Кеше Алматыда өткен баспасөз конференциясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан  (БЖЗҚ) банкротқа ұшыраған Әзірбайжан банкіне аударылған 71 миллиард теңге  инвестиция турасында айтылды. Бұл туралы juldyz.kz хабарлайды.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев, оған Зейнетақы қоры  қызметкерлерінің ешқандай қатысы жоқ екендігін жеткізді. Себебі бұндай  шешім Қайрат Келімбетовтің тұсында қабылданған екен. Оның айтуынша, 71 миллиард теңге инвестиция Әзірбайжан банкіне 2014 жылы салынған. Ал Әзірбайжан банкінің қаржылық ахуалы 2015 жылдың басында төмендей бастаған. Бірақ осыны біле тұра сол кездегі басшылар ақшаны қайтаруға ешқандай қарекет қылмапты. Сол себепті бұрынғы басшының қандай қателік жібергенін енді құзырлы орындар анықтайтындығы белгілі болды.

Д.Ақышев мырза КТК арнасына берген сұхбатында былай деді:

Ал осы Ұлттық банктің бұрынғы басшыларының жазаға тартылу-тартылмауы әзірге белгісіз. Бір анығы банкрот болған Әзірбайжан банкіндегі мол қаржы бүгін-ертең қайтарылмайды. Өйткені банкрот болған қаржы ұйымы қарызды өтеудің ұзақ мерзімді үш жолын ұсынып отыр екен. Қай-қайсысын таңдасақ та, салымшылардың тірнектеп жиған ақшасы көк тиын пайдасыз кемі 7 жылдан кейін елге қайтарылуы мүмкін.

Бас банкир бүгін еліміздің банк жүйесіндегі өзгерістерді де айтты. Алдағы уақытта «Халық банкі» мен «Қазкоммерцбанк» бірігетіні туралы бұрыннан белгілі. Сондай-ақ, «Цесна банк» «Центр кредит банкін» сатып алуды көздеп отыр екен. «Тенгри банкі» мен «Капитал» банкі де бірігу туралы Ұлттық банкке ұсыныс жасаған. Бұдан бөлек «РБК» мен «Қазақ банкі» қаржыларын бір жерде ұстауға уағдаласыпты. Ал лицензиясынан айырылған «Қазинвестбанктің» активтерін енді «Альфа банктің» басқаратыны мәлім. Екінші мәрте ескерту алған «Дельта банктің» енді олқылықтарды түзеуге 15-ші маусымға дейін уақыты бар. Егер міндеттемелерін орындай алмаса «Қазинвесттің» күйін кешіп, жабылуы мүмкін.

ҚР ҰБ монетарлық операция департаментінің басшысы Əлия Молдабекова ҚазАқпаратқа берген сұхбатында «Бұған дейін 200 млн доллар көлеміндегі Əзербайжан мемлекеттік құнды қағаздарын 12 жылға 5,125% алу ұсынылған болатын. Əзербайжан мемлекеттік құнды қағаздарын 15 жылға 3 пайызбен алу нұсқасы қарастырылды. Қазір Ұлттық банк тəуекелдерді тексеріп жатыр. Дегенмен барлық вариантта шығын болады«, – деген.  Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан үшін ең тиімді жол ретінде  Əзербайжанның Халықаралық банкі шығарған жаңа облигацияларға 3,5 пайызбен 7 жыл мерзімге  ауыстыру ұсынылды.

Айта кетейік, БЖЗҚ-да қазақстандықтардың зейнетақы қаражаты жинақталады. Заң бойынша, әрбір жұмысшы жалақысының 10 пайызы осы қорға аударылады. Мамырдың басындағы мәлімет бойынша, БЖЗҚ-да 6,9 триллион теңге (22 миллиард доллардан астам) жинақталған және оның активтерін Ұлттық банк басқарады.

 

Пікір қосу