғалса әншінің тойдағы салған әнінің құны, киген киімі, ары кетсе түсірген бейнебаяны сөз болады. Орталық телеарналарда олардың зәулім үйлері көрсетіледі. Әншіге жиған-тергені мақтан болмақ па? Димаштың аты аспан асты елінде шыққанда әлемге әйгілі Лара Фабиан сынды әншілер өз ілтипаттарын жасыра алмады. Неге біздің эстрада өкілдері Еуропа, Америка сынды құрылықтарды болмаса да Азия  немесе Орталық Азияда танымал емес. Мәселен өткен ғасырдың 70-ші жылы құрылған өзбектің «Ялла» тобын жер-жаһан білмесе де әлі күнге Орталық Азияда олардың тыңдаушылары бар.Совет заманында Роза Рымбаева «Золотой орфейді» алғалы қанша уақыт өтті. 1988 жылы Бостонда өткен кеңестік саз фестивалінде Ерік Құрманғалиевті жергілікті басылымдар феномен әнші Федора Барбиеримен салыстырғанына  да біраз жылдың жүзі болды.  Әлде той жасаудан өзара жарысқа түсіп, дарақы  мінезіміз өнерге өз салқынын тигізді ме екен. Осы тұрғыдан әншілеріміз неге халықаралық байқауларға қатысып, өнердегі өрісін кеңейтуге ықылас таныта бермейді деген сұрақ төңірегінде  сауалнама ұйымдастырған едік.

Жанна Абу, продюсер: Конкурс дегенге қарсымын 

Мен жобаларымды конкурстарға қатыстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Өзім ондайды ұнатпаймын. Әр продюсердің өзінің тәртібі болады. Жобаларым менің айтқаныммен ғана жүреді. Сондықтан, конкурс дегенге өзім қарсымын.

Бағлан Омаров, композитор: Әншінің мақсаты — ән айту ғана

Сан үшін болатын байқаулар бар, ал енді бір конкурстар кешегі Димашқа жолдама берген сияқты ауқымды болады. Ауқымды жобалар пайда береді. Ал ешқандай жарнамасы жоқ ұйымдастырушылар мен қатысушылар ғана көретін конкурстар ешқандай нәтиже бермейді. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді ғой. Димаш байқауда елді таңғалдырды деу қиын. Алайда, әр конкурстың өзінің ұстанған мақсаты, саясаты, мүддесі болады. Соған лайық адам конкурста жеңіп шығады. Одан  да бір жақсы әнші болуы мүмкін. Бірақ, конкурсқа сай келмесе, жеңбей қалады. Бұл нәрсеге біржақты пікір айту қиындау. Менің ойымша, әншінің мақсаты — ән айту ғана. Ол жылап айта ма, күліп айта ма, шашын жұлып айта ма, әнді жеткізу керек. Өзін жақсы көретін әншілерді өзім қабылдай алмаймын. Маған дауысы кішкентай болса да әнді көрерменіне жеткізе білетін әнші ұнайды. Мысалы, Мейрамбек пен Димашты салыстырайық. Мейрамбек олай жоғары нотада ән айта алмайды, үлкен ноталарды да ала алмайды. Мейрамбекке мұның түкке де қажеті жоқ. Себебі, Мейрамбек — әнші. Ол ән айтады. Ал Димаш айқайлайды. Сонда былай қарасаңыз, Қытайға барған адам біледі. Жалпы, қытайлықтар айқайлап сөйлейтін адамдарды жақсы көреді. Оларға өту үшін одан да қатты айқайлау керек. Димаш солай өтіп кетті. Мейрамбек барса оны қытайлар қабылдамас еді. Мәселен, Мейрамбек сол байқауға қатысып орын алмаса, Мейрамбек нашар әнші деп кім айта алады? Біржақты қарауға болмайды. Бұл карта сияқты нәрсе. Біреу ұтады, біреу ұтылады. Біреудің бағы жанады.

Досымжан Таңатаров, әнші: Байқауларға қатысып жүрген әншілеріміз аз емес

Пайдасы — еліңді біреу танытып жатса, елдің өнерін басқа мемлекетке паш етіп жатса оның пайдасы сондай деңгейде көрініп жатса елінің туын көкке көтерген өнерпаз болып шыға келеді. Соның дәлелі кешегі Димаштың деңгейі ғой. Конкурсқа қатысып жүрген жандар аз деуге болмайды. Сол деңгейде танылмай жатқандар да бар. Мемлекеттік деңгейде соған атсалыспай жатқан шығармыз. Жалпы, конкурсқа қатысатын әншілер,өнерпаздар болады. Ән айту диапазоны, деңгейі, ыңғайы бар. Соны танып білу — мемлекеттің құзырындағы дүние болу керек. Оқу орындары бар, солардың ішінен іріктеп шығару керек. Конкурсқа қатысқандар аз деуге болмайды. Бізідің өнерпадар өте көп, барды көрсете алмай жатқан сияқтымыз. Енді мен өзімді конкурстың әншісімін деп есептемеймін. Қатыспадым демеймін, ТМД деңгейіндегі байқауларға қатыстым. Лауреат болмағаныммен жеңімпаз атандым. Менікі дәстүрлі болғасын, сол жағына бағымды сынадым.

Медеу Арынбаев, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Халық әншіні шет елді бағындырып келсең ғана мойындайтындай

Отандық болсын, әлемдік болсын конкурстың аты конкурс. Ол – белгілі бір белес, жас әншілерге беріліп жатқан  емтихан. Мысалы «Жас Қанат» байқауының әлі күнге дейін бар-жоғын ешкім білмейді. Биыл ғана сонда қазылар мүшесінде отырдым. Қатысушылардың ішінде барлығы болмаса да, 3-4 әншіні талапты, талантты деп атап өтер едім. Ертең солар осындай байқаулардан кейін қазақстандық продюсерлердің көзіне түсер. Жас әншіге байқау  өзін және вокалдық қабілетін көрсету мүмкіншілігін беріп жатады. Қазір эстрададағы «Мен» деген мықты дауысты әншілерді алып қарасаңыз, көбі осындай «Жас қанат», «Азия дауысы» сияқты конкурстардан шыққандар.

Ал, Димаш – талант. Ол Қытайға бармай-ақ қуантып жүрді барлығымызды. Оны білмей жүрмедік емес, білдік. Халықтың психологиясы сондай болып тұр, шет елді бағындырып келсең ғана мойындайтындай. Таң қалдыру Димаштың қолынан келіп тұр. Дегенмен, ауыр шығармалар тыңдармандар үшін де ауыр. Димаштың бойтұмарына айналатын ән қалады да, кейін  ол да  басқа әндер қарастырады деп ойлаймын. Түбі бәрібір халықтың талғамымен сәйкестендіреді, ойымен санасады.

 

1 пікір

Пікір қосу