– Динара, сен махаббат жайлы көп жазасың. Өмірде жиі ғашық боласың ба? Әдетте мұндай сұрақты өнердегі ер адамдарға көп қояды. Сұрағымды жақсы мағынада қабылдауыңды сұраймын.

 Махаббат лирикасы жаныма жақын. Үнемі аңсау мен сағынудың аясында жүремін. Бір нәрсе жетпей тұрғандай болады. Махаббатсыз дүние бос екені ақиқат. «Жиі ғашық боласың ба?» деген сауалыңызға тосырқап отырмын. Ғашық болуға ұмтыламын. Ғашық болудың ауқымы кең ғой: ғашық болу, сұлулықты көре білу. Меніңше, ол бір еркекке деген ықыласпен өлшенбейді. Дүниенің әрбір сәулесіне деген сезімің. Жанарыңның ішіндегі, жүрегіңнің түкпіріндегі тазалық. Ғашық бола білгенің – өмір сүре білгенің.

– Пендеге керектің бәрі бар,

Әйелмін, баласы, жары бар!

Адам боп жүремін ақылды,

Жан екем жалғанда бағы бар, – дейсің бір өлеңіңде. Сенде не жоқ?

— Жүректің мазасыз шақтары,

Жанымды өртейді оттары.

Сенгісіз сезімдер бар онда,

Белгісіз қай кезде тоқтары! – деп аяқталатын өлең ғой. Менде әйел адамға тиесілі бақыттың бәрі бар. Әйел адамға ғана арналған армандарым бар. Ең бастысы, шаңырағымның шайқалмай, ішінде бөбектерімнің дені сау болып өсіп келе жатқанының өзі несібем. Ал шығармашылық адам ретінде өз деңгейіме лайық сыйлық, марапаттан құр алақан емеспін. Қазіргі уақытта, сыйлық алу үшін, марапатқа жету үшін жанталасып жүргенім жоқ. Тек бір ғана мақсат – жақсы жырларды көп жазу. Жастық жігерімді оқылатын өлеңге арнау. Әйелге ғана тән нәзіктікті көре білу, оқырманға ойлы түрде жеткізу.

– Өлең қалай жазылады? Шабыт дегенді ақындар көп айтады. Ол не? Музаң бар ма?

 Шабытты шақ, қанаты бар құстай, ауа­дай, мөп-мөлдір үзіліп түсетін шықтай бір аяулы сәт қой. Оны қолмен ұстап, көзге көрсете алмайсың. Тек астан-кестен болып, лапылдап тұрған ыстық кеудеңді ғана сезінесің. «Өлең жазамын» деп, арнайы үстелге жайғаса алмаймын. Жолда болсын, түзде болсын, түнде болсын, жанарыңнан сырғып түсетін жасындай болып көкірегіңде тұра қалады. Ішіңде өзің емес, кіп-кішкентай нәресте былдырлап жатқандай болады. Менің музам – менің жүрегімде, жанымда, алпыс екі тамырымда, құшағымда…

«Отбасым — алтын бесігім»

– Өмірде жауаптарын таппаған сұрақтарың бар ма?

—  Өмірде әр нәрсенің жауабы болады. Тек өзіміз, оның жауабын қиындатып аламыз. «Неге?» «Бұл қалай болды?» деген сауалдарды өзіме аз қоямын. Маған кешегі күнім, өткен күнім, қазіргі күнім – өмірім. «Өмірдің әр сәулесін сүйіп тұрмын, айырбастап ала алмай басқа мұңға» деген жыр жолдарым – осы көңіл күйімнің көрінісі.

– Әлеуметтік желіде оқырман­дарың аз емес. Ықылас пе­йіл­дерін көріп жүрміз. Өз оқырмандарыңның портретін жасап берші.

 Әлеуметтік желінің жақсы да жағы бар, көлеңкелі жері де жоқ емес. Ол жерде саған тілекші де, қаралауға дайын да оқырмандарың отырады. Ең бастысы, сенің жырыңды түсініп, кейде сағынып жүреді. Жылт ете қалған жырыңды бағалап, бағаңды асырып, көңіліңді аспандатып жібереді. Әркім өз парақшасының редакторы. Шығармашылығың әр жерде шашырап қалмас үшін тиянақты болып, қажет кезінде көз алдыңда тұратындығы қуантады. Кейде ықылас ниеттерін оқып отырып, өзіңді борыштар адамдай сезінесің. Тағы да жақсы, тағы да керемет жыр жазуға асығасың.

