Раушан Ермағамбетова – жас актриса. «Қазақ аруы – 2012» байқауының финалисті, «Мисс Алматы – 2013» байқауының 3-орын иегері, «Miss University 2014». Бүгінде көрерменге «Аяулы арман», «Қыз жолы», «Қазақ аруы» телехикаяларынан танылған жас актрисаның juldyz.kz порталына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
– Раушан, бүгінге дейін біршама байқауларда жүлдегер атанып, біраз сериалдарда бой көрсетіп жүрсіз. Өзіңіз туралы айтып беріңізші.
– Әкем Ақтаудан, нағашыларым Шымкенттен. Өзім де сол Шымкентте дүниеге келдім, отбасымызбен Алматыға 1996 жылы көшіп келдік. Содан бері осы оңтүстік астананың тұрғынымыз. Туған әпкем мен екі інім бар. Бай да емеспіз, кедей де емеспіз, тып-тыныш тіршілік етіп келе жатқан отбасымыз. Бұрындары базарда сатушы да, дүкенде кеңесші де, бір компанияда хатшы болып та жұмыс істегенмін. Негізгі мамандығым – мұғалім-аудармашы. Өздеріңіз білесіздер қазір бейнебаяндар мен кино-сериалдарға түсіп жүрмін.
– Осы кино саласына қалай келдіңіз?
– Әр адамның бала арманы болады ғой, біреу әнші, біреу биші болғысы келеді. Менің ойымда өнер жолы деген түсінік мүлдем болмаған. Бала кезімнен дәрігер, ұстаздарымызға қарап мұғалім боламын деп армандадым. Сөйтіп әр нәрсені қиялдап жүрген өтпелі кезеңде әкем «тіл білгенің дұрыс» деген соң, тоғызды бітіріп аудармашы мамандығы бойынша оқуға түстім. Төртінші курс оқып жүрген кезімде, 2012 жылы «Қазақ аруы» байқауына кастингке барып, мүмкіндіктерімді сынап көргім келді. Үйдегілерімнен рұқсат алып, қатыстым. Айналамдағылар одан өтуің мүмкін емес деген сыңайлы түрлі сөздер айтып та жатты. Бірақ бағыма орай финалға өттім. Дәл осы байқаудан кейін ендігі нені армандайтыныма көзім жеткендей болды. Өнер жолын таңдаймын, Өнер академиясына түсемін деп бел буғанмын. Әкем қарсы болған соң, қайта өз мамандығымды жалғастыруға тура келді. Бірақ, балалықпен болар, ашу үстінде «Көресіздер, мен актриса боламын. Мені теледидардан көресіздер» деп айтқаным бар еді.
– Алғашқы кастингке барған кезіңіз есіңізде ме?
– Иә, алғашқының аты алғашқы емес пе?! «Күл», «жыла», т.б. тапсырмалары бар. Алдымда қабылдап отырған мамандарға «Шығып кетесіздер ме?» деп айтқанмын (күліп). Қабылдап отырған адамдар «біз шығып кетсек, кім түсіреді» дейтін. Қазір ғой, кастингке кіре сала, «Күлейін бе, жылайын ба?» деп өзім-ақ кірісіп кетемін.
– «Қазақ аруынан» кейін, 2013 жылы «Мисс Алматы» байқауына қатыстыңыз…
– Иә. Конкурстың аз да болса дәмін сезініп қалдым емес пе?! Содан кейін 2013 жылы Мисс Алматы байқауына қатысып көргім келді. Дәл осы байқауға мен өте белсенді араластым. Барлық қойылған талап-шарттарды екі етпей, бұлжытпай орындап жүрдім. Ол кезде мынандай қызық болған. «Мисс Алматымен» қатар бір уақытта Ернар Айдардың «Ақтамақ» деген әнінің бейнебаянына кастинг болып жатты. Аяқ астынан сол іріктеуге қояр да қоймай құрбым алып барғандықтан, қатысатын болдым. Барсам қыздар көп. «Бір клипке сонша кастинг жасай ма?!» деп таң қалғаным есімде. Сонымен не керек, «Мисс Алматы» байқауына да, клипке де өттіңіз деп бір күнде хабар естідім. Сенер, сенбесімді білмей, біртүрлі керемет сезімде болдым. Менің алғашқы сьемкам сол болды. «Мисс Алматы» байқауынан 3-ші орын және «Халық таңдауы»(«Miss People choice») деген номинация алдым. Екінші орын алған қызбен арамызда 2000 дауыс бар. Ешбір «накруткасыз» осыншама қолдауға ие болғаныма өзім де таң қалдым.
