Әкемнен қолыма домбыраны алған күнімнен бастап өзімді-өзім тәрбиеледім
– Досхан аға, соңғы уақыттарда актерлікпен қатар режиссерлікті де қолға алдыңыз. Шығармашылық жолыңызды бұл арнаға қарай бұруға не себеп болды?
– Режиссер болмай тұрып, түрлі жанрдағы біраз киноларға түстім. «Көшпенділер» фильміне түсіп жүргенімде, голливудтік жұмыс жүйесі, ондағы киноға арналған тақуа тірлік мені қатты ойлантты. Ақыры осы дүние менің санамды сілкіп, мұның жолын іздей бастадым. Көп ұзамай Таласбек Әсемқұлов деген азаматпен таныстым, содан кейін-ақ жұмыс басталып кетті. Мен оған сал-серілер тақырыбын қозғасақ деген ойымды айттым. Бұл менің бала кезімнен санама сіңген тақырып еді. Әкемнің айналасындағы ақсақалдардың айтқан әңгімесі кішкентайымнан құлағымда қалған. Ал сал-серілер өмірінің өзіме жақындығы былай тұрсын, менің бойымда ән салуға деген, екі ішекті домбырама деген үлкен ыждағатым бар еді, мұның да көмегі тиді. Бұған дейін театр сахнасында Ақан Серіні ойнадым, осының барлығы менің киноға дейінгі үлкен мектебім болды. Сол мектептен алған сабағым мені «Біржан сал» туындысына алып келді.
– Актер ретінде алатын ләззат пен режиссер ретінде алатын ләззаттың қандай айырмашылығы бар?
– Біздің кино түсіруімізде актерлердің киетін киімінен бастап соның әр қадамы, сөз саптауы, жүріс-тұрысы, камераның алдындағы сипаты бәрі режиссердің мойнында. Голливудті үлгі ретінде алатын болсақ костюмді дайындайтын бір адам, сценарийді жазатын бір адам, актерлерге қарайтын бір адам, сценарийге қарайтын бір адам болады, режиссер тек келеді де актерлердің қимыл-қозғалысын, камераны қалай алып жүру керек осы жағына ғана жауап береді. Әрине, киноның концепциялық ауқымды тұжырымын, оның ой-қорытуының бәрі режиссердің үлесінде. Ал актер, ол кез-келген кейіпкердің өмірін сүріп, соның сөзін сөйлеуі керек. Салыстыра алғанда актерлік ләззат мен үшін режиссурадан биіктеу тұрады. Біз әр киноға бес жылдай уақыт дайындалдық. Осы екі арада сценарийден бастап әр актердің қалай қадам басатындығы менің көкірегімде сайрап жатты. Басты рөлді басқаға қимағаным да сол шығар. Өйткені, оны мендей меңгерер актер табылуы мүмкін, бірақ, мен онымен тағы да сол бес жыл уақыт дайындалуым керек болады. Себебі, кейіпкердің қас-қабағына дейін менің санама, менің жүрегіме, менің қаныма араласып үлгерді. Сондықтан, актер өз кейіпкерін жете меңгерсе, соның өзі болатындай деңгейге жете алатын болса, онда актерліктің ләззаты режиссурадан жоғары.
– «Біржан сал», «Құнанбай» фильмдері шыққаннан кейін қарапайым көрермен жылы пікірлерін аяған жоқ. Ал кәсіби киносыншылар не айтты сізге? Сын естідіңіз бе?
– Біріншіден, бізде қазақы кино сыны жоқ. Бір сыншылар бар орыс тілді, олар дәл осы тақырыпты менсінгісі келмейді. Екінші деңгейлі тақырып деп қарайды. Ал қазақ сыншыларына киноның парқы мен нарқын білуі қиын. Өйткені, олар кәсіби сыншы емес. Жалпы, сын театрда, кинода да тапшы. Сын деген біреуді мұқату емес, сын деген соның бары мен сол барлыққа барар жолды бағдарлайтын ізгі ниет болу керек. Бізде сынның өзі біреуді мұқату, біреуді басқа бір келбетте, қаралы түрде көрсетуге айналып кеткен. Бірақ, шамалары келгенша қазақы түсінікпен жазуға тырысқандарға алғыс айтқым келеді. Қарапайым көрермен өздерінің қабылдауын қағазға түсіріп, оны газеттер басып шықты. Ал шынайы сын үлкен білімді, үлкен ой қорытуды талап етеді.
