Әйеліме екі талап қойдым

– Бақыт, қолыңызға қондырған құсыңыз құтты болсын!

Рақмет. Ата-анамның көптен күткен келіндерін түсірдім. Өнер адамы болғаннан кейін біраз серілік қылып, соңымнан ерген іні-қарындастарыма қарайлап сүрбойдақ болып жүріп қалғаным рас. Махаббаттың бас-аяғы осы екен деп алып-ұшқан албырт шақта емес, ақыл тоқтатқан жаста үйлендім. «Игіліктің ерте-кеші жоқ». «Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды, кеш үйленген жігіттің бойдақ аты қалмайды» дегендей, бойдақтықтан құтылдым. Достарымның, аға-жеңгелерімнің, ағайын-туыстың «қашан үйленесің?» деген сөздерінен құлағым тыныш тапты (күлді). Жеңгелерім кейде «Үйленген қалай екен?» деп қалжыңдайды. Оларға «Үйленген жақсы» деп бұрын неге айтпағансыңдар? Адам емес екенсіңдер» деп жата кеп ренжимін. Әзіл ғой, әрине.

– Жеңгеміздің есімі кім?

Есімі – Айжан, 1989 жылғы. Бұл қызбен бұрыннан таныспын. Ағасы Ерлан – бала кезден бірге оқыған досым. Студент кезімде Айжан әлі мектепте оқитын еді. Үйіне ағасымен бірге барып тұратынмын. Әке-шешесі – менің ата-анаммен аралас-құралас, дәмдес-тұздас жолдастар. Яғни білетін жердің қызы, ер-азаматты сыйлайтын, тәрбиелі отбасынан шыққан, айтқанымды істейді. О бастан «Артымыздан сөз еруі мүмкін. Ондайға сенбейсің. Екі нәрсені: қалтаны, ұялы телефонымды шұқыламайсың. Қайда барасың және қашан келесің деген екі сұрақты қоймайсың» деп талап қойдым. Талабыма, шартыма көнген қыз ғой. Болашақта да көнеді деп ойлаймын.

– Ол сізге ешқандай шарт қоймады ма?

Талап қояйын десе, мен оның қоятын талабын алдын ала сезіп қоямын. Тіпті бір нәрсені айта бастағанда, «сен мынаны сұрағың келіп тұр ғой» деп ойын оқып қоямын (күлді). «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» деп бекер айтылмаған, әйел ақылды болуы керек. «Қайыншыл жігіт әйелін мақтайды» демеңіздер, Аллаға шүкір, әйелім жақсы, ақылды. Бұрынғы жүрген қыздарымның суреттерін жинап: «Өртейсің бе, жыртасың ба, өзің біл», – деп әкеліп беріп едім, «Өзіңе естелік қой», – деп әдемі етіп альбом жасап қойыпты.

«Бұйырған кетпейді» деген рас екен. Талай қыздарға іліндірмей-ақ келе жатыр едім. Айжанды қармаққа түсіремін деп, өзім құрыққа ілініп қалдым (жымиды). Айжан Алматы қаласындағы «Мега» сауда орталығында «ZARA» компаниясының сату істері жөніндегі менеджері болып жұмыс істейді.

– Енді «ZARA-дан» киінетін болыпсыз ғой?

Айтпаңыз. Үйдегі гардеробтың бәрі «ZARA-ның», техниканың бәрі «Технодомдікі» болды ғой.

– Тойды ауылда өткіздіңіздер ме?

Үлкен тойды дүрілдетіп, бес жүздей адамның қатысуымен ауылда өткіздік. Өнердегі достарым тойда үлкен концерт қойды. Бір сөзбен айтқанда, тойымыз ерекше өтті. Сосын Алматыдағы жора-жолдастарыма, ағайын-жекжатқа арнап 30 маусым күні осы қаладағы «Кардинал» мейрамханасында екінші той өткіздік. Өнердегі барша әнші аға-әпкелерім, бауырларым әннен шашу шашып, өте жоғары деңгейде өтті.

– Шақыру қағазыңызды қарап отырсам, уақытын елден ерекше 16:59 деп жазыпсыз. Қызық екен…

(Күліп). Актер болғандықтан бір өзгешелік болу керек қой. Тойға кешікпей, уақытында келсін деген ниетпен жаздырғанмын.

