ҚР Халық әртісі, танымал театр және кино актері, режиссер Асанәлі Әшімов жаңа фильмнің түсіріліміне дайындалуда. Бұл туралы juldyz.kz порталы хабарлайды.
Актер Асанәлі Әшімов Хуат Ахметовтың «Беткейдегі бұталар көлеңкесінде» атты картинасында басты рөлді сомдайтын болады. Бұған дейін екеуі де «Сіз кімсіз, Ка мырза?» драмасында бірге жұмыс істеген.
«Мен 2014 жылы Хуат Ахметовке осы фильмді түсіру туралы ұсыныс тастаған болатынмын. Көпшілігі аталмыш картинаның Чадьяровтың немесе Ка мырза туралы оқиғаның жалғасы деп ойлауы мүмкін. Бірақ, бұл мүлдем басқа кейіпкер мен бөлек оқиға. Менің кейіпкерім – қартайған шағында өркениеттен алысырақ тұруды қалаған бірнеше тіл білетін ақсүйек. Ол кішігірім шаруашылықпен айналысып, тамақ пен қажетті заттармен өз-өзін қамтамасыз етіп отырады. Мен өз тарапымнан фильмге «Тірі рух» («Живой дух») деп атауды ұсындым. Алдағы уақытта осы атаумен жұмыс істейтін боламыз деп ойлаймын. Арнайы түсірілім үшін көп уақыттан бері сақал өсіріп жүрмін»,-деп бөлісті халық әртісі.
Қазіргі таңда аталмыш киноға актерлар таңдалып жатыр, қажетті реквизиттер мен кейіпкерлердің киімдері дайындалу үстінде.
«Беткейдегі бұталар көлеңкесінде» атты уақытша атауы бар кинотаспа – бұл соңғы жылдарын сүріп жүрген Ағатай ата мен қарттың үйіне кіріп алған жетім бала туралы оқиға. Тағдырдың бұл тосын кездесуі екі кейіпкердің де өмірін түбегейлі өзгертеді.
Айта кетейік, Асанәлі Әшімовтің сөзінше, көркем фильмнің түсірілімі 2017 жылы мамыр айының соңында басталады.