Актриса әрі продюсер Әсел Сәдуақасова тағы бір жаңа комедиялық фильмнің түсірілімін аяқтады. Комедия «Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» деп аталады. Бұл туралы juldyz.kz порталы хабарлайды.
Картина Әселдің режиссер Асқар Ұзабаевпен бірігіп жасаған үшінші жобасы болып табылады. Бұл жолы екеуі қоғамымыздағы өршіп тұрған мәселелердің бірі – аралас неке туралы фильм түсіруді ұйғарыпты.
«Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» фильмі – бұл Динара есімді бойжеткеннің хикаясы. Ол Франциядағы оқуын бітірген соң екі жылдан кейін үйіне оралады. Бірақ, жалғыз емес, болашақ жарымен келеді. Қыздың әкесі болашақ күйеу баласының шетелдік азамат екендігін білген соң, олардың бас қосуына қарсылық танытады. Бойжеткен әкесінің қарсылығы салдарынан шетелдік азаматын уақытша қазақ жігітіне алмастырады. Бірақ, жалған күйеу жігітті өміріне араластырған Динараның жоспары бақылаудан шығып кетеді.
Картинада жалған жігіттің рөлін Нұржан Садыбеков, ал шетелдік азаматтың рөлін Морган Сеги тсомдады.
«Кейіпкерім барлық қадамдарын алдын-ала ойластырып алатын жігерлі, ақылды қыз. Ол Францияда оқып келіп, Қазақстанға шетелдік жігітпен бірге оралады. Жас жігіт Динараның ата-анасымен танысып жатқан уақытта, бойжеткенге үйлену туралы ұсыныс жасайды. Бірақ, қыздың әкесі екеуінің үйленуіне қарсы болады да, Динараға қазақ жігітін табуды бұйырады. Динара көп ойланбай, бір такси жүргізушісін уақытша жігіті болуға көндіріп, әкесінің сеніміне кірген соң, оның көңілін қалдыруды сұрайды. Осылайша, бойжеткен тәрбиесіз такси жүргізушісі жігітінің қасында шетелдік азаматы жақсы болып көрініп, отбасына ұнайды деп сенеді»,-деді басты рөлді сомдаушы Әсел Сәдуақасова.
Продюсер фильмнің неліктен «Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» деп аталғанын түсіндіре кетті:
«Басты кейіпкер көптеген қазақ жігіттеріне тән жағымсыз мінездерді аса ұната қоймайды. Мысалы, олардың жалқаулығын, жиі кешігетінін, тәкаппарлық танытуын және т.б. қасиеттерді жақтырмайды. Біз Асқар Ұзабаев екеуіміз ақылдасып, қазақ жігіттеріне тән негізгі 5 мінезді көрсетуді жөн санадық. Ол мінездердің қандай екенін көрермендер кинотеатрлардан көре алады».
Айта кетейік, комедиялық таспа түсірілімі 9 маусымда аяқталған. Кинотаспаны Алматы мен Алматы облысында түсірген.