Алғашқы көрермендерім – жайлаудағы қойларым

– Үйдің үлкенісіз бе?

Жоқ. Өзімнен үлкен Ләззат есімді әпкем бар. Мектепті бітіре салып тұрмысқа шыққан. Қазір оның қызы тұрмысқа шыққалы жатыр. Мен екіншісімін. Менен кейін Назым, Мөлдір атты екі қарындасым бар. Назым дәрігер болса, Мөлдір – қаржыгер.

Менің туып-өскен ауылым – Алматы облысының бұрынғы Шелек, қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы, табиғаты керемет, ынтымағы жарасқан Жаңашаруа ауылы. Осы ауылда есекке мініп, жауынға да, дауылға да қарамай, жалаңаяқ доп қуалап өскен баламын. Әкем Әуелхан – мектептің шаруашылық бөлімінде жұмыс істейтін қарапайым кісі. Ел-жұрт «Әукен» деп атап кеткен. Анам Нұргүл балабақшада жұмыс істейді.

– Сіз кімге көбірек ұқсағансыз?

Достарымда да, туыстарымда да екіұдай пікір. Біреулері «әкеңе ұқсайсың» десе, кейбіреуі «анаңа тартқансың» дейді. Соған қарағанда екі жақты да ренжітпегенмін-ау. Бірақ кішкене күйгелектік, пысықтық жағым шешеме тартқан деп ойлаймын. Ал ойланып, асықпай шешім қабылдап, ақылмен жұмыс істейтін қасиетім әкеме ұқсаған.

– Кішкентай кезіңізде бұзық балалардың қатарынан болдыңыз ба?

Сұмдық бұзық болдым деп айта алмаймын. Әрине, бала болғаннан кейін арасында тентектіктерім болды. Бірақ көбінесе қиялшыл бала едім. Аздап қырсықтығым бар еді, айтқанға оңайлықпен көне бермейтінмін. Кішкентайымнан тауықты қоразға, қоразды пәленбай жұмыртқаға, оны тағы бір нәрсеге айырбастап, өзімше бір «бизнеспен» айналысып жүретінмін (күлді). Сабаққа келгенде сәл жалқаулау болдым. Тек қазақ әдебиеті мен тарихты сүйіп оқыдым. Ал қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Мектептің атынан талай-талай жарыстарға қатыстық.

Бала күнімнен камераны жақсы көрдім. Ауылда тойды түсіріп жүрген камераның алдынан жылтың-жылтың етіп шықпайтынмын. Сол уақыттардан алты-жеті видеом бар. Анда-санда шаршап келгенде соларды көріп, «Кет былай. Бақыт, былай тұр. Жылтыңдамай камераның алдынан қаш» деген оператордың даусын естіп рахаттанып күліп аламын. Жақында 1993 жылы өткен ағамның тойын көрдім. Сонда өзімді көріп, көзімнен жас аққанша күлдім-ау. Ол кезде үлкендер бізді дастарқанға жолатқызбайтын. Той палаткада. Өзім қап-қарамын. Билеп жүрген адамдардың ығырын шығарып жүрмін. Камераны көрген осы екен деп, зу-зу етіп, операторға мені түсір дей беріппін. Не деген мазасыз болғанмын десеңізші?!

Бір жолы ауылға Жанар Айжанова келді. Жанар Айжанова деген әнші осы екен ғой деп, бетіне үңілі-і-іп қарап, ақыры тамақ ішкізбей қойғанмын. Соны қазір еске алып күлеміз.

Біздің жақта Асы деген жайлау бар. Бүкіл жазғы демалысымды сол жайлауда өткізетінмін. Мамырдың 15-інде кетіп, қыркүйектің 15-20-ларына келетінмін. «Соңғы қоңырау», «Алғашқы қоңырау» дегендерге көп қатыса бермейтінмін. Оқу басталарда әкем жайлауға көлік жіберетін. Көліктің келе жатқанын көре сала бір тайға мініп, қарағайдың ішіне қашып кететінмін. Көлік кеткенше қарағайдың ішінде тығылып отырамын.

– Сонда мектепке барғыңыз келмейтін бе еді?

Барғым келмейтін. Одан да малдың арасында жүргенім жақсы. Өріске шығып, қойлардың арасында айқайлап ән айтып, концерт қоятынмын. Менің алғашқы –көрермендерім жайлаудағы қойларым еді.

