Иса Алимусаев — елімізде өткен «МузАрт-live» мега-жобасының финалисті, жас әнші. Өнер әлеміне енді ғана аяқ басқан өнерпаз juldyz.kz порталына алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
— Біздің оқырмандар үшін Иса Алимусаев — жаңа есім. Оқырмандар сіз жайлы кеңірек білгісі келеді. Бала Иса қандай болды?
— Мен жастайымнан әуелі өмірге, содан соң өнерге ғашықпын (күліп). Бала күнімнен өнерге бір табан жақын болдым. Балабақшада қандай да бір мерекелік іс-шаралар өтсе басы-қасында өзім жүретінмін. Микрофонымды алып, ән салатынмын. Халықаралық деңгейдегі байқаулардың жүлдесінен де кенде емеспін. Қысқасы, 5-жасымнан ән әлеміне саяхат жасап, осы өнердің жетегінде келемін. Сол бала күнгі арманыммен Петропавл қаласындағы музыкалық колледжге оқуға түстім. Эстрада бағытында ән салу саласы бойынша осы оқу орнынан диплом алып шықтым. Яғни, мамандығым өнерге тікелей байланысты.
— Өнер жолын таңдауыңа не себеп болды?
— Әуелі Алланың берген тума таланты шығар деп ойлаймын. Ойлап қарасақ, шынында да солай. Себебі, Алла Тағала саған таудай талант бермесе, шынайы өнерді сатып алу мүмкін емес. Менің бұл пікіріммен толықтай келісетін шығарсыз деп ойлаймын(күліп). Одан қалды кішкентайымнан өнерге әуестігім және нағашы жұртымның өнерге жақындығы бар. Жалпы, нағашы жұртым өнер мен өлеңге жақын адамдар. Мені ешкім сахнаға сүйремесе де, бір бүйрегім осы өнер жолына, әншілікке бұрып тұрады. Әншілік — ең дұрыс таңдауым, жүрегімнің қалауы деп нақты айта аламын. Болашақта таңдауымнан қателеспей, тағдырым осы жолда жалғасады деп ойлаймын. Қалғанын уақыт көрсетеді. Бәрі бір Алланың бұйрығымен деп ойлаймын.
— Қазір жеке шығармашылығыңызда не өзгеріс? Кіммен жұмыс жасаудасыз?
— Қазір жеке шығармашылығымда ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер жоқ. Қандай да бір жаңалық болса, сіздерге хабарлауға тырысамын(күліп). Бүгінде жеке шығармашылығымды қолға алып, продюсермен жұмыс жасап жатқаным рас. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап, кәдімгідей жұмыс жасап жатырмыз. Күнде студияға қонатындай жағдайда жүрмін. Себебі, күні-түні әндер жазылып, қызу жұмыстар жасалуда. Жеке продюсерім жайлы сұрақтер негізінде көп қойылады және көптің көкейінде жүрген сауал болып тұр. Ол кісінің есімі әзірге құпия. Себебі талабы сондай(күліп). Продюсерім өзінің жұмысын білетін өте білікті маман. Қазіргі таңда жаңа тың идеяларға жұмыс жасап жатыр. Алдағы уақытта ол туралы біле жатарсыздар деп ойлаймын.
— Қоржыныңызда қанша ән бар?
— Шығармашылығыма шындап ақпан айынан кіріскендіктен, қазіргі таңда қоржынымда 5 ән ғана бар. Оның алғашқысы композитор, әнші Айгүл Бажанова деген апайымыз екеуміздің «Ғажабым» деп аталатын әні. Ол әнді Айгүл апайдың кешінде орындадық. Оның сыртында студияда буы бұрқырап дайын тұрған да, жазылып жатқан да бірнеше әндеріміз бар. «Жұлдыз-тв» арнасынан тұсауы кесілген «Жұлдыз шығармыз» атты бейнебаянымыз бар. Әлі халыққа ұсынылмаған екі бейнебаянымыз түсіріліп қойылды. Алдағы уақытта отандық арналарға жол тартады деген жоспарымыз бар. Байқасаңыздар, әндерім әр түрлі бағытта. Себебі, сахналық та тойға да сұраныс бойынша әмбебап стильде жаздыртып жатырмыз. Шығармашылығыма байланысты бірнеше адамдармен жұмыс атқарудамын. Дегенмен, көптеген әндерімнің авторы сазгер, ақын, атыраулық бауырым Ерболат Қарақойшы.
— Ән таңдағанда сөзіне мән бересіз бе, әлде әуені маңыздырақ па?