– Киноларыңыз шыққан сайын «іргелі істің басын қайырдым ғой» деп өзіңізге көңіліңіз толып, қандай да бір тоқмейілсу пайда болды ма?
– Тоқмейілсуден Құдай сақтасын. Біз енді ол кезеңнен өткен адамдармыз. Әкемнен қолыма домбыраны алған күнімнен бастап мен өзімді-өзім сұрыптаған, өзімді-өзім тәрбиелеген адаммын. Сондықтан да болар сын деген дүниеге қарапайым қарауға тырысамын. Сол себепті біреу мені мақтап жатса да, даттап жатса да безбенімнің екі жағына тең бөліп қараймын. Ал тоқмейілсу ұлы мәртебелі өнерге тән нәрсе емес. Өкінішке қарай, біздің қазақтың арасында бұл мінез жиі кездеседі. Содан көп актерлеріміз келбетін, табиғат берген бітім-болмысын жоғалтып алады. Бірақ, осы екі кино шыққанда қазақтың зиялы қауымының ойы мен үшін өте жауапты, өте тағылымды болды. Сол кісілердің айтуына қарағанда кино дұрыс шыққан сықылды. Бұл киноны төрт аяғынан тең басқан деп айту дұрыс емес. Өйткені, өнер — ағып жатқан су, құнарлы топырақ. Қазір сол киноларымды көрсетіп, «міне қаржы, қателігін қайтадан түзе» десе қайтадан тура сондай еңбек кетуі мүмкін. Бірақ, негізі діттеген ойларымның барлығы іске асқандай, бәрі өзімнің шамама сай. Бұл нәрсе өзімді қанаттандырады, күш-қуат береді.
– Астанада «Құнанбайдың» тұсаукесерінде Мырзатай Жолдасбеков осы киноның жалғасын түсіру керек деп ұсыныс тектес пікір білдірді. Сіз бұған не алып-қосасыз?
– Егер, осы тақырыпқа қатысты басқа бір режиссер өзіне басқа бір мақсат тауып жатса, құба-құп. Маған келгенде — біздің мақсатымыз орындалды. Құнанбайды мейлінше пендеуи, табиғи етіп беруге тырыстық. Анасының алдында қаймығып көзіне жас ала білетін, ойлы, жаңашыл, турашыл Құнанбайды көрсеткіміз келді. Өйткені, бұл Абайдың мектебі. Абай шыққан орта. Сондықтан ол басқаша болуы мүмкін емес. Бұл тақырыпқа қайтадан бару, оны әрі қарай жалғастыру туралы ойлағанда – тек ғана оның жалғасы Абай бола алады. Абай арқылы Құнанбайды тағы бір паш етуге болар еді. Бүгінгі күн тәртібінен, бүгінгі халықтық, қоғамдық, заманауи жаңа ойларды қосып, жаңа ой-тәсілді қосып Абайға баруға болады.
«Әке Біржан атаға жаным ашыды» деп қызым жылады
– Шығармашылық жолда күйзеліске түсетін сәттеріңіз бола ма? Сондай кезде сырласатын адамыңыз кім?
– Мен өзіммен-өзім сырласатын адаммын. Ал екі кинода да менің қасымда жан жарым Қарагөзім болды. Түсіріп жатқан кезде, түсірер кезде қиындықтар болады. Өйткені біздің қоғам солай, біздің құрылым солай. Кейде қаржы жетпей жатады, кейде қасыңдағы кәсіби адамдар мінезін өзгертіп шыға келеді. Кейбіреулері тіпті ішімдікке салынып, өз кәсібіне салғырт қарайтын кездері болады. Сондай сәтте, жеке қалғандағы менің ойыма ой қосатын, кей жерде сабырлыққа шақыратын, жәй-күйіме қарайтын, ол Қарагөз. Содан кейін менің достарым бар. Олар әр салада – саясатта, өнерде дегендей. Менің достарым – менің алғашқы көрермендерім. Одан кейін менің ұл-қыздарым. «Біржан салды» алғаш рет балаларыма көрсеттім. Ол кезде үлкен ұлым 25-те, екінші ұлым 10-нан асқан кезі, кішкентай қызым 2-ші сынып оқитын. Үшеуін қатар отырғызып қойып көрсетіп едім, «әке Біржан атаға жаным ашыды» деп қызым жылады. Екінші ұлым: «Апырмай, тағдырының қиыны-ай» деді. Ал үшінші ұлым «әке, қазақ үшін ғажап дүние шыққан екен» деді. Осылардан артық менде сол кезде көрерменім болған жоқ.