– Әртіс боламын деп қай кезде шештіңіз?

Бала күнімнен «Тамашадан» Құдайберген Сұлтанбаев ағаларды көріп, сол кісілер сияқты әртіс болсам деп армандадым. Ол кезде театрдың иісі мұрнымызға да бармайтын. Актер дегеннің бәрі «Тамаша», кино деп ойлайтын едім. Мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына, тура Құдайберген Сұлтанбаевтың курсына келіп түстім. Әсет Иманғалиев, Есжан, Хамидуллин, Жұлдызбек Жұманбай – бәріміз осы Құдайберген аға мен Лидия апайдың курсын бітіріп шықтық.

«Серпер» жастар сыйлығының марапаттау рәсімінен кейін

Асау қызды құшақтаудың бірден-бір жолы – «ужас» киноға шақыру

– Студенттік шағыңыз қызықты өткен болар?

Иә, студент кезімізде небір қызықтар бастан өтті ғой. Қыздарға бару үшін кәдімгідей дайындық жасаушы едік.

Қызға барсаң кигенің – өзгенікі,

Өзіңдікі – жалғыз-ақ жүрек қана! – деген Қадыр ақынның өлеңіндегі сияқты жатақханада бірге тұратын жігіттердің біреуінің курткасын, біреуінің шалбарын дегендей, ең жақсы киімдерін киіп кететінбіз. Аннан-мұннан тиын-тебенді тірнектеп жинап, құдды бір құдалыққа барардай аттанатынбыз. Әншейінде шешен сөйлейтін пысықтығымызды әлгі ұнататын қызымыздың мысы басып, аузын буған өгіздей болып, ол не айтса да «мақұл, мақұл» деуден аспайтынбыз. Сондағы қызды құшақтаудан мемлекеттік емтихан тапсыру әлдеқайда жеңіл еді. Тарпаң асау қызды құшақтаудың бірден-бір жолы – «ужас» киноға шақыру. Қолынан ұстатпай жүрген әлгі аруымыз кино барысында қорқынышты сәттерде бетін басып, құшағыңа тығыла түсетін. Қыз қорыққан сайын құшақтағанымызға мәз болып, киноның тез бітпеуін тілеп отырушы едiк (күлді).

Жалпы, өзімді қыздарға келгенде жолым болған жігітпін деп есептеймін. Бір жерге барып қыздармен танысқанда «Театральныйдың студенті» деген статустың өзі жеткілікті болатын. «Өнер академиясында оқимыз» десек, қыздардың бәрі мойын бұрып қарайтын. Отырыстарда төр сенікі. Домбыра, гитара қолда. Әдемі қыздардың бәрі айналаңда. Соған масаттанып, өзімізбен-өзіміз «жұлдыз» ауруымен ауыратынбыз (күлді).

Бақыт Тушаев – «Серпер» жастар сыйлығының иегері

Бірде мынадай қызық оқиға болды. Әсет, Есжан – бәріміз жатахқанада бірге тұрдық. Сонда Әсет екеуміз тойға шығатынбыз. «Ставкамыз» – 3000-5000 тенге. Оның 2000 теңгесін музыкантқа береміз. Жатақханадағы аш бөрілер бізден сарқыт күтіп, түнімен ұйықтамайды. Содан той бітерде Әсет маған: «Дастарқандағы қалған тамақтарды пакетке сала бер», – деді. Ұятты бір жағына жиып қойып, пакетті аузы-мұрнынан шығарып тамаққа толтырдым. Ол аздай домбыраның футлярына да салаттардың, конфет-печеньелердің түр-түрін салдым. Қайтарда бір қолда пакет, екінші қолда домбыраның футляры, мәз боп келеміз. Жатақханаға келіп пакетті аштық. Бірі шай қойды, бірі ыдыс-аяқ жуып, енді бірі дастарқан жасады. Содан футлярды ашып қалсам, салаттар тәрелкесімен, бір-екі чашка, стақандар, шанышқы-қасықтарға дейін жүр. Әсеттің есі шығып кеткен. Мен өзім де аң-таңмын. «Қой көрмеген қуалап өлтіреді» дегендей, сарқыттың көкесі осы екен деп қасық-тәрелкесіне қарамай сала беріппін ғой. «Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» демекші, сол күні біздің бөлме ғана емес, бүкіл жатақхананы түгел тойдырғанбыз. Қызық кездер ғой.