— Мен үшін екеуі де маңызды. Себебі, тыңдарманның талғамымен санасу керек деп ойлаймын. Бізді тыңдайтын — халық. Сондықтан, сол кісілердің көңілінен шығатын сәтті дүниелерді бергенді жөн көремін. Жазғандарыңының саны да, сапасы да жоғары бір деңгейде болса нұр үстіне нұр емес пе? Бүгінгі уақытта сапалы ән тауып, оны жазу оңай емес. Бәрі еңбектің арқасында іске асады.
— Көпшіліктің көкейіндегі сұрақ:Иса Алимусаев болашақ жарын қалай елестеді?
— Бұл сұрақты тым қатты ойламаппын. Негізі, әрбір ер жігіт болашақ жары қазақтың қарапайым қызы болса деп армандайды. Ата-анамды сыйласа, иіліп тұрған инабатты, жүзінен нұры төгіліп тұрған ибалы қыз болса деп армандайды. Мен де болашақ жарымның қылықты да қырмызы болғанын қалаймын. Қыздың қылықты болғаны абзал ғой. Бастысы — жүрегіндегі иманы. Иман болса қалғаны орнымен өзі-ақ келеді деп ойлаймын. Бүгін –ертең үйленетін ой болмағандықтан, қатты қызығушылық танытып, болашақ жарымды елестетпеппін. Бұйырғаны болар. Оны келер күннің еншісіне қалдырайын. Себебі, адамның емес, Алланың дегені болады ғой.
— Қайырымдылық шараларға жиі қатысасыз ба?
— Өмірге келгендегі мақсатымыз — адал болу. Ал адалдық адамдықпен өлшенеді. Қолыңнан келген дүние болса, неге қайырымдылық жасап, сондай кештерге жиі қатыспасқа? Жалпы өзім жақсылық жасап жарысқанды жақсы көремін. Жарияға жар салмайтын жақсылық бар. Сондықтан жасаған жақсылықтарды, істеген қайырымдылықтарды көп жарияламауға тырысамын. Тіпті жарияламаймын да. Өзім мұндай концерттерге жиі шақыртулар да алып жатамын. Қолым бос болса, қалдырмағанды жөн көремін.
— Өнердегі аға-әпкелеріңізбен кіммен дуэт айту ойыңызда бар?
Жаңалықтың қадірі таралғанға дейін ғой. Мен де болашақтағы жоспарымды, дуэттерімді дөңгеленген дүниеге жар салып айтып тастағым келмейді. Сабақты ине сәтімен. Әр нәрсе өз уақытында әдемі ғой. Оны болашақтың еншісіне қалдырайық. Себебі, аспанда қалықтап жүрген қаншама армандарым мен қиялдарым бар. Сондықтан, ол армандарымды адастырмай, қиялыма қанат бітіргім келеді. Негізінде ойымда жүрген аға-әпкелеріміз бар. Ол да әзірге құпия бола тұрсын. Сыр сақтаған жақсы ғой(күліп).
— Инстаграммда белсендісіз. Бұл уақытыңыздың көптігі ме әлде тыңдармандарыңыздың тілегін орындау үшін бе?
Әлеуметтік желілердің ішінде де сол өзім Инстаграмда ғана отырады екенмін. Барынша жиі кіріп тұрғанды жөн санаймын. Тыңдармандармен жақын болғанды жақсы көремін. Ол уақыттың көптігінен емес. Бір-екі күн сурет салмасам, оқырмандарым қатты алаңдап, жекеге жазып жатады. Көңілін қалдырмауға тырысамын. Әлеуметтік желі деген адамның емес заманның талабы болып барады. Сондықтан, бос уақытымды тиімді пайдаланып отырғанды жөн көремін.
— «МузАрт-live» өміріңізді қай жағынан өзгертті? Оған дейін Иса қандай еді
— Жалпы жиі қойылатын сұрақ. Мен бұл жобаға дейін жастайымнан бірнеше мемлекетаралық байқауларға қатысқанмын. Бір қызығы, сол 2-ші орынды қанағат тұтып келемін (күліп) Мүмкін, деңгейімнің жеткен жері де сол шығар.Неге дейсіз ғой? Себебі, мен рейтингі мықты болған «Қазақстан дауысы» жобасына да қатыстым. Ол жерде де финалист атанып, сол дәрежені қанағат еттім. Көптеген сабақтар алдым. «МузАрт-live» жобасында да дәл солай. Өздеріңіз көрген шығарсыздар, 12000 үміткерден 8-дікке, яғни финалға келіп, тағы да сол финалист атандым.. Талғамға талас жоқ демекші, халықтың таңдауы солай болғасын, ешкімге ренішім жоқ. Топқа өткендер өзімнің өмірдегі де, өнердегі де бауырларым. Бәрін жақсы көріп сыйлаймын. Сол себепті «МузАрт-live» жобасы менің өміріме көп жаңалық енгізді. Көптеген жаны жайсаң жандармен табыстырды. Бала Исаны — дара Иса етті. Халыққа бір табан жақындата түсті. Жақсы мүмкіндіктер берді. Өнер жолына деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Бір сөзбен айтқанда, ұйықтап жүрген Исаны оятты. Сондықтан, тек қана рақметімді айтамын.
