Білім және ғылым министрлігі мен ЭКСПО басшылықтары жергілікті атқарушы органдардың, басқа да ұйымдардың басшыларын мұғалімдерді көрме билеттерін сатып алуға мәжбүрлемеуге шақырады. Өз тарапынан ҚР БҒМ көрме билеттерін сатып алуға байланысты қандай да бір бұйрық жасамағанын, сонымен қатар мұндай әрекеттерге қарсы екендігін жеткізеді. Бұндай ақпаратты БҒМ өзінің ресми сайтында жариялады дейді juldyz.kz тілшісі.
Сондай-ақ, министрлік халықаралық көрме алдында түсіндіру және насихаттау жұмыстарын жүргізу керектігін айтады. Мұғалімдерге билет сатуды біз бұйырмадық деген министрлік ЭКСПО-ның маңыздылығын айта келіп: «ЭКСПО-2017 көрмесі әрбір қазақстандықтың мақтанышына айналуы тиіс, сондықтан да көпшіліктің осынау әлемдік маңызы бар ауқымды шараның өткізілу құрметі еліміздің еншісіне тигендіктен, оған қатысу ниеті, билеттерді сатып алуы – патриотизмнің белгісі», – делінген хабарламада.
Бұған дейін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметі бір миллионнан аса билет сатқандарын ресми түрде хабарлаған болатын.