 

– Екінің бірі қол жеткізе бермейтін Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрына қалай қабылдандыңыз?

Театрға 4-курс оқып жүргенімде келдім. Бақ сынауға өнерде де, өмірде де достарым Әсет, Жұлдызбек, Есжан – төртеуміз бірге бардық. Бірден қабылдандық. Міне, биыл жетінші жыл болады еңбек етіп келе жатқанымызға. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», «Сүйе білсең», «Бөлтірік бөрік астында», «Фатима», «Жақсы кісі» т.б. көптеген спектакльдерде басты рөлдерді ойнаймын. Шүкір, театрда азды-көпті, жаманды-жақсылы еңбегіміз бар.

–  Кер құлам да қаңтарулы кермеде,

Шабыт iздеп шаршадым-ау сенделе.

Жұрт жазбаған жыр жазар ем, әттең-ай,

Ақын болып жаралмадым мен неге? – деп жазасыз ғаламтордағы парақшаңызда. Яғни поэзияға біртабан жақын екеніңізді байқаймыз. Өлеңді қай кезден жаза бастадыңыз?

–  Мектеп қабырғасында «Жігіт сұлтаны», «Күзгі бал» секілді мерекелік шараларда таныстыру шығаратынмын. Театрға келген соң ақырындап өлең жаза бастадым. Әріптестік әзілдер де жаздым. Кейде отырыстарда суырып салып айтысатынымыз да бар. Бірақ өзімді ақынмын деп есептемеймін. Мен актермін.

– Әріптестік әзілдеріңіздің бір-екеуін айтып беріңізші…

Бейбіт Қамаранов деген актер досым бар, өзі найманның жігіті. Айдос Бектеміров ағамыздың шәкірті. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Айдос Бектеміров «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» деген спектакль қойды. Басты рөлдерде мен, Әсет, Бейбіт – үшеуміз ойнаймыз. Сонда мен Қасымды, Бейбіт Есетті ойнайтын болды. Бейбіттің әйелі Сәния да – біздің театрымыздың актрисасы. Ол Қасымның әйелі Зәурешті ойнайды. Содан Бейбіт Қасымды ойнағысы келді. Бірақ Айдос аға: «Бақыт Қасымды ойнайды, сен Есетті ойнайсың», – деді. Сонда Бейбіт ренжіп еді. Сәния екеуі тойларда «қаражорғаны» керемет билейді. Соларға арнап:

Айналайын найманым,

Бетіңе бүгін шықты ма,

Ашудан болған қаймағың?

Айдос аға кенеттен,

Айтып қалып байлауын.

Есетті саған тықпалап,

«Ойнайсың» деп қоймады.

Сен қипақтап көріп ең,

Жалтақтауға болмады.

Сәнияға бір қарап,

Орындалмай арманы.

«Билей алмай қалдық» деп,

«Екеуміз «қаражорғаны»,

Найман байғұс сорлады.

Қиын болды-ау ұстазы,

Өз шәкіртін қорлауы.

Өз шәкіртін қорлауы,

Бейбіт байғұс сорлады, – деп жазғанмын. Негізі ұзақ өлең.

Әсет Иманғалиев досыма шығарған «Әсет туралы әпсана» деген де әзіл өлеңім бар. «Әсеттің жасы беске жетті» деп өмірбаянын айтып келіп:

Екі білекті сыбанып,

Молда қатты түшкірді.

Қуып жетіп Әсетті,

Шырылдатып піштірді, – деп жалғаса келе:

Әй, Әсет досым-ай,

Өнердің мынау көгінде.

Қалықтайық, ұшайық,

Әзіл жазған өзіңе –

Бақыт досың Тушаев! – деп аяқталады.

– Бұл әзілдеріңізді әріптестеріңіз қалай қабылдайды?

Ой, мәз болады ғой. «Маған жазшы, маған жазшы» деп деп жарыса айтып жатады. Бірақ тапсырыс берген адам туралы мүлде жаза алмай қаламын.

– Театрдағы ең сүйікті рөліңіз?

– «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» Жантық рөлі.

