Әсет Есжан – әнші, актер. «Дүр қамшы», «Раушан гүл», «Қасымда бол, айым», «Ол кім?», «Нәзігім, еркем», «Жыламасын сәбилер» атты тыңдарман көңілінен шыққан сырлы әндердің орындаушысы. 2005-2008 жылдар аралығында, Т.Жургенев атындағы ҚазҰӨА колледжінде,  2008-2011 жылы Т.Жургенев атындағы өнер академиясын, «театр және кино актері» мамандығы бойынша тәлім алған. Бүгінде Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында актер әрі Т.Жургенев атындағы ҚазҰӨА колледжінде ұстаздық етеді. Әншімен аз-кем  әңгімелесудің реті келген-ді. Juldyz.kz назарларыңызға ұсынады.

– Өнер адамынан бірінші кезекте шығармашылығын сұраған дұрыс шығар. Қандай жаңалықтарыңыз бар?

– Жаңалық көп. Музыкалық продюсерім – Ұщқын Жамалбек. Бірнеше әндер жаздырдық, бейнебаяндар түсірдік. Биыл өзімнің сабақ беретін группам бітіреді: 30 мамыр мен 1 маусым күні Рейконидің «Мани-мани» деген қойылымын қояды. Сол қойылымды дайындап жатырмыз. Қазір екі әнім жазылу үстінде. Тіпті дайын болды деуге де болады. Бірақ уақыттың тапшылығынан және тамағымды ауыртып алғандықтан аз ғана уақытқа шегеріп отырмыз. Ал халыққа ұсынған соңғы дүние, өздеріңіз білесіздер – Сәкен ағамызбен шыққан «Жыламасын сәбилер» әні мен бейнебаяны.

– Осы әніңіздің шығу тарихы қандай?

Көрермендерге бір пайдасы тисе екен, өнерім арқылы бір тәлім алса екен деген мақсатпен бір жыл бұрын «Жыламасын сәбилер» әнін жаздырған болатынмын. Сол кездері тастанды балалар көбейіп кеткен еді: аялдамаға, трассаның бойына, дәретханаларға… Айтуға қорқынышты. Бірде Ұшқын «Жыламасын, жыламасын сәбилер» деген жерін ыңылдап айтып отырған, содан осындай ән жазу идеясы келді. Сөзін туған ағам – Мұрат Есжан жазды. Қазір осындай әндерді адамдардың қабылдау деңгейі қандай деген сұраққа жауап іздедік және шабар жері қалай болады екен деп ойландық. Көрінген адам ыңылдап айтып кетеді деп айта алмаймын, біз әуел баста-ақ ондай болмайтынын білдік.

– «Жыламасын сәбилер» әнін Сәкен ағамен қайта айтып шығуыңызға не себеп болды?

«Асыл арна» көрсеткен «Шатқал» деген қысқаметражды фильмдегі үш басты кейіпкердің бірін сомдаған едім. Сәкен ағам содан және «Раушан гүл» деген әннің орындаушысы ретінде сырттай біледі екен. Театрдың 70 жылдығына қонақ ретінде шақырылған. Сол күні мен дәлізден өтіп бара жатқанда ағамызды көріп қалып амандасып едім, «Өй, Әсетжан, қалың қалай? Көріп жүрмін, өзіңнің көзіңше репост жасайыншы. Мәшинеде «Жыламасын сәбилер» әнін күнде тыңдап жүрмін» деді. Содан мен Ұшқынға барып, Сәкен ағаға әннің ұнағанын айттым. Менің ғана аузымнан таралғаннан көрі, Сәкен ағамен айтып таратсақ өтімдірек болар деген ой келді. Жасыратыны жоқ, танылу үшін де керек қой бұндай дүниелер. Бірақ менің – мақсатым осы әннің өзін тыңдарманға жеткізу болды. Сәкен ағаға ұсыныс тастадық. Клиптің сценаристі әрі режиссері – досым, бауырым Мерей Маханов. Қайта өңдеген Бауыржан Бакиров деген жігіт. Не керек, бәрі аянбай қызмет етті. Жаман дүние шықпаған сияқты. Осы бейнебаян арқылы қаншама адамның батасын алдық. Ал ән біраз жерге жетті, мақсатын орындады.

– Жалпы сіздердің жұмыс процестеріңіз қалай жүреді? Продюсеріңіз бар ма?