– Жаңа айтып қалдыңыз ғой, жаныңыздағы адамдардың кәсібіне салғырт қарап кететін кездері болады деп. Жалпы, өмірде сатқындыққа ұшыраған, алдаудың құрбаны болған кездеріңіз болды ма?
– Сатқындық болды…Біз өзі үлкен отбасында өскендіктен бе, бір-бірімізге тете болып, жетелеп ержеттік. Екі ұл, сегіз қыз едік. Анамыз өмірден батыр ана болып өтті, әкеміз өмір бойы партия совет қызметінде істесе де қолынан ешқашан домбырасы түспеді. Міне, осы ортада өскендіктен бе жанашырлық қасиетіммен аға деп келгеннің бәрін бауырыма баса бергім келеді. Бауырыма басқандардың кейбірі сатқындыққа дейін барып, тақырға отырғызып та кетті. Оған желеу болып, біздің газеттеріміз солардың қолтығына су бүркіп, қайдағы бір алаяқты менімен салыстырып, осындай да кезеңді өткердік. Бұл бір кезең. «Сабыр түбі сары алтын» демекші, өзімнің мінезім мен ішкі жинақылығыммен, осының барлығын көтеріп алдым. Әрине, жүйке кетті. Бүгінде соның бәрін ойласам пендешілік сияқты болып көрінеді. Бірақ, жаралы көңілім соның барлығын көтеріп алып, бүгінде жараның барлығының аузы қотырланып ұмыта да бастадым. Бұл киноға қатысты емес, қарапайым өмірде болған жағдай. Ал енді кинода жүрген азаматтардың, қасымда ет жақын болып жүрген достарымның ішінде киноны көріп алып, құттықтауға жете алмай, шынайы лебізін көрсете алмай қалғандары болды. Бірақ даңқты ағалар пікірін іркіп қалмады мысалы, Мырзекең: «Айналайын Досхан, Құнанбай ұлы Мұхаңның арманы еді, сен сол арманын орындадың» деді. Осындай кезде жақын деп жүрген достарым қасымнан кетіп қалып жатты. Мен мұны да көтеріп алдым. Жалпы, қайғыда бәріміз барамыз, ал қуанышқа келгенде сол қуанышты өзіңдікіндей қылып қабылдау екінің бірінің қолынан келмейтін ұлы пайым.
– Бірақ, сіз олардан теріс айналмайсыз ғой?
– Теріс айналу жағынан аулақпын. Мен мұны өздерінің ар-ұяттарына қалдырдым. Тіпті мұны айтпадым, айтқым да келмейді. Абай атам айтпақшы: «Ол неге озады деп етегінен тарту емес, мен неге қаламын деп өзіңді-өзің қамшылау» керек қой. Өнерде де, әдебиетте де мұның үлкен мәртебесі осында. Біз қазақ осыған үйренуіміз керек. Кімді алсаң да, анау Жиембеттен бастап, бергі Біржан, Ақан, Жаяу Мұса осылардың барлығын халық сүзгісінен өткізіп, елеп-елеп алтындарын алып бүгінге жеткізді. Қазір қазақ солармен сусындап жатыр. Біз сол барымызды бағалап, ертеңге осының бәрін дұрыс жеткізе білуіміз керек.
– Кинода түрлі образдарды сомдағаныңызбен өмірде мінезіңіз тым жұмсақ секілді?
– Дұрыс байқапсың. Негізі келбетім сұсты болғанмен, жаным жұмсақ. Көңіл елжіретерлік бірнәрсе көрсем де көзімнен жас парлап кетеді. Кино, спектакль біткеннен кейін актер, режиссерлерді құттықтағым келеді. Жаным соншалықты жұмсақ.
– Аға, мінезіңіздің жұмсақтығынан шығады, жалпы кино түсіру барысында әр қадамды аңдап басуға тура келеді ғой. Бұл жерде үлкен жауапкершілікпен қатар, үлкен қаржы жатады. Сіз сол ақшаның жұмсалуына қаншалықты мұқиятсыз? Мәселен, дәл осы тақырып төңірегінде Тұңғышбай Жаманқұловтың дауға шырмалғанын білесіз…?
