– Карима, сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет! Қазір сізді айтыс сахнасынан көрмей кеттік. Немен айналысып жүрсіз? Көрермендеріңізді сағынасыз ба?

Карима Оралова, айтыскер ақын:  Мен қазір М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де қызметтемін. Шығармашылыққа жақын студенттердің ортасындамын. Сөз ұстауға дәмелі жастарға бағыт-бағдар беріп жүрген жайым бар. Шәкірттерім бар. Айтысқа, жыр мүшайраларына  дайындаймын. Өзімнің қатарым  болмағандықтан айтысқа көп шықпаймын. Алайда,  жанкүйерлеріміз, яғни ретро ақындарды сағынатын қауым әлі де шақырып тұрады. Айтыс сахнасына көптеген жас буын өкілдері келсе де бізді сағынатын, іздейтін көрерменіміз бар. Адамдар қоғамдық орындарда танып, ілтипаттарын білдіріп жатады. «Неге айтысқа шықпай кеттіңіз, қашан шығасыз?» деп сұрақтың астына алады.  Мен де үнемі көрерменімді сағынамын.  Өйткені, айтыстай ақберен өнер арқылы алты алашқа таңылдым. Өнер сүйген жұрт мені төбесіне көтерді. Мен оларды сағынбауға хақым жоқ.

«Барлық ақын — баласы бір ананың»

Қазір айтыста мықтылар бар, мықтысымақтар да көп 

– Бір сұхбатыңызда: «айтыста уәжге тоқтайтын жастар көп емес» депсіз. Қазіргі айтыс өз табиғатынан ажыраған сияқты көрінеді.

Карима Оралова, айтыскер ақын: Иә, бір сұхбатымда солай деп айтқанмын.  Қазір де сол пікірдемін. Қазақта «аталы сөзге арсыз да тоқтайды» деген мақал бар. Жалпы, айтыстың табиғатында сөзге тоқтау, жеңілгенді мойындайтын шарт бар. Сөз қадірін білетін, өз қадірін білетін ақын қашанда жеңілгенін мойындаған. Сөзге тоқтаған. Қазір айтыскерлер келісіп алып айтысады. Бұл көрерменнен бұрын өзіңді- өзің алдау. Ақылдасып сөз барымтасына түскесін кімнің жеңілгісі келеді?! Аяғында екеуі бірін-бірі мақтай жөнеледі. Сөзден сүрінген ақын сахнада жеңілісін мойындамағасын айдалаға лағып кетеді. Жаттағандарын шұбырта айтып, кеудесін кере түседі. Әрине, мен барлық айтыскерлерге топырақ шашудан аулақпын. Қолына үкілі домбыраларын алып сахнаға шыққан қыз-жігіттердің арасында мықтылар бар болғанымен  мықтысымақтар  көп болып тұр.

Карима мен Айнұр

– Қазір айтыскерлер арасында намазға жығылғандар біршама. Олар туралы түрлі әңгімелер де айтылып жатады. Жалпы, дін – өте нәзік әрі терең дүние. Дін – ғылым. Үлкен аудитория алдында (айтыста) дінді жырлауға белгілі деңгейде ішкі дайындық һәм жауапкершілік керек сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

Карима Оралова, айтыскер ақын: Иман адамның жүрегінде болу керек.

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес», – дейді Абай атамыз. Уағызды діни сауаты бар адамдардың айтқаны дұрыс деп ойлаймын. Әркімнің өз ісімен айналысқаны жөн. Біздің міндетіміз – айтыс арқылы салт-дәстүрімізді  дәріптеу, халықтың көкейіндегі дүниені өлеңге айналдырып айту. Қазіргі жастар «данагөй» болып барады. Қай жерде не айту керектігін білмейді. Біз бұрын жасы үлкен ақындардан имене сөйлеуші едік. Үлкенге құрмет сақтап, әдептіліктен аспауға тырысатынбыз. Құдайға құлшылық ету – әркімнің өзінің жеке шаруасы. Намаз оқып, сәждеге бас игендерге ниеттеріңіз қабыл болсын дейміз.