Музыкалық продюсер дегеніміз – сенің не айтатыныңды, қандай ән айтатыныңды, стиліңді, орындауыңдағы кемшіліктеріңді, барлығын қадағалайтын адам. Ал продюсер дегеніміз – сені сатушы, белгілі бір концерттерге шығарушы, киім беруші, жалпы барлық жағынан сені қамтамасыз етуші. Мерей Маханов, Олжас Абай және Ұшқын үшеуі «Үгәй» деген дүние құрсақ деген ойда жүргенде, сол ортаға мен де кірістім. Бір орталық құрдық деп айтуға болады. Бас продюсеріміз – Ұшқын. Бәріміз соның айтқанына қараймыз. Ешкім ешкімге бұйрық бермейді, бір үйдің баласындай жұмыс істейміз. Тек бір-бірімізге ұқсап кетпеуіміз керек деген қағидамыз бар. Себебі,  үшеуміз де бір жерге барған кезде ата-апаларымыз да, жастар да, шет елге құмартып жүргендер де тыңдайтындай дүние болса дейміз. Ең бастысы – сапа бар деп ойлаймын.

– Махаббат тақырыбындағы әндеріңіздің өзінен рухты жігер сезіледі…

Өнерде жүргендіктен ғана емес, азамат ретінде ел үшін пайдалы болуды мақсат еттім. Ең бірінші ән әлеміне Ұшқын бауырым ұсынған «Дүр қамшы»-мен қадам бастым. Әннің сөздері ауырлау болды ма, білмеймін, бейнебаян түсірейік дегенде телеарналар алмайтын болып шықты. Радиоарналардың өзі басында қорқып бере алмай жүрді. Бірақ шығатын дүние түбінде шығады екен. Қанат ағамызға қатты ұнап, сол кісінің өзі-ақ біраз жерге жеткізді. Ол ән жақсы таралып кеткеннен кейін ары қарай махаббат тақырыбына да әндер жазылды. Дегенмен әр адамның өзіндік стилі мен ұстанымы бар ғой. Ұшқынға әу бастан-ақ табиғатыма патриоттық әндер жақын екенін жеткіздім. Менің әр әнімді өзімнің стиліме икемдеп беріп жатыр. Сол үшін қуанамын.

– Жеке өміріңізде қандай жаңалығыңыз бар?

Жалпы менің жеке өмірімнің құпия болғанын қалаймын. Кейбіреулері жұбайларын жасырып жатады… Менің ұстанымым басқа. Қыздар шуылдап, күні-түні маза бермей жатыр деп айта алмаймын. Мен үйленсем, үйленгенімді жасырмаспын, бірақ әйелімді жарнамаламайтын да едім.

– Ал сіздің жұбайыңыз қандай болуы керек?

Еркек қантты ұстап тұрып, бұл тұз десе, ол тұз болуы керек. Осыған көнетін адам болуы керек. Алла қаласа, болады да. Үйде еркек еркек болмаған, әйел әйел болмаған жерде, елдің туын ұстайтын намысты ұл, ұлтты тәрбиелей алатын ақылды қыз шықпайды деп ойлаймын. «Жұбайыңыздың өнер адамы болғанын қалайсыз ба?» деп көпшілік сұрап жатады. Өнер адамы болса болатын шығар, бірақ менің соңымнан ерген күннен бастап, өзінің өнер адамы екенін ұмыту керек (күліп). Бәлкім менікі қызғаныштан шығар. Себебі, Пайғамбарымыз «Әйелдеріңді қызғанбағандарың бізден емессіңдер» дейді. Анам күліп «Әй саған есі дұрыс қатын тимейді-ау» деп те қағытып алады. Сөздің шыны керек, театрдың өзі жылына екі рет гастрольге шығады. Сонда мен бір жылдың екі айында үйде жоқпын. Ал басқа күндері таңертең репетиция, түстен кейін сабақ, кешке спектакль, спектакльден кейін студияға барасың, осылай шапқылап жүгіріп жүргеніңде, жұбайыңда да осындай график болса, онда сенің жазып жүрген әнің, айтып жүрген патриоттығың, дәріптеп жүрген тірлігіңнің барлығы нөлмен тең емес пе?!.

– Қанша рөл сомдадыңыз?

Көп…

– Өз рөліңізді таптыңыз ба?

Актер «мен өз рөлімді таптым» десе, ол – оның біткен жері. Мен Тұңғышбай ағада оқыдым, «театр», «актер» деген ұғымға көзімді ашқан сол кісі. Әрбір рөлден характер жасауды үйрендім. Театрға алғаш кірген кезде «Қара шекпен» қойылымынан шопанның рөлі бұйырды. Қатты салмақ салмадым. Өзіміз ауылда өскендіктен, жанбасымызға да келген сияқты. «Ромео-Джульетта» деген қойылымда Меркуцио болып ойнаймын. Ол – Ромеоның досы,  наркоман, ішкіш, өмірге басқаша көзбен қарайды. Жақында театрда жаңалықтар болады. Мәселен, «Базарың тарқамасын» деген жаңа қойылымда Естайдың рөлін сомдаймын. Әнші Естайдың образы менің болмысыма келеді. Одан кейін Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» деген шығармасының желісі бойынша «Сең» деген қойылымдағы кейіпкерім мүлдем бөлек болады.

