«Қазақ әдебиеті» газетінің мамыр айындағы санында тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлының  сұхбаты жарық көрген. «Біздің отбасындағы ең аяулы дүние – домбыра» аталатын тұщымды сұхбатының аз бөлігін  juldyz.kz назарларыңызға ұсынуды жөн көрді.

– Телевидение саласында еңбек еткеніңізге 40 жылдан аса уақыт өтіпті. Ең алғаш теледидар есігін ашқан уақыттағы кәсібилік, жауапкершілік дағдысы қалай қалыптасты?..

– Ол кездегі ТВ-дағы ойын шарты түсінікті еді. Бүгінгідей дүдәмал шаруалар жоқ болатын. Ол кезде жоғары білім алсаң, өзің бүлдірмесең, адам болатының анық-тын. Бүгін екі-үш дипломы барлар қаңғып қалды. Нағыз демократия апта сайын болатын жалпы лездемеден байқалатын. Ол лездемеде не айтылмады. Тіпті, үлкен дау болатын. Бірақ сыртқа шыққан соң ешкім ешкімге жау болмайтын. Ғажап шақтар еді ғой…

Бізде телевидениенің мектебі бар да, жалғасы жоқ па деп ойлаймын. Алпыс жылға жуық уақыт бойы қазақ телевизиясын ғылыми айналымға түсіре алмай отырғанымыз, қазақ қоғамының осалдығы болар. Алпыс жылдық тарихы бар қазақ телевидениесі туралы ешқандай ғылыми тұжырымдардың жасалмауы ненің белгісі? Иә, энциклопедия жасап жүрген Құдайберген Тұрсын деген азамат бар. Бірақ Құдайберген мені кешірсін, бізге энциклопедиядан бұрын, ғылым керек. Алдағы жылы Ұлтық арнаның алпыс жылдығы келе жатыр. Бұл тек Ұлттық арнаның ғана емес Қазақстан телевизиясының  алпыс жылдығы. Сол мерейтой аясында арнайы арнайы ғылыми орталық ашылып, қазақ телевидениесінің жай-күйі талқыланса, бүгінгідей «әлеулім бітсе де, хәлаулайым әлі бар» деп теледидардан түспей отырып алған талайлардың бары мен жоғын талдамас па едік? Біз бүгін техникасы дамыған, қаруланған, бірақ маманы жоқ телевидениеміз деп ойлаймын.

– Қазақ телевидениесі саласында еңбек еткен танымал тұлғалардың да біртіндеп ұмытыла бастауы, тасада қалып қоюы сияқты жағдайлар «шаң басқан архивтер» ешкімді де қызықтырмайды деген сөз бе? Олай бола қалған жағдайда сол дәуірдің үні мен тынысы қалған түрлі хабарлар, бағдарламалардың уақыт тезіне төтеп бере алмауы болып та қабылданып кетпей ме? Жалпы, өткенге құрметтің бүгінгі үлгісі қалай болуы тиіс еді?

– Өте сауатты сұрақ. Орынды сұрақ. Бұл тез арада, қайта қаралатын, күн тәртібінен түспейтін мәселе болуы керек. Шынтуайтына келгенде, біз заманның өзгеруін қалағанымызбен, дәл осындай аяусыз өзгерістерді тіледік пе? Телевидение менен басталады дейтіндер бірінен кейін бірі бәрін бүлдірді деп ойлаймын. Санасына сайтан ұя салғандар бірі түсінбей, бірі білмей, ал білгендері жеке басқа жағынып, жағымпазданып әрекеттенуінің нәтижесі телевидениенің шатқаяқтап қалуына әкеп соққанын айтқым келіп тұрады. Бәрін көріп, сезіп отырсақ та, тіпті айта алмайтын ахуалды бастан кешкенімізді жасырғым келмейді.

 

Басқасын былай қойғанда Ұлттық арнаның эмблемасының соңғы он бес жылда  себепті, себепсіз үш рет  өзгеруі жанымды өртейді. Қазіргі эмблема не айтып тұрғанын білмеймін.  Менің алдымдағы басшылар жасаған эмблемада ой бар еді, пікір бар еді. Одан кейін мен өзгерттім. Онда да өздерінің айтуымен, өзгерту керек деген соң. Оның ар жақ бер жағында сендер білмейтін мәселелер бар. Алысқа бармай-ақ қоялық, «Хабардың» эмблемасын өзгертіп көрші, не болар екен?

Өмір ақ пен қарадан, күн мен түннен тұратыны сияқты, Ерлан Қариннің басшылыққа келуімен үміт оты тағы тұтанды. Ардагер ретінде оны айтуым керек деп ойлаймын. Келесі жылы Ұлттық арнаның ғана емес, жалпы қазақ телевидениесінің  торқалы тойы. Осы тұста жаңағы олқылықтардыңм орны толғаны жөн шығар…

Телевидениені былай дамытамыз деп диагноз қоя салатын адам жоқ. Бұған міндетті түрде ғылыми көзқарас қалыптастырып, тұжырымдар жасалуы керек қой деп ойлаймын.

 Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ

Пікір қосу