                                    Білімі озық ұлттар алға озады

– Карима, сіз білім саласында еңбек етіп жүрсіз. Соңғы жылдары жасалып жатқан реформаларға қатысты не ойлайсыз?

Карима Оралова, айтыскер ақын:  Білім саласы күн сайын жаңарып келеді. Әрине, жақсы тұстары да жоқ емес. Оқу бағдарламалары  ұстаздар мен  оқушылардың  миын ашытып жібергені бәріне белгілі. Бұл мәселе қоғамда талай мәрте көтерілді. Академик Асқар Жұмаділдаев сынды ағаларымыз да айтты. Бастауышта оқитын балаларымызға тіптен обал. «Білім негізі – бастауышта» деген қанатты сөз бар. Бастауыштың оқулықтағы тапсырмаларын бала түгілі ата-аналар түсіне алмай әуреге түсіп жүргенін естіп, көріп жүрміз. Қазір мұғалімге қойылатын талап көп. Меніңше, ең бірінші – мұғалімдерге  жағдай жасалса. Олардың статусы анықталып, еңбек ақылары көтерілсе. Мемлекеттің негізгі саласы – білім саласы. ХХІ ғасырда ғылым, білімі озық ұлттар алға озады. ХІХ ғасырдың өзінде ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин:

«Өнер – білім бар жұрттар

          Тастан  сарай салғызды;

          Айшылық алыс жерлерден,

          Көзіңді ашып-жұмғанша,

          Жылдам хабар алғызды.

          Аты жоқ құр арбаны

          Мың шақырым жерлерге,

          Күн жарымда барғызды», – деген еді ғой.

– Шығармашылыңыздың 25 жылдығын  қарапайым мектепте өткізгеніңізді БАҚ-тан оқып, білдім. Өмірдің өзі мектеп. Бір сұхбатыңызда: «шәкірт болудан, үйренуден жалығатын емеспін» дегеніңіз бар. Қазір енесіз, әже де болдыңыз. Өмір мектебінен не үйреніп жүрсіз? Не түйдіңіз?

Карима Оралова, айтыскер ақын: Оным рас, күн сайын үйренуден, білуден жалыққан емеспін. Себебі, заман талабы сол. Тіпті өзімнің шәкірттерімнен де аларым, үйренерім бар. Өйткені, олар жас. Қазіргі жастар біздің кезіміздегідей емес. Өз ойларын ашық  айта алады. Үлкенмен де, кішімен де кез келген мәселеде пікір алмасып отырған  жақсы. Иә, Құдайға шүкір, немере сүйдім. Немерелі болудың, құда-құдағи атанудың да өз қызығы бар. Немере сүйю – теңдессіз бақыт. Қазақ отбасында әженің орны қашанда қадірлі. Өмірден азды-көпті сабақ алдым. Қателескен кезім де болды. Қателеспесем шыңдалмас та едім. Мүлт кеткен сайын намысымды қамшылап, жігерлендім. Өмірден түйгенім: бәрі айналып алдыңнан шығады екен. Жақсылығың да, жамандығың да. Барлық адамға оң көзіммен қарауға тырысамын. Қолымнан келген жақсылығымды аямаймын. Енді өзіме қайтымы кеп жатыр. Бұл мақтану емес. Жұрт айтады: «сіз өте қарапайымсыз» деп. Кісілікті кішілікпен көрсеткенді  ұнатамын.  Ал өркөкірек адамдарды ұнатпаймын. Тағдырыма шағынбаймын. Отбасым бақытты ғұмыр кешуде. Осыған шүкіршілік етемін. Айтпақшы, сіз айтып отырған ол мектеп – мен үшін қара шаңырақ. Екі қызым да аталған  мектепте білім алды. Өзім де қосымша сол жерде еңбек етіп келе жатырмын.

