Алматыда «Аға ма әлде неке ме?» («Брат или брак?») отандық комедиясының түсірілімі басталды, — деп хабарлайды juldyz.kz порталы.

Картинаны «Corich production» продюсерлік орталығы түсіруде, оның бас продюсері – актриса Құралай Анарбекова. Ал қосалқы продюсері — Әлішер Утев.

«Аға ма әлде неке ме?» фильмінің сюжеті бойынша Гаухар есімді бойжеткен ағаларының шектен тыс қамқорлығынан арылуды қалайды. Қыздың туыстары өмірлік жарын таңдау құқығына кедергі келтіреді, үнемі оның таңдауын жақтыра бермейді. Дегенмен, ондаған жігіттердің арасынан Гаухардың ғана емес, ағаларының да көңілін таба білетін нағыз ер азамат табылады.

Басты кейіпкерлерді Құралай Анарбекова және Дәурен Серғазин сомдайды. Сондай-ақ, көрермендер фильмнен Әбунасыр Серіков, Нұрлан Сабуров, Қажымұқан Қалымбетов, Тәуекел Мүсілім, Мұрат Бисенбин сынды актерларды көре алады.

Айта кетейік, комедиялық таспаның түсірілімі шамамен, ағымдағы жылы маусым айының соңына таман аяқталмақ.

Пікір қосу