LARA – эстрадаға қанат қаққан жас әнші. Продюсері – Сиви Махмуди. Әнші алдағы шығармашылығы мен жоспарларын juldyz.kz порталымен бөлісті.
– Біздің оқырмандарымыз үшін Лара – жаңа есім. Өзің жайлы кеңірек айтып өтсең…
– Өзім Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Жауышқым ауылында дүниеге келдім. Сонда 9 жыл білім алдым. Тоғызыншы сыныпта облыстық өнер фестивалінде бас жүлде жеңіп алғаннан кейін, Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледжге грант ұсынды. Сол жердегі білім департаментінің басшысы келіп, «Алматыға бар, колледж басшылығына айтып қоямын» деп ешбір ақысыз осындай сыйлық жасады. Төрт жыл сол жерде жеке ән салу, яғни академиялық вокал бөлімін бітірдім. Ата-анам мен үш ағамның барлығы Шымкентте, ауылда. Әкем гармонда, домбырада, гитарада ойнайды және жас кезінде тамада болған, жас келіндердің бетін ашқан екен. Оның әкесі суырып салма ақын, дауысы керемет әнші болды деп естідім. Анам мектепте мұғалім, кейіннен тәрбие меңгерушісі болды. Кез келген концерттерге мені шығаратын. Өзі де қызығушылық танытып, менімен уақытқа қарамай түнгі 2-лерге дейін студияда записьте отыратын. Кішкентай кезімнен ән айтып келе жатырмын. Мектептегі музыка сабағынан беретін Құралай апайым репертуарлар таңдап беріп жүретін. 2013 жылы Т. Жургенев атында өнер академиясына «эстрадалық вокал» бөліміне оқуға түстім. Енді міне биыл бітіргелі жатырмын. Қарап отырсам мені Алматыға 14 жасымда оқуға жіберіпті. Ол – ата-анамның маған деген сенімі. Әйтпесе, қазір ол жаста қыз баласын өзге қалаға оқуға жібермейді ғой. Қолдаушым – ата-анам.
– Сиви Махмудимен жұмыс істеп жақандарыңа қанша уақыт болды? Жалпы эстрадаға қалай келдің?
– Сиви ханымның кастингіне бардым. Оған баруыма Ақерке Тәжібаева себепкер болды. Әуел баста «Аяла» тобына үшінші қыз керек болып, мені алған, кейіннен жеке шығатын болып шештік. Жұмыс істеп жатқанымызға 1 жыл 3 ай болды. Сиви ханымды анамдай жақсы көремін, өте қатты сыйлаймын. Біздің орталықта «Саламат» тобы, Айдарбек Рысбек, Сиви ханымның өзі және мен бармын. Таза шығармашылығымызбен (әнмен) жұмысты енді бастаймыз. Бұйырса жақсы жаңалықтармен бөлісерміз.
– Қоржыныңда қанша ән бар?
– Қоржынымда үш ән бар. Олар: «Бәрі де кеш», «Кел, жаным», Сиви ханым екеуміз айтатын «Неге, неге?» әндері.
– Неге саханаға Лара деген есіммен шығып жүрсің?
– Менің есімім – таза қазақи есім және шет елдерге өнер көрсетуге баратын болсам, басқаша әрі қиын дыбысталады. Қазақтың есімін бұрмалап дыбыстатқанша, кез келген тілде бірдей, жақсы айтылатын лақап ат іздедік. «Дауысың Лара Фабианға ұқсайды екен, өзің де жақсы көріп тыңдай екенсің «Лара» деп шықсаң болады» деді. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемге танымал болсын деп ырымдады. Қазір Лара деп шығып жүрмін, мүмкін алдағы уақытта Лара Рысбай деп шығатын шығармын.
– Мерекелік концерттерден көп көрінбейсің. Неге?
– Мен халық сұранысындағы әнші емеспін. Әлі көп жұмыс істеуім керек. Көп концерттерге қатысуым керек еді деп те айта алмаймын. Сабырлы, шыдамды, көп ізденетін адамдардың қатарынанмын, Алла амандық берсе, өнердің биік шыңына да жетермін.
– Ал өзің жеңе алмай келе жатқан қандай қасиеттеріңді айта аласың?
– Еріншектік пен ұйқышылдық бар арасында. Бірақ оның өзін бақылауда ұстап тұра аламын (күліп). Күнделікті өзімді өзім әртүрлі сөздермен қайрап жүремін.
Мен үшін идеал – менің анам. Өмірде бір кішкентай қиыншылықтар кездескен кезде бірден анам есіме түседі. Ол кісінің бізді өсіргені, қиын-қыстау кезден мейірімі мен махаббатын төгіп алып шыққаны, жоқтан бар жасағаны, бәрі-бәрін ойланамын.
– Өнерде сен үшін үлгі кім?
–Роза Рымбаева, Алтынай Жорабаевалардың әндерін тыңдап өстім. Таза қазақы тәрбиеде өскен адаммын.
– Ал Лара Фабиан?
– Бала кезде Лара Фабиан деген есім мен үшін жоқ еді. Кейіннен колледжде оқып жүргенімде, Астанада өтетін концертке екі күн қалған кезде директорымыз мені шақырып алып Лара Фабианның «Adagio» әнін орындайтынымды айтты. Ол әнді бұрын-соңды тыңдап көрмегенмін. Өте күрделі ән. Әр жерінде әртүрлі мінез бар, ақырында модуляция кетеді. Оның барлығын тыңдағаннан кейін отырып алып жыладым. Скрипкашымен дайындалып, орындап шықтым, директорымның көңілінен шықты.