Мен түскен алғашқы бейнебаян «Ақтамақ» аса қиынға соққан жоқ. Ал алғашқы сериалым – «Пәленшеевтерді», қазір қарап отырсам, өтірік ойнаппын ғой. Күлкім келеді. Себебі, осы уақытқа дейін мен дипломы бар актрисалардан да жақсы ойнап шығу үшін көп ізденіп келемін. Әр рөліме үлкен жауапкершілікпен қараймын.
– Демек сізге дауыс бергендер көп болғаны ғой?
– Дәл солай. Байқау кезінде маған «Вконтакте» желісінде көптеген хабарламалар келді. Бір мезетте таныла бастағанымды сездім де, қатты ұялып жүрдім. Келген хаттардың барлығына таңға дейін ұйықтамай, ерінбей жауап жазып, рахметімді айттып жататынмын. Жауап қайтармасам, мені жаман деп қабылдап қалады деп ойлайтынмын.
– «Қазақ аруындағы» рөліңізден кейін көрермендер сізді өте жылы қабылдады. Шымкенттің пысық қызын сомдау қаншалықты қиын болды?
– Ол рөлді өзім фантазиямды қосып, ойластырдым. Шын өмірде мүлдем ондай емеспін. Бұл сериалдағы Ләззаттың рөлін сұрадым. Бермеді. Содан өзіме берілген «шымкентский» қызды қызықты етіп жеткізуім керек болды. Себебі, жанымда құрбым Әселдің рөлін сомдайтын Гүлзаданың рөлі сабырлылықты көрсетіп тұрды. Барлығымызға біркелкі образда көрінуге болмайды ғой. Осы сериалға түсу барысында, одан кейін де, әріптестерім мен достарымның барлығы тек қана жылы лебіздерін білдіріп жатты. Ол менің кішкене болса да, өскенімнің белгісі шығар деп ойлаймын.
– Жаңа бір сөзіңізде «Ләззаттың рөлін сұрадым» дедіңіз. Неге?
– Білесіздер ме, мен «өзінше» (Антигероиня) қыздың рөлін сомдап көргім келеді. Кей жерлерде өзім сұраймын да. «Түрің келмейді» деп бермей қояды. Әр режиссердің мақсаты – әрбір кейіпкерді көрерменге жеткізу ғой. «Ал сен ойнасаң, «өзінше» қыз екеніңе ешкім сенбейді. Сені бәрібір көрермен жақсы көріп тұратын болады» дейтін.
– Өзіңіз үшін қай рөліңіз қиынға түсті?
– «Аяулы арман» серияланда Көркем есімді жетімнің рөлін сомдадым. Оны көрсету үшін қатты қиналдым. Ойлаңыздаршы, өзімнің әке-шешем мен бауырларым жанымда, өзіңді қалай жетім деп елестетуге болады? Мүмкін емес қой?! Бұл сериалдың бастапқы атауы «Жетімдер» болатын. Кейіннен «Аяулы арман» болып өзгертілді.
Әуел баста мені Аярудың рөліне бекіткен болатын. Мәтін қолыма тиген кезден бастап, неге екені білгісіз, Көркемнің сөздерін оқи беретінмін. Аяруды қабылдай алмадым. Кейіннен маған хабарласып, Көркемнің рөліне бекітілгенімді жеткізгенде қатты қуандым. Сол кезде Сержанның рөлін досым Нұржан Аташ ойнайтын болып, екеуміз де бір риза болып қалғанымыз бар.
– Сьемка барысында қандай қызықтар, қандай қиындықтар болды?
– Ең қиыны, жоғарыда айтқанымдай, «Аяулы арман» сериалы болды. Осы сериалдың сьемкасында мен үшін қиын кадрлер болды. Мысалы, мен өте нәзік адам емеспін бе? Қолымнан қатты ұстаса бірден көгеріп қалады. Ал ол жерде мен таяқ жедім. Нұржан мені шапалақпен ұрған кезде, айналып түскенім есімнен кетпейді. Аузымның іші ойылып кеткен тіпті. Соны сырттан камераға түсіріп тұрып, инстаграмға салып жіберіпті. Інім көріп, анама көрсеткен. Содан үйдегілерім маған «Біз саған ешқашан қол көтермедік. Бөтен біреу бетіңнен ұрып жатыр, болды енді киноға түспей-ақ қойшы» деп ұрысты. Бірақ осы түсірілім кездерінде естен кетпейтін естеліктер жинадым.
