Әр ел жайлы әсер жүздеген, мыңдаған бөлшектерден құралады. Жарайды, табиғаты тамылжып тұрсын, сәулетінен сұлулық сорғалап тұрсын, алайда кездескен адамың алдап кетсе, алдыңғы әсеріңнен ада боласың өзі.
Бірінші оқиға
Мен неге Ауғанстанды жақсы көремін? Адамы үшін. Бұл елде он күндей болған соң, батырлық бойға бітті ме, әйтеуір, ең соңғы жұмада елшілікке ескертпей, мешітке шыққаным бар. Такси тоқтаттым. «Әссәләмуғалейкум! Четурасти? Хубасти? Әә, мәсжид әл-Рахим? Хоу мәни?» деп қоямын дари-ағылшынша араластырып.
Пуштункасын жапырайтып тұрып киіп алған ауғандық түріме қарап-қарап тұрды да, «отыр» деп ымдады. «Қанша?» деп сұрауға дәт жоқ. Айтса да, саудаласатындай тіл жоқ. Содан ол да үндемейді, мен де үндемеймін. Күректей алақанымен бір ұрса жалп ете қалар түрімді де, бұл елде алғаш келгенімді де, бәленің бәрін біліп тұр ғой… «Мешіт емес, қаланың сыртына алып кетіп, шетелдіктерді ұрлайтындардың қолына тапсырса, не болдым?» деген ой келмесі бар ма басыма? Оһһ, суық тер басты маңдайымды.
Ең болмаса, мұсылман екенімді білдірейін деп «Ю а мүслім?» деп қоям. «Әлһамдулиллаһ» деп айтты-ау деймін, есімде жоқ, әлде айтпады. Жалпы, уағалейкумассалам дегенінен-ақ басында мұсылман екені белгілі еді ғой, менікі жай далбасалау ғой. Ақыры мешіттің алдына әкелді. Бас бармақ пен сұқ саусағымды бір-біріне үйкеп, «қанша сұрайсың?» дегенді ымдадым. Тағы да түріме ұзақ қарап тұрды да, «200» дегенді ымдады.
Он бес минуттық жолға 200 доллар сұрап тұр-ау деп ішім өртеніп барады. Батпырақтап дауласатын жағдайда емессің — қазір не берсем де, қолымнан жетектеп, таксистердің ортасына саламын десе де, полицияның қолына тапсырып жіберсе де, өзі біледі. Әбден абдырағанымды сезді-ау, қалтасынан 200 ауғаниді көрсетті де, «осынша бер» дегенді сездірді. Сонда қуанғаным-ай! 200 ауғани дегенің 4 доллардай. Біздің 800-1000 теңге ғой… Бердім, мешітке қарай құстай ұштым.
Екінші оқиға
Мешіттің шықтым. Мейірімді таксистен соң тағы да керек емес жерде батырлығым оянып кетпесі бар ма? Енді қонақүйге дейін жаяу барамын деп шештім. Оффлайн карта қолымда жоқ. Бірақ, көшелерді бағана көзбен жаттап алғанмын. Тартып келемін. Кабулды көрген адам біледі, ол қала емес, бекініс. Әр дүкен, әр банк, әр ресторанның алдында блок-пост, бетон қамал. Калашниковтың шүріппесін басуға дайын тұрған брутальды, кемінде 1-2 адамды мүмкін өлтіріп, мүмкін өлігін көрген мұжықтар тұрады күзетіп. Оларға қарап қойып, зытып келемін. Бір кезде адастым. Өзіме деген сенімділігім алып ұрды. Кәдімгідей енді қайда қадам басарымды білмей, жарты сағат шиырылып қалдым. Не істеу керек? Сұрау керек! Көшеде жай адам көрінбейді, тек әлгі көзімен сені жеп тұрған сұсты күзетшілер ғана.
Содан кроссовкамның бауын өтірік байлағандай болып, көшеде тұрған бес-алты күзетшінің әрқайсысының жүзіне қарап анализ жасап тұрмын. Қайсысы мейірімдірек? Қайсысы иман жүздірек? Жөн сұраудан қателессем, басыма қапшық киігізіп, Уазиристанға аттандырып жіберіп, ата-анамнан кепілге ақша сұрайтындай. Солай деп интернет сендіріп тастаған ғой енді. Біреуін таңдадым да, отельімнің атын айтып, «уеа, уеа» деп екі қолымды ербеңдетіп жөн сұрадым. Әлгі пуштун нұсқап жіберді. Сөйтсем, бәрін дәл тауып келіп, отельдің дәл қасына келгенде адасыппым ғой. «Хода хафез» дедім де, «Ну, погодидегі» қоян секілді жоқ болдым) ☺ Айта берсе, әңгіме көп қой. Делиден Джайпурге пойызға билет таппай тұрғанда жол нұсқаған үндіс, Ширазда мешіттің ішіне кіргізіп, тегін аралатқан гид, Гератта ресепшнге келген бойда көк шайын құйып берген официант — жақсы адамдар ретінде есімде қалды. Содан бәріне «Иран жақсы», «Ауғанстан жақсы» деп айтып жүремін. Сондықтан, 40 000 теңге алған таксист – біздің ішкі мәдениетіміздің көрсеткіші. Бір құмалақ ол… басқа ештеңе емес.