 

– Өз сөзіңізде «болмысыма келетін образ» деп айтып қалдыңыз… Болмысыңыз қандай?

Қарапайым. Балалық шағымда жегім келгенді жеп, ішкім келгенді ішіп, кигім келгенді киіп өскен жоқпын. Әке-шешемнің мені дискотекаларға жібермей, сабақтан 15 минутқа кешігіп келгеніме ұрысып, тәртіпке баулып өсіргендерінің арқасы, мен қазір әр қадамымды аңдып басамын. Ойланып басамын. Содан кейін, достарымның айтуынша, өмір сүруге аздап икемді сияқтымын (күліп).

– Ең қуанған және ең мұңайған күніңізді есіңізге түсіріңізші…

Менің әр күнім – ЕҢ деген қуанышты күн сияқты. Өйткені қайғыратын нәрсе жоқ, Аллаға шүкір. Мен – реалист адаммын. Бір нәрсе дұрыс болмады ма, демек ол солай болуы керек. Ысыра саламын. Өйткені «әр нәрсенің артында қайыры бар». Оған тұңғиыққа батып, қайғырмаймын. Болмай қалған дүниенің қайта маған пайдасының көп болатындығына талай көзім жетіп жүрді.

– Қолдаушыңыз кім?

Ата-анам. Өте қатты қолдайды. Үлкен ағам өз отбасымен Америкада оқып жатыр. Мен мұнда жүрмін, қарындасым Елриза ҚазҰУ-да оқиды. Үшеуміз де қалаға жетінші сыныпты бітіріп келгенбіз. Қазір ауылда екеуі ғана тұрады. Негізі мен үйленіп сол жақта тұруым керек қой… Бірнәрсе істеу керек болса, әкем хабарласады да мән-жайды айтады. «Әке, мен репетицияда едім» десем, «болды онда жұмыстарыңды бітір, мен басқа адам табамын» дейді. Бұдан асқан қандай қолдау керек? Екінші қолдаушым – менің достарым. Шүкір.

– Өнердің биік шыңына жету үшін қандай қасиет керек деп ойлайсыз?

Шыдамдылық, қайтпайтын мінез.

 

–  Өз принципіңізге қаншалықты беріксіз? Ойыңыздан бас тартқан кезіңіз болды ма?

95 пайыз принципіме берікпін деп айтуға болады. Мен үшін өзімнің принципім маңызды. Көп сөзді  ұнатпаймын. «Көреміз, болса боп қалар» деген сөздерді қолданбаймын. Не бар, не жоқ.

– Көпшілсіз бе?

Өте көпшілмін. Кейде жалғыз өзім Медеуге кетіп қалатын кездерім болады… өмірімді сарапқа салу үшін ғана. Бірақ өз-өзіме демалыс жариялап, үн-түнсіз жоғалып кететін адам емеспін.

– Үлгі тұтатын адамыңыз кім?

Өмірде – әкем, өнерде – Тұңғышбай ағам.

– Өзіңіз жеңе алмай келе жатқан қандай қасиеттеріңіз бар?

Көп негізі… Театрда болсын, басқа жерлерде болсын, мені сыртымнан көрген адамдар ашық-жарқын, сабырлы, мейірімді деп ойлайды. Ондай қасиеттерім де жоқ емес шығар. Бірақ тез ашуланамын және сол ашу кезінде шешім қабылдап қоямын. Артынан соған өкініп отырамын. Жеңе алмай келе жатқан дүниелердің бірі – осы.

– Өз әндеріңізді қаншалықты жиі тыңдайсыз?

Ән шығып, оранжировка дайын болғаннан кейін оның өзіме сіңуі үшін кемінде бір апта тыңдауым керек. Шыға салып ән жаздыруды қаламаймын.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

Айдар Шәрібаев бауырымның жаттығу залында дайнадаламын. Өзіміздің театрдағы футбол және волейбол құрамаларында бармын.

– Танымалсыз ба?

Жоқ. Бірақ танымал болғым келеді – сөзімді өткізу үшін, ұстанымымды көрсету үшін. Ойлаған арман-мақсаттарыма ақырындап келе жатқан сияқтымын. Мен қанағатшыл адаммын, өз тағдырыма ризамын!

– Патриот болу дегеніміз не?

Бұл – өте ауқымды ұғым. Рас, әркім әртүрлі түсінеді. Менің патриоттығым «Дүр қамшының» қайырмасы: «Қазақ боп туғансың, қазақ бол өлерде».

Мұхамеджан ағамыздың жақсы сөзі бар «Бомбының емес, қоңыраудың дауысынан оянуды жазсын». Еліміз аман, жұртымыз тыныш, амандық болсын тек қана!

Сұхбаттасқан Гүлім Рысқұл

1 пікір

Пікір қосу