Актерлік шеберлікке байланысты түрлі кітаптарды өзім іздеп-тауып, оқып жүрдім. Күнде таңертең жаттығу жасап, жаңылтпаштар жаттадым. Интернеттен трейнинг сабақтар алдым.
– Қандай да бір образдарды сомдап шығу үшін қалай дайындаласыз?
– Кейбіреулер образға қалай кіресің деп сұрап жатады. Мен өзім ол нәрсені түсінбеймін. Негізі образға кірудің қажеті жоқ. Менің ойымша, қайта өзіңе берілген образды алып шығу керек. Әр образдан бір ерекшелік көремін, соны сомдап шығуға ұмтыламын.
2014 жылы «Диета КЗ» деген топтың бейнебаянына түстім. Содан кейін мені көбісі «Шынар-ау» деп атап кетті.
– Осы уақытқа дейінгі сомдаған рөлдеріңіз өмірдегі Раушанмен қаншалықты ұқсас?
– «Қыз жолындағы» кейіпкерім ұқсас. Себебі менің мамандығым – мұғалім. Жалпы, әр адам мені әр сериалдан таниды және әрбір рөлімде менің қолтаңбам сәл де болса қалады деп ойлаймын.
– Рөлден бас тартқан кезіңіз болды ма?
– Бас тарттым деуге келмейтін шығар… «Мисс Алматы» байқауынан кейін Қазақфильмде жұмыс істейтін Руша деген кісімен таныстым. Мені бірінші рет видеосынаққа шақырды. «Судағы із» деген фильмге кастинг болып жатқан кезінде бардым. Ондағы ұсынылған рөлді ұнатпадым, түсемін деп те, түспеймін деп те айтпадым, жоқ болып кеттім (күлді). Өздері де түсінген шығар, мен ол кезде аяғы ауыр болып қалатын қызды сомдап шыға алатындай деңгейде емес едім, кішкентай болдым.
– Сіздің жеке өміріңізде жақсы өзгерістердің бар екенін беліміз. Сіздердің махаббат хикаяларыңызды айтып беріңізші.
– Екеуміз негізі ортақ достарымыз арқылы 7 жыл бұрын таныстық. Оның есімі – Алмас. 2015 жылдың аяғында «Пәленшеевтер» сериалын экраннан көрсете бастаған. Сол жерде менің ағылшыннан тапсыра алмай тұратын эпизодым болатын. Соны маған дайректе «Ағылшынды дұрыстап оқысаңшы» деп жазып жіберген смс келді. Бәрі содан басталған. Менің Мадияр деген группаласым – Алмастың кластасы. Содан мені сұрағанда, Мадияр «Женись, брат» деп айтыпты. Жалпы, жеке өмірімді толықтай жария жасамағаным дұрыс болатын шығар. Алмас – өнер адамы емес, бірақ менің киноға түсуіме байланысты қарсылық білдірмейді. Құшақтасу, сүйісу дегендерге өзім де бармаймын.
– Жақында ұсыныс жасағанынан да хабардармыз…
– Иә, тойға дайындық басталып та кетті.Той көйлектерін қарап жүрмін. Былай қарасаң әлі 3 ай бар. Бірақ көзді ашып-жұмғанша өтіп кететін уақыт қой. Бір жерде жүрсек оған «қарындасың әдемі екен» деп айтады. Екеумізді бәрі ұқсатады. Бірақ мен әдемірекпін (күліп).
– Тұрмысқа шыққан соң, киноға түсуіңізге қарсылық білдіріп жатса, не істейсіз?
– Өмірімнің соңына дейін актриса боламын деп айта алмаймын. Бәрі бір Алланың қолында. Өзімнің мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Қалай дегенмен 9 жыл оқыдым ғой. Бірақ сьемканы сағынамын. Қазірдің өзінде сағынып жүрмін.
– Раушанды 5-6 жылдан кейін қалай елестетесіз?
– Мен аяулы жар, сүйікті келін, барған жерімнің ұйытқысы болғым келеді. Үлкен оқу орындарында мұғалім болғым келеді. Бәлкім сонда ауқымды жобалармен бой көрсететін шығармын. Бұйырса, бәрі ретімен болады деп үміттенемін.
Сұхбаттасқан Гүлім Рысқұл
Айзада Жайыққызы