– Айдай, бір қарағанда Сізді түр мен сымбаты келіскен, сыпайы, қазақшасы судай қыз баласы ретінде көруге болады. Ал жалпы сіз қандай адамсыз? Ішкі болмысыңыз бен сыртқы келбетіңіз сәйкес келе ме?
– (Күлді) Меніңше оның барлығы тәрбиеге байланысты. Адамның өнерінен, байсалдылығынан бөлек бір қарапайымдылық болуы керек сияқты. Жаным сұлу деп айта алмаймын, бірақ жақсы болуға тырысамын.
– Ал қай кезде сіздің шынайы келбетіңіз көрінеді?
– Әрқашан осындай қалпымда сияқтымын. Тез ашуланамын, тез қайтамын. Ешкімге реніш айтпаймын. Дегенмен қазіргі кезде үйретерімнен, үйренерім көп.
– Кімге қарап бой түзейсіз?
– Ата-анама. Олардың тәрбиесіне әлі күнге дейін мың алғысымды айтамын. Сол кісілер сияқты болып алсақ, жаман болмаған болар едік. Әкем – сәулет-құрылысшы, өз ортасында өте сыйлы адам. Анам – бастауыш мектеп мұғалімі. Үйдің тұңғышымын, менен кейін екі інім бар. Бірі 26-ға толса, екіншісі 7-сыныпты енді бітірді.
– Әдемі, сымбатты қыздар ақымақ келеді деп айтып жатады…
– Тағы айтамын, бірінші мәселе – тәрбие. Дайын нәрсеге тап болсаң, ертең ол міндетсінеді деп ойлаймын. Жар таңдаған кезде бірінші сезім болуы керек. Анам да үнемі «Отбасыны тек қана сезім сақтап қалады» деп санама құйып отыратын.
– Жақсы жігітке тұрмысқа шықты, сіздің жолыңыз болды деп жатады.
– Аллаға шүкір. Қазір жолдасымыз екеуміз қазір бақыттымыз. Жолдасым екеуміз танысқанымызда маған оның қайда жұмыс істейтіні қызық болмады. Себебі, сол адамның өзі қызықтырды мені. Бастысы сезім болды. Одан кейін, әрине, кімсің, қайдансың деген сұрастырулар болады.
– Сіздің көңіліңізді жаулағаны, оның бір букет гүл алып келгені. Егер бір шоқ гүл (бір тал роза) әкелсе қайтер едіңіз?
– Ештеңе әкелмесе де маған бәрібір. Оның сыйлығы емес, мен үшін көңілі маңызды.
– Егер Мақсат (жолдасы) болмағанда, бүгінде осылай жарқырап жүрер ме едіңіз?!
– Жолдасым Мақсат менің әкемнің де, анамның да, ағамның да орнын басады. онсыз шешім қабылдап қалсам, неге айтпадым деп ойланып жүремін. Сондықтан әлі күнге дейін мен не кисем де сол кісімен ақылдасамын.
– Сұхбат берердің алдында дайындаласыз ба? Көбінде біздің арулар ойын дұрыс жеткізе алмай қаламын деген күдікпен арнайы дайындалып жатады…
– 11 жылдық мектепте оқығаным, 7 жылдық МедАкадемияда алған білімім бар, менің қазақша дұрыс сөйлемеуім мүмкін емес қой. Аллаға шүкір, жеткілікті деңгейде білімім бар деп ойлаймын.
– «Қазақстан аруы» жобасы сатылады деп жатады. Сіз жеңген жылы да түрлі қауесеттер таралды. «Жеңімпаз атанғанда эмоция жоқ болды, бейне бір біліп тұрғандай» деген сыңайлы сөздер айтылды.
– Мен негізі эмоциямды жасыра алатын адаммын. Оның үстіне мен «2-ші Вице-Мисс Алматы» болдым. Бір айдың ішінде бізде дайындық болды. Астанадан келген, басқа да қалалардан келген неше түрлі әдемі қыздар жүрді. Оларды емес, қазылар алқасы мені таңдады. Әділ өтті деп ойлаймын. Ал мен қатысқан жылы ешқандай бұрыс әрекет байқамадым. Алдын ала Мақсатқа да айтып-ескертіп қойғанмын: «Мен өзімді көрсетемін, ұтпаған жағдайда, бұл маған сынақ болып қалар» дедім. Кем дегенде жетілікке кіремін деген ойда жүрдім. Жалпы өзіме сенімді болдым.
– Ал «Әлем аруында» ол сенімділік қайда кетті?
– Негізінде ол кезде де өзіме қатты сендім. Кем дегенде ондыққа кіремін деген ойда болдым. Қазіргі АҚШ президенті Доналд Трамп «Әлем аруы» жобасының директоры. Сол кезде ол «Сен өте көріктісің. Кел суретке түсейік» деп айтатын. Бірақ өкінішке орай сол кезде үздік ондыққа кіргендер бөлек жүрді бізден.
Жалпы өзім ашықтаумын. Жылы шырай танытқанға жүрегімді жайып саламын да, артынан «неге айтып қойдым» деп өкініп отырамын. Сол үшін де кейде ұрыс естимін. Мені бірінші мәрте сын айтып, түзейтін жолдасым. Оған көп рахмет айтамын. ештеңе жасыра алмаймын. Анам да барлық сұхбатымда жасырмай барлығын айтып қоятынымды айтқан. Жалпы жасыратыным жоқ ТА. Барлығын айтып қоятыным рас. Ақкөңілдігім тағы бар. Үйіме келіп тұрып, киімдерімді ұрлап кеткен құрбылары да болған. Артынан кешірім сұрап келгенде, барлығын ұмытамын.
– Жұмысқа қайта ораласыз ба?
– Негізінде, «Мисс» деген жылына бір-ақ рет болатын нәрсе. Оның ешқандай болашағы жоқ. Дәрігерлік жұмыс маған қатты ұнайды. Ал қазіргі таңда фотосессияларға қатысып жатырмын. Жарты сағатына 500, бір сағатына 1000 доллар. Себебі, бір сағаттың ішінде 15 образды алып шыға аламын, тәжірибем бар.
Сұхбаттың видео нұсқасы:
Сұхбаттасқан Әйгерім Сейфолла
«Астана» арнасы
«Сырласу» бағдарламасы