«Кітаптар менің ең жақын достарым»

– Әлеуметтік желі демекші, лирикалық өлеңдеріңді оқып алып, өз сезімін білдіргендер, кездесуге шақырғандар болды ма?

 Лирикалық өлеңдерімді оқыған соң ба, суреттеріме көзі түскен соң ба, пейілдерін білдіретіндер бар. Бірақ кездесуге шақырды екен деп, баруды міндет санасам, әйелдік ибалығыма, үйдегі жолдасыма обал емес пе?! Кітабымды сұрап, шайға шақырып, әдебиет тұрғысында әңгіме айтқысы келетін, сырласқысы келетін достарым да бар, әрине. Бұл жерде көп жағдай әйелдің өзіне байланысты. Дегенмен, «алда-жалда бұл келіншек келісіп қалар» деп, сыр тартатын ер азаматтар да бар. Өзің туралы қандай пікір қалыптастырсаң, кісінің ойы да солай болады.

– Поэзия десе еске бірден Мағжан, Қасым, Мұқағали, Жұматай сынды ақындар түседі. Өз оқырмандарыңа өз замандастарыңнан қай ақындарды оқуға кеңес берер едің.

 Менің жаныма жақын – Мағжан Жұмабаев, Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жұматай Жақыпбаев. Көзі тірі ақындардан Ұлықбек Есдәулет, Күләш Ахметова, Есенғали Рау­шанов дер едім. Замандас аға-әпкелер ішінен Құралай Омардың нәзіктігі, Асылзат Арыстанбектің мінезді жырлары, Танакөздің тылсым өлеңдері, Сағыныштың тұнық сырлары, Батырхан Сәрсенханның байсалды жырлары, Айжан Тәбәрәктің тапқыр ойлары, Мақпал Жұмабайдың мақам иірімдерін ерекше атар едім.

Олжас Сүлейменов, Динара Мәлік

– Бойыңдағы қандай мінездер өзіңе ұнамайды?

—  Жалқаулық деген жаман «дертім» бар. Бүгінгі ісімді ертеңге қалдырып жүремін. Жауапсыздығымды қосып қояйын оның үстіне. Жұмысқа бару қажет болса да, көңіл күйім болмаса бармаймын. Діттеген жеріме нақты уақытында бару деген ұқыптылық жоқ. Кісіге сенгішпін. Бірақ ешуақытта кек сақтаған емеспін. Біреуге өкпелеп жүрсем, тез ұмытып кетемін. Ең ұнамайтын мінезім – айтып өткенімдей, жауапсыздығым. Тез жалығып кететінім бар. Адамдардан, тіпті достарымнан да….

– Ер адамның қандай қасиетін бағалайсың?

 Ер адамның ең бастысы – еркектігін бағалаймын. Әңгіме айтып ұсақ-түйектікке салынбаса екен деймін. Бірсөзділікті, салмақтылығын сүйемін. Әйел адам жүзіне қарағанда еркектігі сезіліп тұрса деймін. Іштей сүйсініп, қайратынан қаймығып тұрсаң керемет емес пе?

– Бақытсыздық деген сен үшін не?

– Бақытсыздық деген әйел адам үшін – елеусіз, ескерусіз қалу. Өмір бойы әйел адам содан қорқады. Түйсігің түгесіліп, сезінуден қалсаң, өз-өзіңе көңілің толмаса – сол бақытсыздық. Отбасыңда қадыр-қасиетің қашса, сенің тозаңның салмағындай сыйың қалмаса – сол қасірет. Өзіңнің өнердің айналасында, өлеңнің өлкесінде жүріп, соңында бір ауыз сөзің қалмаса, әулетіңе керегің болмаса – ең үлкен ауырлық осы дер едім.

Сұхбаттасқан Қанат ТІЛЕУХАН

 

Пікір қосу