— Танымалдылық сізге не беріп жүр?
— Мен бұл сұрағыңызбен мүлдем келіспес едім. (күліп) Себебі, мен танымал болатындай әлі ештеңе жасап үлгермедім. Танымал деп осы өнер жолында 10-15 жылдан бері еңбек еткен үлкен аға-әпкелерімізді айтуға болатын шығар. Ал егер мені көрген жерде тоқтатып, танып жатса, әрине қуанар едім. Қандай жағдай болмасын, халықтың пікірімен санасып, ақылын тыңдап, мейріміне бөленген жақсы.
— Тойға жиі шығатыныңызды байқаймыз? Құнымды түсіріп аламын деп қорықпайсыз ба?
— «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген қазақтың сөзі бар емес пе? Сол себепті де өздері шақырып, қуаныштарында көргілері келетіндігін айтып өтініш жасап тұрса неге бармасқа? Әрине, сұраныс бар жерге міндетті түрде барамын. Мен негізі табиғатымнан көптің көңілін кірлеткім келмейтін жанмын. Той — халықтың қазынасы. Оның үстіне тойға тек мен ғана барып жүрген жоқпын. Себебі, халық қазақ эстардасының 80-90 пайызын шақырып жатады. Сондықтан, бұл жерде құнымызды түсіретіндей немесе ел алдында сый-құрметің кететіндей ешқандай жамандық көріп тұрған жоқпын.
— Киноға түсуге ойланып көрдіңіз бе? Ұсыныс түссе, келісер ме едіңіз?
— Әр саланың өз маманы бар. Өзіңе сай мамандығыңды таңдап алып, жақсы нәтижелер көрсете білсең жеңіс қой. Сол сияқты киноға түсу үшінде актерлік шеберлігің мықты болу керек деп ойлаймын. Оның да өзінің арнайы оқытылатын сабағы бар. Со саланы игеретеін адамы бар. Негізі адам жан-жақты болған да жақсы деп жатады. Бірақ дәл осылай кино саласында өз бағымды сынап көремін деген ой болмапты. Қазірдің өзінде қысқаметірлі кионларға ұсыныстар түсті, шақыртулар болды. Продюсер рұқсат етпеді және өзім де баруды құнттамадым. Себебі, екі кеменің басын ұстаған суға кетеді дегендей, әуелі осы әншілік жолында шығармашылығымды шыңдап алайын. Бүгін –ертең болмағанымен, болашақта сондай ұсыныстар болса, бағымды сынап көремін. Оны да уақыт көрсете жатар.
— Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
— Бос уақытымды барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Тіптен бүгінгі күнде бос уақытым жоқтың қасы десе болады. Көбінесе қазіргі уақытта бос уақытымды ізденіске арнап жатырмын. Шығармашылығымды барынша шыңдаудамын. Халыққа бір тұщымды дүние берсем екен деген сұрақ мені жиі мазалайды. Қатты ойландырады. Кейде өзімнен-өзім жасап жатқан жұмысыма да қатты алаңдаймын. Бір жерден сүрініп кетпесем екен деп жүремін.
— Алдағы уақытта қандай жоспарыңыз бар?
Жоспармен бөліскенді жөн көрмеймін. Бірақ, тоқталып айта кетейін. Бір альбомдық әндерім дайын болып қалды. Репертуарды толықтырып алып, Қазақстанды ән сапармен аралауды жоспарлап отырмыз. Тіптен бір-екі облыс қала-аудандарымен қоса келісіп те күнін белгілеп қойдық. Оны алдағы уақытта әлеуметтік желілерде жариялайтын боламын. Ән сапарға ерте ме деп ойлағанбыз. Алайда, көпшілік сұрағандықтан продюсеріміз екеуміз осындай шешім қабылдадық. Бар жаңалығым осы.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Айзада Жайыққызы