«Фобияда» Жігер, Дәстен сияқты қорықпаймын деуге болар еді…

– Театр арқылы театрсүйер қауымға танымал болсаңыз, республика жұртшылығына «Ел арна» телеарнасындағы «Фобия» бағдарламасы арқылы танылдыңыз. Осы бағдарламада сөзге шешен, білімді екеніңізді де көрсете білдіңіз…

«Фобия» менің Бақыт Тушаев деген атымды қалыптастыруда көп еңбегін сіңірді. Аяғына дейін жеттім. Өздеріңіз де көрген шығарсыздар, финалда екі-ақ секунд шешіп кетті. Көпшілікке бұған дейін де 2007 жылдары «Қымызхана» бағдарламасы арқылы танылдым деп айта аламын. Гастрольдік сапармен облыстарды аралағанда «Қымызхананың» жігіттері келіпті» деп жұрт театрға ағылатын. Мен өзім болсын-болмасын анаған-мынаған түсе бергенді ұнатпаймын. Кастингтерге де бара бермеймін. Қайта мені өздері іздеп тауып алады. Сондай жағдайда бағаң артады. Жақында «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілген «Алаш алыптары» деген деректі сериалда Әміре Қашаубаевтың рөлін сомдадым. Осы рөлім өзіме қатты ұнады.

– Өзіңіздің фобияңыз не? Не нәрседен қорқасыз?

– Ең бірінші Алладан, сосын қабаған иттен, бұқадан, арадан қорқамын. Өйткені кішкентай кезімде бұқа сүзіп жіберген. Басқа нәрседен қорықпаймын.

– Дегенмен бағдарлама бойы сіздің қорыққаныңыз байқалды…

– Оның бәрі шоу ғой. Жігер, Дәстен сияқты қорықпаймын деуге болар еді. Бірақ біз жанрды түсіне бермейміз. Көрерменге шоу жасау керек. Актер болғандықтан ойнауға тура келеді.

– Көп актерлер танымал болу үшін киноға түсуге ұмтылады. Бірақ сізді көп кинодан көре бермейміз. Неге?

«Хабар» арнасы түсірген «Агент-Z» телесериалында эпизодтық рөлге түстім. Басқа киноларға да қосымша рөлге шақырды. Бірақ кішкентай рөл үшін түсірілім алаңында уақыт жоғалтқым келмейді. Басқа да жұмыстарым толып жатыр. Театрдан бөлек, ауылда кішігірім мал шаруашылығым бар.

Бір жолы сыраның жарнамасына шақырды. «Мені «алқаш» деп пе едіңдер?» деп ит терісін басына қаптатып жібердім. «Сіз актер емессіз бе? Жай ғана рөлде ойнайсыз» дейді. Актер болсам бәріне түсе беруім керек пе?! Дінім – ислам, ұлтым – қазақ. Ал мұндай шайтанның суы – бізге түбегейлі жат нәрсе.

– Дегенмен актерлердің көбісі «мен актермін, қандай рөл болса да алып шығуым керек» деп ойлайтыны анық…

– Мен осы пікірге мүлде келіспейтін актермін. Не болса соған, қазақтың менталитетіне келмейтін рөлдерге түспеймін. Одан да тойымды жүргізіп, тиын-тебенімді тауып жүргенім артық. «Технодомның» жарнамаларының өзі маған көп нәрсе берді. Тағы екі жылға келісім-шартқа отырдым. Бір жақсысы, сериал сияқты әр маусымда жарнамалары жаңарып отырады. Екі жылда 24 ролик әрі жарнамалары шетелдерде түсіріледі. Қаражатты да жақсы төлейді.

– «Фобия» бағдарламасынан кейін тележүргізушілікке де шақырылдыңыз. Солай емес пе?

– Иә. «Ел арнада» «Жаңа күн» таңғы бағдарламасын жүргіздім. Алайда ұйқыны жақсы көретін адам болғандығымнан таңертең ерте тұру қиынға соқты. Қазір жүргізбеймін. Бірақ алда жақсы-жақсы дүниелермен көрермендерімді қуантып қаламын.

Сұхбаттасқан Фариза ДӘУЛЕТ, fariza_paris@mail.ru

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының 

 №2 (164) қаңтар 2014 жылғы
 санында)

Пікір қосу