– Он алты жасыңыздан бастап айтыс сахнасына шықтыңыз. Елдің ілтипатын көрдіңіз. Жанкүйерлеріңіздің арасында хат жазып, көңіл білдіргендер болды ма?

Карима Оралова, айтыскер ақын: Тәушен апамның ақ батасын алып, он алты жасымда ел алдына  шықтым. Сол он алты жасымда екі елдің президенті Н.Назарбаев пен Ислам Каримовқа арнау айттым.

Екі елдің президентіне арнау айтып жатқан сәт

Он жеті жасымда Финляндияның президентіне де арнау айтқаным бар. Қателеспесем, сол кездегі Финляндия президенті – Ма́уно Хе́нрик Ко́йвисто. Ол да өз алдына бір қызық оқиға. Мен барымды салып арнау айтып жатырмын. Бір жағынан ойлап қоямын: «мына скандинавиялық қонақ қазақша түсінетін болғаны ғой..» деп. Көзімнің қиығымен бір қарағанымда басын шұлғып ілтипатын білдіріп тұрған. Кейін білдім, қасында тілмашы аударып тұрған екен ғой.

Студенттік қызық мол жылдар

Оралмасқа кеткен жазиралы жылдарды, тау тұмасындай мөлдір жастық шақты еске түсіріп жібердіңіз ғой.  Үйде жеке архивімде үш бірдей ел басшысының  алдында өнер көрсеткен ұмытылмас сәттерім таспаланған  видеолар сақтаулы тұр. Осындай дәрежеде өнер көрсеткен жас Каримаға, әрине, көңіл білдіргендер болды.

Карима мен Аманжол. Ақтөбе, 1990 жыл

Жалпы, айтыста қанжығам бос қайтқан кездер болған жоқ. Москва қаласындағы айтыста бас жүлде алдым. Қытайда төл өнерімізді  дәріптеп, Қырғыз, Өзбек елдерінде болған халықаралық айтыстардан жүлделі оралдым. Қазақстандағы жетістігімді ел онсыз да жақсы біледі. Жасыратыны жоқ, казір де сезімдерін білдіретіндер бар.  Бастысы, мен өз жүрегім қалаған адамға тұрмысқа шықтым. Соған тәубе деймін.

Отбасылық сурет. Карима жолдасы Нұрлан және қыздары Аяжанмен

Мұқағали поэзиясында бір құдірет бар

– Қандай ақындарды қайталап оқисыз?

Карима Оралова, айтыскер ақын: Ақындарды  көп оқимын. Қазақ поэзиясында небір ғажап суреткерлер бар ғой. Табиғатынан өлеңге жақын болғасын, қазақ  әдебиетінде жақсы ақындар көп. Мұқағали, Ф. Оңғарсынова, М. Шаханов, Ж. Ерман өлеңдерін  ерекше жақсы көремін. Профессор  Рымғали аға Нұрғали: «Мағжанның өлеңдері Құран сияқты» деген екен. Сол сықылды Мұқағали поэзиясында да бір құдірет бар. Үнемі қайталап оқитын ақыным – Мұқағали.

– Өмірде неден қорқасыз?

Карима Оралова, айтыскер ақын:  Бір Алладан қорқамын. Бұл барлық адамдарға тән қорқыныш болу керек. Ал мына тіршілікте қорқыныштан бұрын сақтықпен  жүремін. Өмірде кез келген қиындықты жеңіп шығуға болады. Бәрі адамның өзіне байланысты. Өнер жолында қанатым ерте қатайғандықтан тайсалмауға бейімделдім. Қорыта айтқанда, қорқыныш атты сезімнен қорқуға болмайды. Қорқыныш  адамды батыр қылады.

 

Сұхбаттасқан Қанат Тілеухан

 

 

 

Пікір қосу