– Бұл біріншіден, адамның өзінің жеке сана-сезіміне байланысты. Судың да сұрауы бар. Саған мемлекет сеніп тапсырғаннан кейін, сен оның егесі болғаннан кейін, ол барар жеріне жетпей халықтық игілікке жаратылмағаннан кейін оның барлығы бекер шаруа болады. Мен осы екі киноны түсіргенде екеуінде де продюсер болды. Бұрын киноның директоры дейтінбіз. Қаржының барлығына жауап беретін солар. Олар ай сайын ақпарларын беріп отырады: не түсіріліп жатыр, қаншалықты қаржы жұмсалды, не нәрсеге жұмсалды, осының бәрі тайға таңба басқандай жазылып отырады. Бірақ, әрқайсына ертеңгі күні бір нәрсе жетпей қалып, бір нәрсе дұрыс болмай ұялып жүрмеңдер деп ескертіп отырамын. Ал енді ақшаға келгенде негізі бұған режиссердің қатысы болмайды. Қатысы болмау керек…Ал Тұңғышбай бауырымыз мұны жеке-дара өз билігіне алғаннан кейінгі жерде бұған үлкен жауапкершілікпен қарау керек еді. Өкінішке орай бүгінгі дау-дамай осы төңіректе болып тұр.
– Былтыр «Құнанбай» фильмі мемлекеттік сыйлық алды. Осы ретте әлеуметтік желілерде журналистер сыйлық иегерлерінің тізімінде неге Таласбек Әсемқұлов жоқ деп сынады. О дүниелік болғанына қарамастан есімі аталуы керек еді дейді?
– Мен министрдің де алдында болдым. Сол кездегі премьер-министрдің орынбасарымен де сөйлестім. Сонда бұл кісілердің менің алдыма тартқаны – «дүниеден озған адамға мемлекеттік сыйлық берілмейді» деді. Егер мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып қойғаннан кейін дүниеден озса, онда беріледі. Ал ұсынылғанға дейін қайтыс болса берілмейді, бұл үкіметтің жарлығы, сондықтан аттап кете алмаймыз деді. Әрине, өкіндім, менің де ішім қан жылады. Өйткені, менен бір мысқал да кем жұмыс атқармаған Таласбек бауырымның алғаны маған керек еді. Тіпті ол алтыншы болып сыймай жатқан кездің өзінде, мен орынымды босатып беруге дайын едім. Өйткені, мен 1996 жылы театрда ойнап жүріп бұл сыйлықты алып қойғанмын. Бірақ Заңның аты заң, бұған бірақ рұқсат етпеді.
– Қазіргі таңда біздің елдегі мәдениет, кино саласының қадамына қандай баға бересіз?
– Шүкір, киноларымыз қазір еңсесін көтеріп, өзгелермен терезесі теңесіп келе жатыр. Киноға атсалысып жүрген азаматтарымыздың ойы кинодан киноға өсіп келеді. Мен ойлаймын, келешекте біз әлі талай биіктерді бағындырамыз деп.
– Бұл сұрақты қойып отырған себебім, қазір мынадай үрдіс пайда болды. Әнші біткен кино түсіріп халыққа ұсынып жатыр. Бұл жалпы, қазақ киносы үшін артықшылық па, кемшілік пе?
– Бұл кемшілік. Біріншіден, ол кинолардың кәсіби дүние болып шықпайды. Екіншіден, кино деген кез-келгеннің ермегі емес. Қалтасында ақшасы бардың бәрі кино түсіре беретін болса, онда көрерменнің талғам-таразысын құртамыз. Бүгінде екінің бірі «жұлдыз». Ақ пен қараны ажырату жағы кемшін соғып тұр. Біз көп нәрсеге таптаурын болып келеміз. Осы нәрсенің бәріне үлкен жауапкершілікпен бармаса болмайды. Олар қанша тырысса да кәсіби киномен жарыса алмасы анық. Әрине, олардың көздеп отырғаны ақша табу ғой. Коммерциялық қана мақсатты алға қойған, ал оның ішінде үлкен руханият, ой, тұжырым бұның барлығы әдірем қалған.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Абай Аймағамбетов
(…толық нұсқасын
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№10, 2017 жылғы санынан оқи аласыздар)