Маған неге «Je t’aime» әнін орындай бересің деген сұрақ жиі қойылады. Брюс Лидің бір жақсы сөзі бар: «Мен көп трюктарды білетіндерден емес, бір трюкті қайта-қайта көрсететіндерден қорқамын». Себебі, біреу әртүрлі трюктерді көрсетуі мүмкін, бірақ таза емес. Ал бір трюкті қаншама жыл істей берсең, ол піседі, жетіледі, үлкейеді. Сол сияқты мен де кез келген әнді басқаша түрлендіріп, жан бітіріп орындап шыққым келеді.
– Қазір әнші көп. Немен ерекшеленемін деп ойлайсың?
– Ол жағынан әлі ізденіс үстінде жүрмін. Бірақ алдағы уақытта сахналарға бір ерекше номерлермен шығамын деп ойлаймын.
– Тойға көп шығасың, бірақ өзің айтатын француз әндерінен бастап, жалпы классикалық әндерді бағалайтындар аз сияқты…
– Жоқ, олай емес. Рас, тойға көп шығамын. Көбіне элиталық тойларға мені классикалық, лирикалық әндер үшін шақырады. Ауылды жерлерге де барып қалып жатамыз , «жоқ, қызым, французкий ән айтпа, өтпей қаласың» дейтін де, мен ән салғанда бәрі тына қалатын. Түсінгенім – тыңдап тұрған құлақ, көріп тұрған көз бар, еңбекпен шыққан өнер ешқашан елеусіз қалмайды. Өнерді бағалайды. Керісінше классикалық әндерді сұрайды. Қазір адамдардың көбісінің концертке баруға уақыты жоқ, ал тойларға міндетті түрде барады және би билеу үшін емес, демалу үшін. Сегіз жылдай тойдамын, қазір формат ауысқанын байқаймын. Димаштың да жетістігі көптеген адамдарға сабақ болды. Ол – нағыз өнердің қандай екенін көрсетті, оған қаншама ауыр сөздер айтылды, дегенмен сағы сынбады. Соған қарап-ақ, халықтың көзқарасы өзгеріп келе жатқанын байқауға болады.
– Кімдермен дуэт айтқың келеді?
– Лара Фабианмен (күліп). Өзім сүйіп тыңдаған Роза Рымбаева, Алтынай Жорабаева, Мақпал Жүнісова апайларыммен айтқым келеді. Сол кісілер мен үшін әншілік жағынан идеал. Лұқпан Жолдасов, Ғазизхан Шекербеков ағаларымыздың шығармашылығы ұнайды.
Сүйіктім жоқ. Бірақ алдағы 3-4 жыл тұрмысқа шықпаймын деп те айта алмаймын. Бәрі өз ретімен, Алланың қалауымен болатын дүние. Ата-анамның, Сиви ханымның ақ батасын алып шыққым келеді.
– Ең қуанған және қатты мұңайған сәттеріңді есіңе түсірші?
– 2016 жылы желтоқсанда Испанияның Мадрид қаласына бардым. Жанымызда Ақерке Тәжібаева бар. Өте қатты қуандым, ерекше әсерде қайттым. 2 сағаттық ұйқының өзімен өзімді сергек ұстап жүрдім. Концерт кезінде сондай бақытты сезіндім. Испандардың «Гранада» деп аталатын халық әнін айттық. Ал ең мұңайған кезім… Жалпы кішкентай дүниелерге бола еңсемді түсіретін адам емеспін. Қайғы деген – өзіме жақын адамдарымды жанымда жоқ екенін сезіну болатын шығар. Жаратқаннан жақындарымнан айырмасыншы деп тілеймін.
– Өзің үшін әзірге ең үлкен жетістігің қандай?
– Осы уақытқа дейін «неге қол жеткіздім» деп өзім де ойланатынмын. Жақында ғана мынандай жағдай болды. Әкем қатты (буын ауруымен) аурып жатты. Елімізде емі табылмай, Ташкентке ем алуға кеткен. Сол кезде отбасымызбен қиналып жүрдік. Әкеміз – тірегіміз ғой бәріміздің. Содан алдында ХитТВ арнасынан «Headliner» бағдарламасынан мені көріп орнынан тұрып, жүгіріп кетіпті. Ойлаңызшы. Ауырып жатыр деп жыларман болып жүрген отбасымыз үшін қандай қуаныш?! Соны естіген кезімде жылап алдым. Қуаныштан. Сол кездегі сезімімді сөзбен айтып жекізе алмайтын шығармын. Шын мәнісінде, менің жетістігім – ата-анамның менімен мақтанғаны және сол кісілердің үмітін ақтап келе жатқандығым деп есептеймін. Сол оқиғадан кейін өзімде басқаша қарқын пайда болды, отбасымды тағы да қуантқым келді. Себебі, ешбір күндестіксіз сенің жетістігіңе шын қуанатын, сәл шалыс басқан қадамыңа жүрегі езіліп қайғыратын ол сенің отбасың.
– Қандай арман-мақсаттарың бар?
– Вокалда оқып келе жатқаныма 8 жыл болып қалыпты. Күн сайын өзімнің сүйікті ісіммен айналысамын, шүкір. Лирикалық әндерді жақсы көремін. Арманым – қазақтың жүрегінен орын алатын әндерді көптеп жазу, әлемдік конкурстарға қатысып, Қазақстанның туын желбірету. Арман көп қой (күлді).
– Алдан не күтесің?
– Алдағы уақыт мен үшін жұмбақ. Ертең не болатынын білмеймін. Алладан тілейтінім арманыма, мақсатыма адал жолмен жету ғана. Жатсам-тұрсам ойдан кетпейтін тілегім сол.
– Өнерің өрлей берсін, Лара!
Сұхбаттасқан Гүлім Рысқұл